Кенен Әзірбаевтың туғанына – 135 жыл

721
0
Бөлісу:

Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы мен «Жастар жылы» аясында өскелең ұрпаққа халқымыздың салт-дәстүрін, мәдениеті мен тарихын насихаттау мақсатында Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінде әйгілі халық ақыны, қазақтың әншілік-жыршылық өнерінің көрнекті өкілі, композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Кенен Әзірбаевтың туғанына 135 жыл толуына арналған «Алатаудың ақиығы» атты көрмесінің ашылу салтанаты өтті. Шара барысында Музейдің үлкен конференц-залында ұлы тұлғаның өмір жолы мен шығармашылығына арналған деректі фильмнің көрсетілімі ұйымдастырылды.

Кенен Әзірбаев Жамбыл облысы Қордай ауданының Мәтібұлақ елді мекенінде дүниеге келген. Ғасырға жуық ғұмыр кешкен атамыз өзі өмір сүрген замандағы халық тағдырына түбегейлі өзгеріс енгізген әйгілі тарихи оқиғалардың, халқымыздың еңірегенде етегі жасқа толған қасіретке толы нәубет-зұлматтардың бел ортасында болды. Соларға етене араласып, өзінің азаматтық позициясын бойындағы буырқанған дарыны арқылы айғақтап отырды.

– Қос ғасырдың куәсі, халқымыздың басына төнген зұлматтарға шығармашылықпен үн қосқан, еліміздің мәдени қоржынына мол мұра салған Кенен атамызға биыл 135 жыл толды. Бүгінгі шарамызға Қордай аудандық К.Әзірбаев атындағы әдеби-мемориалдық музей құнды жәдігерлер әкеліп сіздердің назарларыңызға ұсынып отыр. Бұл – бүгінгі ұрпақ үшін баға жетпес құнды дүниелер. Қазақ халқы, Тәуелсіз Қазақстанымыз тұрғанда Кенен Әзірбаевтың есімі өшпейді. Шығармалары халқына, ұлтына, егемен еліне қызмет жасай беретін болады, – деді ҚР Ұлттық музейі директорының орынбасары Абай Сатубалдин.

1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліске белсене қатысқан Кенен Әзірбаев «Бұлбұлға» деген әнінде: «Қаңғыртқан екеумізді патша құрғыр» деп сол кездегі патшалық саясаттың қарапайым халыққа көрсеткен қатігездігін дөп басып айтады. 30-шы жылдардағы қазақ халқының басына қасірет болып келген ашаршылықты да көзбен көрген. Күндей күркіреген Ұлы Отан соғысының алғашқы күндерінде-ақ Алатаудың ақиық қыранындай саңқылдап, «Біздің Отан жеңеді!» деп жар салды.

– 2009 жылы атамыздың 125 жылдығы Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың қолдауымен кең көлемде ұйымдастырылған болатын. Биылғы мерейтойына «Алатаудың ақиығы» деген деректі фильм дайындалды. Соны мен қатар Қордайдағы Кенен Әзірбевтың атындағы музейден біраз құнды жәдігерлер әкелдік. Өзінің қолына ұстаған домбырасын, иығына іліп жүрген шапанын, күміс белдігін, бірнеше фотосуреттерді осы көрмеден тамашалай аласыздар, – деді Кенен Әзірбаевтың баласы Бақытжан Кененұлы.

Кенен Әзірбаев – бейбіт өмір мен жасампаз еңбекті жырлаған көптеген толғау, поэмалардың авторы. Шығармаларының негізгі өзегі: тұтас халықтың өмірі мен пенде ретіндегі әрбір жеке адамның арман-үміті. Ол – тыңдаушысының құлақ құрышын қандырған әнші, таңды-таңға ұрып эпикалық жыр-дастандарды жырлап, халықтың рухани ұйтқысы болған талант иесі. Кенен ақынның 100-ден астам әндері, өлең-жырлары, дастандары ұлт қазынасына қосылды.

«Айқын» ақпарат
Фото: Советбек Мағзұмов

Бөлісу: