БАУЫРЛАСТЫҚ БАЙЛАНЫС

79
0
Бөлісу:

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев жұмыс сапарымен Біріккен Араб Әмірліктеріне барды. Елбасы Әбу-Дабидің тақ мұрагері, Біріккен Араб Әмірліктерінің Қарулы Күштері Жоғарғы бас қолбасшысының орынбасары шейх Мұхаммед ибн Заид әл-Наһаянмен кездесті.

Қазақстан Президенті дәстүрлі қонақжайлық көрсеткені үшін тақ мұрагеріне ризашылық білдіріп, Дүниежүзілік арнайы Олимпиада ойындары таяу Шығыс елдерінің ішінде Біріккен Араб Әмірлік­терінде алғаш рет өтіп отырғанына тоқталды.
– Бұл маңызды спорт шарасы мүмкіндігі шектеулі спортшыларға өздерінің мықты рухы мен жеңіске деген ерік-жігерін танытуға жол аша­ды. Жарысқа Қазақстан ко­мандасы да қатысады. Елдеріңіздің басшылығы Қазақстан өткізетін халықаралық іс-шаралардың бәріне үнемі қатысып келеді. Сондықтан, сіздерге достық қолдау көрсету мақсатымен осы ойын­дардың салтанатты ашылу рә­сіміне қатысуға келдім, – деді Мемлекет басшысы.
Нұрсұлтан Назарбаев өткен жыл екі ел арасындағы өзара тиімді ын­тымақтастықты нығайту үшін жемісті болғанын атап өтті.
– Біздің жиі кездесулеріміз бен бауырластыққа және сенімге не­гіз­делген тығыз қарым-қаты­нас­тарымыз барлық салаларды жан-жақты да­мытуға тың серпін бе­руде. Былтыр біз өзара сапар жа­сап, маңызды уағ­даластыққа қол жет­кіздік. Солардың іске асырылу ба­рысы толық көңілден шығады, – деді Қазақстан Президенті.
Мұхаммед ибн Заид әл-Наһаян Біріккен Араб Әмірліктеріне ша­қыруын қабыл алғаны үшін Нұрсұлтан Назарбаевқа алғыс айтып, конфес­сия­аралық келісім мен әлемде диалог орнату ісіндегі Қазақстанның рөліне ерекше тоқталды.
– Биыл біз еліміздің негізін қа­ла­ған тұлғаның 100 жылдығын сал­та­натты түрде атап өттік. Сіз шейх Заидті 25 жылдан астам уақыттан бері білесіз. Ол Сізді өте құрметтейтін және әлемдік дең­гейдегі басшы ре­тінде танитын. Біз сіздерді үлгі тұтып, 2019 жыл­ды – Толеранттылық жылы деп жарияладық. Соның аясында Әмір­ліктер көпұлтты, мәде­ниет­аралық және дінаралық орталыққа айналуды көздейді. Осыған бай­ланысты биылғы ақпан айында Рим папасы Фран­цисктің Бірік­кен Араб Әмірліктеріне тарихи сапары болды, – деді шейх Мұхаммед ибн Заид әл-Наһаян.
Кездесу барысында тараптар халықаралық күн тәртібіндегі өзекті проблемаларды, туризм, цифр­лан­дыру, ғарыш, көлік, ло­гистика және ауыл шаруашылығы салаларындағы ық­палдастықты талқылады. Сондай-ақ өзара эко­номикалық ынтымақ­тастықты жандандыру, инвестиция тарту және Қазақстан тауарларын Біріккен Араб Әмірліктерінің на­ры­ғы­на шығару мақсатымен Үкімет­ара­лық комиссияның және Іскерлік кеңес­тің әлеуетін арттыру мәселелері қаралды.
Бұдан ары Қазақстан Пре­зиденті шейх Заид мешітіне барды. Мемлекет басшысы Біріккен Араб Әмірлік­терінің Әбу-Даби қаласындағы көрікті жерлерінің бірі – шейх Заид мешітін аралап көріп, осы елдің не­гізін қалаушы әрі тұңғыш президенті шейх Заид ибн Сұлтан әл-Наһаянның рухына тағзым етті. Сондай-ақ Нұрсұлтан Назарбаев мешіт ғима­ратының архитектуралық ерекше­лігімен танысып, Құрметті қонақтар кітабына қолтаңба қалдырды.
Мешітке бір уақытта 50 мың адам сыяды. Ғибадат орнының бұрыш­тарына биіктігі 107 метр болатын төрт мұнара орнатылған. Бас ғимараттың сыртқы қабатын ақ мәрмәрмен көм­керілген 82 күмбез жауып тұр. Мешіт­тің ішкі аумағы – 17 400 шаршы метр.

Бөлісу: