Білім берудің жаңа көкжиегі

568
0
Бөлісу:

Ұлттық тәрбие мен білім беру – қатар жүретін егіз ұғым. Бүгінгі білім саласының ең негізгі мәселесі адам капиталын дамыту десек, сосынғысы интеллектуал ұлт қалыптастыру. Жасыратыны жоқ, біздегі білім жүйесінде шешілмеген мәселе баршылық. Оны шешу жолында Елбасы жаңа міндеттер жүктеп отыр. Алдағы уақытта әлеуметтік қамқорлықтың жаңа шаралары отандық білім беру саласын да кеңінен қамтитын болады. Мемлекет басшысы Nur Otan партиясының ХVІІІ съезінде Қазақстан дамудың жаңа кезеңіне аяқ басқанын атап өтті. Алдағы он жыл бұл мемлекетіміздің ең дамыған 30 елдің қатарына кіруіндегі шешуші кезең болмақ. 

Атап айтсақ, азаматтардың лайықты өмір сүру деңгейін көтеру мен Қазақстанның әлеу­мет­тік бағдарланған мемле­кет ретінде дамуы негізгі үш бағыт бойынша жүзеге асатын болады. Нақты мақсаттар мен жобалар белгіленген бұл жоспарда білім беру саласын дамыту ерекше маңызға ие.
Орта білім саласындағы ре­фор­маларды логикалық соңына жеткізу бағытында біріншіден, барлық білім беру деңгейлеріндегі жаңартылған мазмұн бойынша педагогтердің біліктілігін арттыру жұмыстары жалғастырылады. Үш жыл мерзімде мектеп, колледж және ЖОО-ның 244 мың педаго­гы курстармен қамтылмақ.
Білім беру мәселелеріне қа­тыс­ты алға қойылған міндеттерді орындау бойынша Білім және ғылым министрлігі іске кірісті. 2019-2021 жылдар аралығында жаңартылған мазмұн бойынша 144 мың мұғалім, 82 мың сынып жетекшілері мен психологтар, 15,5 мың колледж маманы мен 2,4 мың ЖОО оқытушысы қайта даяр­лау курстарынан өтетін бола­ды. Бүгінде тілдік курстардан өткен 11 423 жаратылыстану пән­де­рінің мұғалімдері 764 мек­теп­те сабақ беріп жүр.
«2020 жылдан бастап аталған курстарға қарастырылған қаржы жоғары оқу орындарында ағыл­шын тілінде сабақ беретін мұға­лімдер дайындауға жұмса­ла­тын болады. Бұл орайда ЖОО-лар түлектерінің жұмысқа орналасу деңгейі ескеріледі. Осы жылдан бастап мектептерге тіл меңгерген ЖОО түлектері келе бастайды» деді Білім және ғылым министрі Күләш Шәмшидинова.
Мұндай мүмкіндіктен соң, отандық білім беру мекемелерінің сапасы арта түсетіні сөзсіз. Жылдам өзгерістер заман талабы десек, жаңартылған жүйеде адам миссиясының, оның білімдік және кәсіби дайындығына жаңа талап қоюды қажет етеді. Зама­науи білім беру жүйесін рефор­ма­лау педагогикалық кадрларға жаңа талаптар қояды. Еркін де белсенді, қызметін жақсы білетін маман қай кезде де алға қойылған міндеттерді шеше алады. Бүгінгі таңда жоғары білікті, шығар­ма­шылық жұмыс жасайтын, әлеу­меттік белсенді, бәсекеге қабі­летті, заманауи әлемге бейім­делген тұлға тәрбиелеуге осындай педогогтарға қажеттілік артып отыр. Шынына келгенде, ізде­німпаз ұстаз, кәсібіне адал мұға­лім – еліміздің ертеңіне үле­сін қоса алатын бірден-бір маман. Бұл оның кәсіптік деңгейіне тіке­лей байланысты.
Екіншіден, жоғары сынып­тарда жаратылыстану-ғылыми цикл (биология, информатика, физика, химия) пәндерін ағыл­шын тілінде оқытуға көшу кадр­лардың және мектептердің дайын­дығын ескере отырып, кезең-кезеңімен жүзеге асыры­латын болады. Мұғалімдердің тіл­дік курстарына көзделген қар­жы 2020 жылдан бастап жо­ғары оқу орындарына бағытталатын болады. 2020 жылдан бастап мектептерге ағылшын тілінде даяр­ланған 1 000-ға жуық ЖОО бітірушілері келетін болады.
«Жұртшылықпен және жұмыс берушілермен ынтымақтаса отырып, университеттер мен колледждер тізімі анықталып, олардың білім бағдарламалары экономиканың талаптарына сай өзектендіріледі. Сондай-ақ кол­ледждердің оқытушылары мен өндірістік оқыту шебер­ле­рі­нің біліктілігін арттыру қарас­ты­ры­лады. Оқу процесіне шетелдік мамандар тартылады», — деп мәлім­деді К.Шәмшидинова.
Қазіргі заманғы зерттеулерді талдап отырсақ, табысты педаго­ги­калық қызмет үшін маман кәсіби дайындық, педагогикалық құзыреттілік, өзіндік кәсіби сана, педа­гогикалық қызметке дайын­дық, педагогикалық қарым-қаты­нас, өзін-өзі кәсіби дамыту, білік­тілікті арттыруға ұмтылу секілді кәсіби дағдыларға ие болуы шарт. Осы талаптарды орын­дауға ынта­сыз педагог қыз­ме­тінің толық­қанды маманы бола алмайды. Кәсіби даму үрдісінде педагог қызметінде жетістікке жетіп, оның жұмысы тиімді болып, кәсіби деңгейі арта түседі. Осы мін­деттерді табысты шешу қажет­тілігі педагогтардың кәсі­би­лік деңгейін арттыру, әр педагогтің өз күші мен қабілетіне сенімділігін арттыратын жетістікке жету мүмкіндігі болатындай жағдай жасау мәселесін өзекті ете түседі. Мұндай жағдайларды қамтамасыз ету жолдарының бірі – мектептегі білім беру ортасын өзгерту мен дамыта алатын педагогикалық біліктілікті арттырудың жаңа жолдары мен формаларын іздеу екені сөзсіз.
Үшіншіден, демографиялық өсу және урбандалу процесін ескере отырып, мектептердің же­лі­сін кеңейту жұмыстары жал­ғас­тырылатын болады. 2020 жылдан бастап мектеп құрылы­сын және күрделі жөндеуден өткізуді қар­жы­ландырудың жаңа әдістемесі енгізіледі. Жаңа әдісте­меге сәй­кес қаржыландыру көле­мі оқу­шы­лар контингентіне байла­нысты анықталады. Мектеп құры­лысының орнын анықтау жергілікті атқарушы органдардың құзыретінде болады. Бұл ретте құрылыс орны туралы шешім өңірдің ішкі қажеттіліктерін ескере отырып, қабылданады. Барлық деңгейдегі білім беру бағдарламалары заман талабына сай өзектендіріліп отырады.
Бұдан өзге, 20 ілгері жоғары оқу орны мен 180 заманауи кол­ледж анықталады. Бұл үшін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен бірлесіп 100 ба­сым мамандық пен білім беру ұйым­дарын анықтаудың негізгі критерийлері белгіленеді.
Төртіншіден, 20 жоғары оқу орны мен 180 колледждің мате­риал­­дық техникалық базасын жаңғырту жұмыстары жасалады. Бұл үшін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен бірлесіп 100 басым мамандық анықталады және олардың негі­зінде ЖОО мен колледждерді жа­рақ­тандыру үшін қажетті жаб­дық­тар тізбесі белгіленеді. Сон­дай-ақ бағдарлама шеңберін­де колледж оқытушылары мен өнді­ріс­тік оқыту шеберлерінің білік­тілігін арттыру көзделген. Оқу процесіне шетелдік мамандар тартылады.
Бұның барлығы білім беру жүйе­сін жетілдіру, дамыту бағы­тын­дағы игі істер екені даусыз. Ел дамуына ықпал ететін іргелі ре­фор­маларды жүзеге асыруға педа­гог­тар өлшеусіз үлес қоса бермек.

Гүлжан РАХМАН

 

Бөлісу: