ЕҢ ПАЙДАЛЫСЫ – АДАМ ДЕНСАУЛЫҒЫНА САЛҒАН ИНВЕСТИЦИЯ

383
0
Бөлісу:

Басың ауырып, балтырың сыздаса, көмекке келетін – ақ халатты абзал жандар. Еліміздегі медицина сала­сы­ның дамуы, дәрі­гер­лер дайындау жайы қалай? Біз осындай сауал­дар­мен «Қазақ меди­ци­на­лық үздіксіз білім беру университеті» АҚ басқарма төраға­сы-ректоры, меди­цина ғылым­дары­ның докторы, профессор Жұма­ғали Исмаиловты әңгімеге тартқан едік.  

– Жарты ғасырдан астам уа­қыт­тан бері дәрігерлердің білік­тілігін арт­тыруға үлес қосып келе жатқан іргелі университетке басшылық жасап келесіз. Дәрігер мамандығы үнемі ізденісте жүруді, заманауи мүм­кіндіктерден шет қалмауды та­лап етеді. Осы бағытта универ­си­тет ел медицинасының дамуына қан­ша­лықты үлес қосып келеді?
– Қазақ медициналық үздіксіз білім беру университеті 1963 жылы Кеңес үкіметінің қаулысымен құ­рыл­ған. Бұл тікелей Мәскеуге қа­ра­ған, бүкіл республикадағы ма­мандандырылған жалғыз инсти­тут болған. 1991 жылы Кеңес үкіметі тараған соң еліміздің Денсаулық сақтау министрлігі қарамағына өтті. Қазір акционерлік қоғам. Бұрын тек қана дәрігерлердің білі­мін жетілдіру ісімен айналыс­қан. Былтыр лицензияға қосымша мамандықтарды енгізіп, бакала­в­риат ашып, медицина сала­сын­дағы барлық деңгейді ұштастыра­тын толық бағдарламаға ендік. Оған қосымша интернатура, ре­зиден­тура, магистратура, докторан­ту­ра, жұмыс істеп жатқан дәрі­гер­лердің қосымша білімін жетілдіру ісімен айналысады.
Бүгінде университетте 2000-нан астам оқушы бар. Магистратура мен докторантурада 180 адам оқып жатыр. Өткен жылдың аяғында PhD ғылыми дәрежесін алуға Ме­ди­цина және қоғамдық ден­сау­лық сақ­тау мамандығы бойынша дис­сер­тациялық кеңес аштық.
Қазіргі таңда біздің универ­ситетте Қазақстанның түкпір-түкпірінен басқа Ресей, Ауғанстан, Үндістан, Пәкістан, Иордания, Өзбекстан азаматтары оқып жатыр.
– Бүгінде бұл университетке сту­дент­тердің назары неге ерекше ауып отыр?
– Жақында өткен қысқы сессия кезінде 300-ке жуық студент өзге университеттен ауысып келді. Оның үштен екісі – білім деңгейі жо­ғары, грантпен оқып жатқан сту­денттер. Біз «Студенттер неге біз­дің университетке ауысып жатыр?» деген сауалмен анкета жүргізіп көрдік. Солардың 86 пайызынан «Бұл университетте клиникалық тұрғыдан алғанда маман дайындау жоғары деңгейде» деген жауап алдық. Себебі, жарты ғасырдан астам уақыттан бері клиникалық кафедралар дәрігерлер дайындап, олар оқу бітіргеннен кейін бірден өздері дербес меди­ци­на­лық қызмет атқаруға дайын болу­ға жағдай жасап, соған бағытталған. Бүкіл кли­никалық оқу процесі сту­дент­терге ұнайды. Көңілінен шы­ғып, қа­нағаттан­ды­ра­ды. Жалпы әдіс­те­ме, оқу барысы клиникалық да­йын­­дыққа, оның кәсіби дең­ге­йіне бағытталған. Біз осыған ерекше көңіл бөлеміз. Сту­дент­тер көзімен көріп, қолымен жұ­мыс істеу керек. Сол себепті кли­ника­лық тұрғыдан алғанда олар­­дың практикасына ерек­ше на­зар аударылады. Қазіргі жастар – өте алғыр, креатив. Олар әдіс­те­мемізді түсінеді, сон­дық­тан осыған ерекше көңіл бөліп отыр.
– Барлық салада цифрландыру жүйесі енгізіле бастады. Жаңа жүйе жұмысты жеңілдетіп, мүмкіндікті арт­тырады. Бұл салада қандай жұмыс­­тар атқарып отырсыздар?
– Уақыт талабына сәйкес және Елбасының да саясаты бойынша еліміз цифрлы технологияға ерек­ше көңіл бөліп келеді. Біз уни­вер­ситетте халықаралық тәжірибеге ерекше назар аударып, оқу әдісін жеңіл­дететін қандай техноло­гиялар бар екенін, студенттердің оған қолжетімдігін арттыратын қандай мүмкіндік барын зерттеп отырамыз. Аз уақытта көп көлемде сапалы түрде керекті ақпаратты жеткізу үшін біз, әрине, цифрлы технологияларды енгізіп отырмыз. Университетте 8 ақпараттық жүйе цифр­лы түрде енгізілген. Біз бар­лық оқу процесін 100 пайызға цифр­лы технологияға көшіруге дайындық жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Бұл істі таяу мерзімде толық іске асыратын боламыз. Соңғы ақпараттық жүйе – элек­трон­ды тыңдау курсант, яғни оқу­шы дәрігерлерге бағытталған. Дербес, Қазақстанның түкпір-түкпірінде жұмыс істеп жатқан кез келген дәрігер біздің е-тыңдаушы порталға кіріп, қалаған ше­бер­лік сыныбын таңдап, егер дер­бес бағдарлама белгілі бір мер­зімге керек болса, соған сұра­ныс жүргізе алады. Цикл басталар алдында тест тапсырады. Сосын бүкіл оқу­лық, әдістемелер, толық ақпарат сол портал арқылы алынады. Өті­ніш жасап, төлемақы төлей алады. Қай топ, қай мамандық, қай мұға­лім, қай клиникалық база кере­гін толығымен ақпараттық жүйе ар­қылы жедел түрде таңдап, қа­жет­ті циклын, шеберлік сыныбын таңдап оқуына болады. Оқу про­це­сінде дәрігерлер заман талабына сәйкес бес жыл сайын катего­рия­сын анықтап тұра алады. Ол үшін белгіленген сағатты жинау керек.
Талапкерді жұмыстан қол үздір­мей, іссапарға бара­тын уақытын, қосымша жола­қы­сын үнемдеу үшін біз гибритті техно­логияларды да енгізіп ж­а­тыр­мыз. Теориялық тұрғыдан оған ақпаратты дистан­циялы цифрлы технологиялармен жұмыс істеп жатқан жеріне жеткізе аламыз. Осында, яғни клиникаға келіп, өзі үйренуі тиіс курстарды да алуға мүм­кіндігі бар. Бұрынғыдай ай­лап Алматыда жатпай-ақ, қол­мен ұстап, көзбен көріп, клиникада бір әдісті игеру үшін болмаса прак­ти­када қажетті көлемін осында өт­кі­зеді. Қалған уақытын, яғни тео­рия­ны дистанциялық түрде де бере ала­­мыз. Жұмыстан қол үзбейді, уа­қыты мен қаражатын да үнем­дейді.
Салаға, әсіресе, аймақтарға өте тиімді әдісті енгізіп жатырмыз. Мамандарымыздың білігі уни­вер­ситет деңгейінде, профес­сор, доцент болғаннан кейін ай­мақ­тардағы мамандарға практика жүзінде консультатив болсын, әртүрлі қиын жағдайдағы науқас­тар­ға көмектесіп тұрамыз. Облыс деңгейіндегі әріптестерімізге жо­ғары санатты білікті мамандар кеңесі қажет болған жағдайда бай­ла­нысқа шығып, әлемнің түкпір-түкпірінен ZOOM бағдарламасы арқылы кеңес бере алады. Кон­си­лиум­ға бір мезгілде бірнеше маман тарта аламыз. 51 кафедрамыз бар. Сон­дағы қажет мамандарды тар­туға болады. Дистанциялық түр­де маман­дардың біліктілігін арт­тырып, сертификат бере ала­мыз. Орта буын қызмет­кер­лердің де білімі жетілдіріледі.
– Қазіргі таңда елімізде дайын­да­лып жатқан медицина ма­ман­дары ха­лықаралық стандартқа сай ма?
– Халықаралық тәжірибеде қан­дай да бір емдеу әдісі немесе диаг­ностикалық әдісі оған көзқа­рас дәлелденген медицина прин­ци­піне сәйкес анықталады. Егер көптеген клиникаларда, көп санды ауруларда өзінің тиімділігін дәлел­де­ген болса, ол қолданысқа алы­на­ды. Сондай тәжірибе елі­мізде де енгізілген. Әр ауруға сәй­кес өз стандарты бар. Соны қан­­шалықты дәрігер игер­ген болса, соншалық қателік жаса­май­ды. Бұл – халықаралық тә­жіри­бе.
– Салыстырмалы түрде алғанда елде экономикалық жағдай жақ­са­рып келеді. Бұл әлеуметтік ахуалға, ха­лықтың денсаулық сапасына тіке­лей әсер етері сөзсіз. Осы мәселеге тереңірек тоқтала кетсеңіз.
– Денсаулық сақтау, білім сала­лары да – экономиканың бір бағыты. Экономика деңгейіне сәйкес олар да – сол жағдайда тіршілігін жасап, өзінің даму процесі қаншалықты тез не­месе баяу қарқынмен дамып жат­қа­ны жалпы экономиканың дең­ге­йіне келіп тіреледі. Ол адамдар­дың өмір сапасына тікелей әсер етеді. Сондықтан халықтың әл-ауқаты неғұрлым жақсы болған сайын оның білім сапасы да, денсаулық сақтау саласындағы медициналық көмектің қолжетімдігі мен сапа­сының деңгейі де соған келіп тірелетіні рас. Барлық дағдарыс немесе дамыған кезде өзге салалар да сондай қарқынмен дамып оты­ра­ды. Халықтың өмір сүру сапасын жақсартып, оның деңгейін көтеру үшін әрине сапалы білім, сапалы, қолжетімді медициналық қызмет болуы керек екенін түсінуіміз тиіс. Осы екі тұрғыдан алғанда, ме­нің ойымша, жалпы экономи­ка­ның дамуына бұл ерекше әсер береді. Мысалы, жалпы өлімнің көрсеткі­шін алайық. Мемлекеттік стратегия тұрғысынан алғанда негізгі көрсеткіш – жалпы өлімнің көрсеткіші, сосын орташа өмір сүру қабілетінің деңгейі. Мыса­лы, қазіргі Мемлекеттік ден­сау­лық бағдарламасын әзірлеген кезде оған тікелей қатысым болды. 2015 жылы Үкімет отыры­сын­да баяндама жасадым. Жалпы өлім­нің халықтың орташа көрсет­кі­шіне ең ерекше әсер беретін қан­дай себеп­тер, сонымен қатар орташа өмір сүру ұзақтығы қабі­ле­тіне қандай ерекше әсер беретін себептер тұр­ғы­сынан алғанда ең басты себептер – инфаркт, жара­қат­­тан қайтыс болу, сосын 1 жасқа дейінгі нәрес­те­лердің шетінеп кетуі, онколо­гия­лық аурулардың сал­дары. Осындай зерттеу бары­сында өте бір қызық ақпарат шық­ты. Егер әр бағыт бойынша өлім-жітім көрсет­кі­шін 10 пайызға төмендетсек, ол адамның орташа өміріне қанша уақыт қосымша алып келетінін есеп­теп шығардық. Сосын сақтал­ған өмір ұзақтығынан экономикаға қаншалықты көмек шығатынын да анықтадық. Өйт­ке­ні адамның өмір ұзақтығы көбей­ген сайын ол тіршілік жасайды. Салық төлейді. Жалпы ішкі өнімге қан­ша­лықты оң әсер беретінін де есепте­дік. Адамның ден­саулығына, өмір сүру ұзақты­ғына, біліміне қанша­лық­ты инвестиция жасасақ, ең көп пайда әкелетін осы адам капиталы екен. Басқа да халықа­ра­лық тәжі­ри­белерді зерттеу арқы­лы осындай қорытындыға келдік. Мысалы, өңірлерде жұмыс істеп жүріп бала мен ана өлімін азайтуда көп шара­лар­ды ұйымдастырып, халықа­ралық ұйымдармен жұмыс істеп, басқа да дамыған мемлекет­тердің мамандарын шақырып, осыны көп зер­делегенбіз. Сонда өткен ғасыр­дың басында ана мен бала өлімін азайту үшін Түркия мемлекетінің тәжірибесіндегі ең бірінші қадам – жас аналардың сауатын ашу. Олар 100 пайыз бас­тап­қы оқу алуға мін­дет­теме жаса­ған. Осындай іс-шара іске асырыл­ғаннан кейін олар жақ­сы нәтижеге қол жеткізді. Жас ана­­лардың неғұрлым сауаты жоға­ры болған сайын бала өлімі де, ана өлімі де азайған. Сондықтан қазіргі озық тех­нологиялардың көбі жал­пы­ ха­лық­­тың да сауатын ашып, осы озық технологияларды енгізу, мы­са­­лы, жас нәрестелердің бас­тап­қы сим­птомдарын білу, оны дұрыс та­мақ­тандыру, алты айға дейін тек қана омырау сүтімен қоректендеру, тағы сол сияқтылар. Егер алты ай омырау сүтімен қорек­тенсе, бала ауыр­мауы тиіс. Бұл технология өзін дәлел­де­ген. Біз осы мәселені дұрыс тү­сін­діру жұмыстарын жүргізуіміз ке­рек. Ол үшін дәрігерлеріміз, орта буын ма­мандарымыз сауатты болуы тиіс.
– Әңгіме арасында «Медицина саласында адамның өмір сүру жасын ұзарту, өлім-жітімді азайту мәсе­ле­сін зерттеп-зерделеуге экономика­лық тұрғыдан келдік» деп қалдыңыз. Сіз медициналық біліммен қоса эко­номикалық білім де алған екен­сіз. Мұның зерттеу жұмыс­та­рына да оң әсері тиген болар?
– Иә. Біз осы мәселені зерттеп, дәлелдеп шықтық. Негізгі капи­тал­ды адамның денсаулығына сал­сақ, одан қайтатын дивиденд мем­лекет үшін анағұрлым көп бола­ды. Осы мәселені Үкімет мүше­л­ерінің алдында дәлелдеуге тырыстым. Өлім-жітімді азайту, өмір сүру жасын ұзарту, медици­на­лық технологиялардың халықа­ра­лық деңгейде тиімділігін дәлел­де­ген әдістерді ұсындым. Осы әдістер қан­шалықты тиімді екенін эко­но­микалық тұрғыдан да көрсеттім. Кейіннен осы ұсыныс негізінде бағдарлама қабылданды.
Біздің кемшіліктеріміздің бірі – өте жақсы сараптамалар жаса­лып, сапалы түрде көптеген мемле­кет­тік, салалық бағдарла­малар жазылады. Бірақ ең үлкен проб­лема – оны сапалы түрде толық көлем­де іске асыру. Мыса­лы, Елба­сының дәстүрлі жолдау­ларын­да көптеген жақсы ұсыныстар айтылады. Соның негізінде қаншама бағдарлама қабылданып, оны іске асыруға қаншама қаражат бөлініп жатыр. Ендігі мәселе неде? Сол бағдар­ла­маның сапалы, толық көлемде іске асырылмауында. Бұл проблеманы «Бағдарламалар халыққа дейін жетпейді» деп Елбасы да көтеріп отыр. Осы жағдайға келген кезде менед­жер­лердің, ұйымдастырушы­лардың, іске асырушылардың қабілетінің деңгейі, олардың кәсіби деңгейінің жетіспеушілігі көрініп қалады. Шынын айтқанда көбі теориялық тұрғыдан алады. Ал ол өмірге бай­ла­ныстырылып, облыс, аудан не­месе елдімекеннің нақты жағ­дайы­на келтіріп, соны іске асыру – ең қиын проблема. Бұған қалай көзім жетіп отыр? Өйткені біраз салалық бағдар­ламалардың дайындалуына да, оның іске асырылуына да тікелей қатыстым. Мысалы, кардио­хирургия, кардиология бағдар­ламасы, қан қызметін дамыту, ана мен бала өлiмiн азайту, туберкулез бағдарламалары. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айт­қан­дай, сала, мекеме басшылары өз мой­нына жауапкершілік ала білу керек. Сонда ғана түйткілді мәсе­лелер біртіндеп шешіледі.
Облыстық денсаулық сақтау басқармалары, ғылыми орта­лық­тар болсын, жоғары білім беру орта­лықтары көбіне аймақтарда іске асырылып жатады, көзімнің жеткені – егер сен бағдарламаны дұрыс түсініп, оның құралдарын игеріп, оны қа­лай ұйымдастыру қажет екенін толық білсең, бағдарлама сол кезде толыққанды іске асырылады. Міне, біз осы жағына көбірек кө­ңіл аударуымыз тиіс. Сонда сала­дағы көптеген мәселелер оң ше­ші­мін табар еді.
– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан
Гүлнар ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ

Бөлісу: