Күлімдесіп, көрісіп, құшақтасып…

261
0
Бөлісу:

Қыстың сызы қалмай, жердің жүзі масатыдай құлпыратын шақ келді. Абайша айтсақ, жан-жануар мен адамзат анталасып, күннің өзі ата-анадай елжірейді. Түсі суық қыспен қош айтысып, мамыражай кезеңге қадам басылады. Ықылым заманнан қазақ көктемнің алғашқы айын, жылдың басы – Наурызды ерекше қастерлеген. Көшпенді халық астрономияны әу баста-ақ мықты меңгерген. Жаңа жылды да қазіргідей қаңтардан емес, наурыздан бастаған. Оның да нақты себептері бар. 14 наурыз күні ел-жұрт, ағайын-туыспен көріскен. Содан бастап 22-сіне дейін тоқтаусыз тойлатқан. Кей жерде «көрісу», енді бір жерде «Амал» атанған мереке һәм жоралғы жөнінде не білеміз? Оның қалың қазаққа қатысы қанша? Батыс аймақтың ойдан шығарғаны ма, жоқ әлде уақыт өте келе өзге өңірлер ұмытқан ба?

Осыдан бірнеше жыл бұ­рын Қазақстанның батыс бө­лігі ғана көрісетін. Ел-жұрт наурыздың 22-сін күтіп жүргенде, маңғыстаулық­тар 14-інде Отпандауда ұлан-асыр той жасайтын. Жыл өткен сайын бұл үрдіс республикаға кеңінен таралып келеді. Кө­рісу дегенге құлақ пен көз үй­реніп, тойлана бастады. Асы­лы, бұл жоралғы батыс жұр­тына ғана тән емес. Олай деу­ге бір себеп, Шәкәрім қа­жы­ның баласы Ахаттың есте­лі­гінде: «14 март – ескіше
1 март. Әкей айтты: «Бүгін ес­кі­ше 1 март, қазақша жаңа жыл, ұлыстың ұлы күні дейді. Ал жаңа жылдың бұрын­ғы
аты – Наурыз, бұл фарсы тілі. «Жаңа күн» деген сөз. Қожа-мол­далар ескі әдетті қалды­ра­мыз деп, құрбан, ораза айт­та­рын ұлыс күні дегізіп жіберген. Ескі қазақ­ша, ескі түрікше жаңа жыл күнінің аты – «ұлыс». Жаңа жыл басының ұлыс екеніне мынадай дәлел бар. «Ұлыс күні қазан толса, ол жылы ақ мол болар. Ұлы кісіден бата ал­са, сонда ол­жалы жол болар» – деген, тіпті ескі мақал» деп жазы­лады. Ха­кім Абай да өлеңінде көк­тем келісімен, ел-жұрттың қуа­­нып, қауышатынын кел­ті­ре­ді.

Қажымұқан Ғабдолланың «Кө­рісу күні керек пе?» мақала­сы­н­ан үзінді келтірейік. «Ай мен Үркердiң қиылысып өтуiн көшпе­лi қазақ жұрты ежелден бері «то­ғыс» деп атаған. Тоғысу дегеніміз – тоқайласу, үйлесу, түйiсу деген мағынаны білдіреді. Қазақтың танымал жазушысы Мұхтар Ма­ға­уиннің шығармасында: «Шу бо­йындағы төpт халықтың тоғы­сын­­да жеңiсiне жол ашқан» деген сөздер бар. Халық сенімінде тоғыс – наурыз айының 14-і мен 15-і күндерi келеді. Қазақтың ырымы бойынша, тоғыстың алдындағы қыста қойдың құмалағы қалың қарға батса, жақсылыққа жорып, ырыс­ты жылдан дәметкен. Елі­міз­дің батыс өңірі Маңғыстау, Аты­рау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан облы­с­тарында, көршілес Ресейдің Астрахан, Саратов, Орынбор, Қара­қалпақстанның қазақтар көп қоныстанған жерлерінде Наурыз мерекесі айдың 14-і күнінен бас­та­лып, «көрісу» (яғни, қауышу) сал­ты (кей жерлерде «амал мере­ке­сі» деп те аталады) басталады. Қазақтың танымал табиғат тамыр­шы­сы Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлы өзінің жан-жақты зерттеу еңбе­гін­де «сегіз күндік Наурызнама өтеті­нін» жазған екен (ескіше 1-8 нау­­рыз, қазіргі күнтізбеде 14-21 наурыз аралығы). Демек, ұлты­мыз­дың көктемді тануы қадым заман­нан шындыққа тым жақын. Амал мейрамында «амал кірді», «амал келді» деп қуанамыз. Шы­ғыс елдеріндегі күн (шәмси) күн­тіз­бесі бойынша, наурыздың бас­­талуы хамал (амал) айының 1 жұл­дызы есептеледі. Хамал (амал) дегеніміз – Тоқты шоқжұлдызы­ның ескі парсыша атауы. Яғни, күн мен түн теңеліп, амал кірген сәтте Тоқты шоқжұлдызы туады. Ертеде қазақ бұл күнді «Наурыз» демей, «Амал» деп атаған».

Серік ЕРҒАЛИ, этнограф:

Наурыздың Отаны – Арал мен Каспий арасы
Көрісу – Наурыз мерекесінің бет­ашары. Өзім Ақтөбе облы­сын­да, Жем бойында өскем. Бала кезі­мізде 14 наурызды тойлай­тын­быз. 22 наурыз күні мерекелеуге бертін келе, 1988-1989 жылдары ғана көштік. Әлі есімде, 14-іне нау­рыз көже асылып, қар еріп, көктем келгені білінетін. Ертемен тұрып, үлкен кісілерге сәлем беріп шығамыз. Күнде көріп жүрген адам болса да, арнайы ат басын бұ­рып, сол үйдің көжесін ішуге бара­мыз. Жалпы алғанда, көрісу де­ген мереке де, күн де жоқ. Ол – наурыздың басы. Қазіргі Григо­риан күнтізбесі бойынша, наурыз 14-нен басталады. Яғни, доңыз жылы осы күні кіреді. Көрісу деге­ні­ңіз – күн мен түннің теңелуі, үйле­сімінің жоралғысы. Алматы­ның солтүстік-батысында Аңыра­қай деген жота бар. Сол жердегі таң­балы таста наурыздың төлқұ­жа­ты салынған. Онда Іңір мен Тәңір деген екі киенің суреті тұр. Біреуі – күн дидарлы, екіншісі – ай сияқты. Осы екеуінің бір-біріне құшақтарын жайып, көрісуге келе жатқаны бейнеленген. Тарихи деректерде таңбалы тасқа кемінде 4-5 мың жыл болғаны айтылады. Меніңше, шумердің ар жағында, 5-10 мыңжылдық тарихы бар сияқты. Бұл күні нөлдік күй қа­лып­­тасады. Яғни, бәрі жай­ба­ра­қаттанып, жайсаңдана түседі. Көрісу күні неліктен нақты 14 нау­рыз дейміз? Өйткені халықтың дәстүрі бойынша, Наурыз осы күні болатын. Ол деген ескі Юлиан күнтізбесі бойынша 1 нау­рыз еді. Айдың алғашқы күнін­де Римнен бастап, Ресей империя­сын­да да күні кешегі 15-16 ғасырға дейін жаңа жыл күнтізбе бойынша 1 наурыздан бас­та­латын. Бұл күн­тіз­бені Шоқан Уәлиханов астро­но­миялық сурет түрінде салып, бірінші ай ретінде наурызды үш тілде көрсетіп кеткен. Арабша, латынша және орысша жазған. Демек, бүкіл дүниежүзі біздің күнтізбемен жүрген.
Берік Жүсіп есімді фольк­лор­тану­шы жігіт бар. Сол әлеуметтік желі­дегі парақшасына «біздің Арал маңында суырлар да көрі­се­тін» деп сурет жүктеп, салып қойып­ты. Яғни, табиғат пен жан-жануардың өзі көріседі бұл күні. Ал енді ресми күнтізбеде
22 нау­рыз деп ысырған соң, халық сол күн­ді күтіп отырмайын деп, бұ­рын­­ғы әдетінше 14-інде тойлай береді. Әсіресе, Ақтөбенің Байға­нин ауданы, онымен шектесетін Атырау, Маңғыстау облыстары әлі күнге ұстанып келеді. Неліктен батыста ғана сақталды? Өйткені қазақ мәң­гүрттеніп қалдық. Негізі, кө­рі­­су күллі қазақта болған. Шы­ғыс­та болғанын Абайдың «Жаз­ғы­тұ­ры» өлеңі дәлелдейді. Нақты айт­сақ, «Қырдағы ел ойдағы ел­мен араласып, күлімдесіп, көрісіп, құшақтасып» дейді. 70 жыл бо­дан­дық­та жүремін деп қазақ бәрін ұмытты. Қазір наурызды парсы­ның «нау» және «руз» сөздерінен шық­қан деп жүр. Олай емес. Өйт­ке­ні Наурыз – парсылар халық болып қалыптасқанға дейін пайда болған мереке. 5 мың жыл бұрын парсылар да, қазіргі Иран мемле­ке­ті де болмады. Арал мен Кас­пий­дің ортасында Жем өзені бар. Сол өзеннің атауы қайдан шық­қа­нын этно-лингвистер әлі күнге дейін білмейді. Мен Наурызды зерттеу арқылы бертін келе ғана таптым. Бұл өзен халық арасында – Жем, ресми картада Ембі деп аталады. Баяғыда Заратуштра де­ген атамыз болған. Ол Еділ-Жа­йық­­тың бойынан, Каспийдің оң­­түс­тік жағымен осы даланы тас­тап, қазіргі Иран жеріне кет­кен. Оның себебі – ол кісі тәңірлік танымнан дін шығарған. Сол үшін дала ақсақалдары ол кісіні алас­та­ған болса керек. Далалықтар күнге табынса, Заратуштра отқа табын­ған. Сөйтіп екі ортада қарсылық пай­да болып, біздің жерден кет­кен. Сол кісінің Авеста деген жаз­ба­сында Жәмшид патша туралы жазылады. Оны қазіргі кәсіптің атасы санайды. Халқы мамыражай күн кешкен соң, Жаратқан оған риза болып, аспаннан алтын тақ түсіріп, нұр жаудырған делінеді. Сол күні той болып, ол күн Наурыз деп аталған екен. Бүгінгі Наурыз содан пайда болған деп әфсана жаза­ды. Жәмшидтің атауы – Йима. Ол – Ембі. Демек, Нау­рыз­дың отаны – Арал мен Каспийдің орта­сы, Жем бойы.

Қалай десек те, жер-жаһанның жасарып, жаңаруы, шұғылалы көктемге аман жеткені – қуаныш. Ағайын-бауы­рмен амандасып, саулық сұрасқан да ғанибет. Мұндай ме­рей­лі мерекенің ғасырдан ға­сыр­ға ұмытылмай, жалғасқаны жөн. Сыры да, сыны да кетпеуі тиіс салт-дәстүрлеріміз аз емес. Соның бірі – көрісу. «Бір жасың­мен» деп көр­ші-қолаң, тума-туыспен аман­дасып шығыңыз. Аман-есен өріп, жаңа жылға жеттік. Шүкір десіп, ке­лер жылға жылы лебіз қоса ай­ты­­ңыз.

Жадыра АҚҚАЙЫР

Бөлісу: