Туриндегі тоқсан минут: Ойыннан кейін Роналду жайлы қызық деректер (фото, видео)

1284
0
Бөлісу:

Туриндік «Ювентус» Чемпиондар лигасы 1/8 финалының қарымта матчында мадридтік «Атлетиконы» 3:0 есебімен жеңіп турнирдің келесі кезеңіне шықты. Туриндіктер алғашқы кездесуде сырт алаңда 2:0 есебімен жеңілген еді. Бұл жолы үш голды да Криштиану Роналду соқты.

Осы үш голдың арқасында Роналду Чемпиондар лигасындағы хет-триктер саны бойынша Лионель Мессимен теңесті.

Осы күнге дейін екеуі де сегіз хет-триктен жасаған. Әзірге оларға ілесе қоятын футболшы жоқ. Ең жақын дегенінің өзі үш хет-трикпен шектелген.

«Бұл кешті ерекше еткіміз келді және біз жасадық. Менің ғана голдарымның арқасында емес, бүкіл команданың ойыны арқасында осы биікке жеттік. Чемпиондар лигасында дәл осындай көңіл-күймен ойнау керек. Біз өз-өзімізбен мақтана аламыз.

Мен тек өз жұмысымды істедім. Ғажайып кеш үшін қуаныштымын. «Атлетикоға» қарсы ойнау әркез қиын. Бірақ біз мықты екенімізді дәлелдедік» дейді Роналду матчтан кейін. оның бұл сөзін УЕФА келтіреді.

Матч қаһарманы Роналду жеңістен соң «Атлетико» бас бапкері Диего Симеоненің қылығын қайталаған.

Дәл осындай әрекетті бірінші ойында Симеоне трибунадағы жанкүйерлерге қарата істеген еді. Осы үшін УЕФА-ның тәртіп коммитеті бас бапкерге 20 мың еуро айыппұл салған.

«Ювентус» бүгін мықты болды. Жеңіске еңбек сіңірді. Бізді қақпамыздың маңына байлап тастады. Қарсыласың осындай ойын жасаған кезде оны құттықтаудан басқа амалың қалмайды. Біз өте көп қателіктер жібердік. Мен бұл жерде ойыншыларды емес, өзімді меңзеп тұрмын. «Ювентус» допқа таласта да, тактика жағынан да алда болды. Роналдудың қылығы дейсіз бе? Ол жанкүйерлерді ойлады және «Ювентус» секілді ұлы клубтың рухын көтерді» депті «Атлетико» бас бапкері.

Гризманн да Роналдудың мықтылығын мойындайды.

«Біз өз футболымызды ойнай алмадық. Ойынға еш әсер ете алмағаным үшін өзімді де кінәлаймын. Роналду – ұлы ойыншы. Оның үш мүмкіндігі болды және үшеуінде де гол соқты» депті «Атлетико» шабуылшысы.

Матчты Роналдудың отбасы да тамашалады.

Футболшының жары Джорджина Родригес матчтан соң қуаныштан көз жасына ерік берген.

  • Роналдуға дейін ешбір футболшы ЧЛ-да әртүрлі командамен 3 голдан соқпаған.
  • ЧЛ 1/8 финалындағы Роналду статистикасы: 29 матч – 23 гол.
  • Бір ғана «Атлетико» қақпасына Роналду барлық турнирлерде 25 гол соғыпты. Жалпы, ЧЛ-дағы голдар саны жағынан да бір Роналдудың өзі бүкіл «Атлетико» командасынан жоғары: 124:118.
  • «Ювентус» бұрын-соңды бірінші кездесуде 2:0 есебімен жеңілгеннен кейін келесі кезеңге өтіп көрмеген.
  • Криштиану ЧЛ плей-офф кезеңінде 63 гол соққан. 2016/17 жылғы маусымнан бастап ол турнирдегі 41 голға үлес қосқан: 31 гол, 10 пас.

27 минутта Бернардерскидің әуелете шығарған пасына ұмтылған Роналду «Атлетико» қорғаушыларынан биік секірді. Португалиялық бомбардир ең биікке секіруден ешкімді шаңына ілестірмейді. Ол карьерасындағы 97 матчта баспен гол салыпты. Роналдудың 2016 жылғы Еуропа чемпионатында шөптен 76,2 сантиметр жоғары секіріп Уэльс қақпасына гол соққаны белгілі. Сонда ол 2 метр 61 сантиметр биіктікке дейін жетіп отыр. Яғни, оның басы қақпа бағанасынан 17 сантиметр биікке көтерілген.

Абай Қазбекұлы

Фото: Getty Images

Бөлісу: