Азаматтық қоғамды қалай қаржыландырамыз?

141
0
Бөлісу:

«Азаматтық қоғам қалыптастыру керек» деген үндеуді сіз де естіген шығарсыз. Өзін «демократиялық құндылықтарға үздіксіз ұмтылатын мемлекет» деп сипаттайтын елдерде мұндай ұран сөздер жиі айтылады. Конституциялық заңнамасына «демократиялы мемлекет» мәртебесін қосқан әлемдегі 167 елдің қатарында Қазақстан да бар. Ал қағаз бетіндегі осы демократияның іс жүзіндегі халық билігіне ауысуы азаматтық қоғамның дамуымен өлшенеді.
Азаматтық қоғамды құраушы институттар туралы сөз болған­да, ең әуелі ойымызға үкіметтік емес ұйымдар оралады. Қоғам­дық мәселеге назар аударып, оны шешуге талпыныс білді­ре­тін әртүрлі бағыттағы азаматтар бірлестігі тәуелсіздік жылдары көптеп құрылды. Бұл туралы был­тыр өткен Азаматтық фо­рум­­да Президент Н.Назарбаев та айтты.
– 2003 жылы Қазақстанда 5 мың үкіметтік емес ұйым болса, 2018 жылы олардың саны 22 мыңға жетіп, төрт еседен артық­қа өскен. Мемлекеттік әлеу­­мет­тік тапсырысты қаржы­лан­­­дыру көлемі 65 есе артып, қа­зір 20 миллиард теңгеден асып отыр. Нәтижесінде, бүгінде үкіметтік емес ұйымдар қызметі қоғамдық маңызы бар барлық саланы қам­ти­ды, – деген Мемле­кет бас­шы­сы Үкіметке цифр­лан­ды­ру үде­рі­сі аясында «Үкіметтік емес ұйым­дарды тексерудің бірыңғай электронды реестрін» жасауды тапсырды.
Қазақстанда үкіметтік емес ұйымдарды қаржыландырудың бірнеше тетігі қалыптасқан. Мемлекеттік әлеуметтік тапсы­рыс­тың қатарына 2016 жылы гранттар, 2017 жылы сыйақы қосыл­ды. Азаматтық бастама­лар­ды қолдау орталығының қызметкері Шырын Тленшиева грант пен мемлекеттік әлеу­мет­тік тапсырыстың ара-жігін ажы­ра­тып, азаматтық секторды қар­­жыландырудың жаңа түрі неге енгізілгенін түсіндіріп бер­ді.
– Әлеуметтік мемлекеттік тапсырыс кезінде жарияланған лотта үкіметтік емес ұйымға жүк­те­летін міндет пен орында­луы керек тапсырмалар түгел жазылады. Мысалы, 6 айдың ішінде 20 дөңгелек үстел, 5 семи­нар-тренинг өткізу қажет делініп, жобалардың негізгі бағыты, форматы мен мазмұны алдын ала бекітіледі. Ал грантқа өтінім тапсырған үкіметтік емес ұйым ұсынылған тақырып аясын­да мәселеге қандай шешім ұсы­натынын, нендей бағдар­ла­маны басшылыққа алатынын өзі анықтайды. Конкурстық комис­сия ұйымның осы саладағы тәжі­рибесі, топтың кәсіби білік­тілігі және олар ұсынған жоба­ның сапасына қарап баға береді. Грант үлестіру кезінде бюд­жет әу бастан нақты белгі­лен­се, мем­ле­кеттік әлеуметтік тапсырыста ұсынылған сомадан аз ақшаға орындауға келісетін ұйымдар жеңіп кетеді. Бұл 15 млн теңге деп бағаланған тапсырысты 5 млн теңгеге аяқтауға келіс­кен­дер­дің жолы болады деген сөз. Гранттың тағы бір ерекшелігі – жобаға берілген қаржының 10 пайызы ұйымның материалдық-техникалық базасын жаңартуға жұмсалуымен байланысты. Демек, 10 млн теңгелік грант же­ңіп алған азаматтық сектор өкілі 1 млн теңгені өз ұйымының ары қарайғы дамуына жарата алады, – дейді сарапшы.
Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы мемлекеттік гранттарды үлестіру бойынша негізгі оператор саналады. Орта­лық өкілінің дерегінше, ұйым жаңадан құрылған 2016 жылы 11 грант, 2017 жылы 57 грант та­ға­йын­далған. Биылғы байқау­дың бірінші кезеңінде он бағыт бо­йын­­ша 53 грант үлестіріліп, олар­мен келісімшарт жасау қол­ға алынған. Екінші кезеңде 7 б­а­ғыт бойынша 71 грант бері­лед­і.
Қазақстан Республикасының мемле­кетік әлеуметтік тапсы­рыс, үкіметтік емес ұйымдарға арналған мемлекеттік гранттар және сыйлықақылар туралы заңына сәйкес, сыйақы жылына бір рет 15 бағыт бойынша та­ға­йын­­далады. Әр бағыт аясында қызметін бағалауға ұсынған үкі­мет­тік емес ұйымдардың өтіні­шін арнайы құрылған комиссия қарап, қаржы үкіметтік емес ұйымға қайтарымсыз негізде беріледі.
Шырын Тленшиеваның пікірінше, азаматтық сектор қызметіне араласатындарды екіге бөліп қарастыруға болады.
– Үкіметтік емес ұйым жұмы­сын жүргізетіндердің қата­рында салалық мәселені шешуге ұмтылатын, өз ісін жаны сүйетін адамдар да, азаматтық секторды уақытша табыс көзі деп қарас­ты­ратындар да кездеседі. Халық пен билік арасында диалог орнатып, әлеуметтік маңызы бар жобаларды қолға аламын деушілерге мүмкіндік мол. Жыл­дан-жылға мемлекеттің кей функцияларын азаматтық сек­тор­ға беру, қаржыландыру про­це­сін қадағалауды арттыру, қоғам­дық ашықтықты қамта­ма­сыз ету қалыптасып келеді. Мы­са­лы, бұрын мемлекеттік грант­тар тек республикалық дең­гейде берілсе, жуырда жер­гілікті бас­қару органдарын да осы про­цеске тарту туралы өзге­ріс енгі­зілді. Өңірлерде түсін­діру жұмыс­­тары жүргізілді. Келіс­сөз­дер нәтижелі аяқталса, жергі­лік­ті бюджеттерден өңір үшін ма­ңыз­ды бағыттар бойын­ша үкі­мет­тік емес ұйымдарға ар­нал­ған гранттар ұсынылуы мүмкін, – дейді ол.
2018 жылдың 27 қараша­сын­да өткен Азаматтық форумда сол кездегі Қоғамдық даму министрі Дархан Кәлетаев Қазақстанның азаматтық секторы елімізбен бір­ге дамып, түрленіп келе жат­қа­нын айтып: «Бүгінде қара­жаттың үштен бірі – әлеуметтік жобаларға, төртінші бөлігі – білім беру саласындағы мақсат­тар­ғ­а қол жеткізуге және жастар сая­сатын қолдауға, бесінші бө­лігі азаматтық қоғамның да­муына жәрдемдесуге, азамат­тардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға, қоғамдық келісімді нығайтуға бағыттала­ды. Тұтастай алғанда, үкіметтік емес ұйымдар секторы инсти­тут­­тық тұрғыда қалыптасты деу­ге болады. Ол ел дамуында айтарлықтай рөл атқарады», – деген байлам жасады.

Динара ТІЛЕУБЕК

Бөлісу: