МӘНІ – ЗОР, ТАҒЫЛЫМЫ – МОЛ

89
0
Бөлісу:

Наурыз мерекесінің бес мың жылдық тарихы бар. «Наурыз» деген бізге парсы тілінен енген сөз. «Жаңа күн» деген мағынаға ие. Кезінде Наурыз мерекесін ислам дініне қатысты деген желеумен айкәпір атан­дырды. Біріккен Ұлттар ұйымының Бас Ассамблея­сы Наурыз мерекесін ха­лықаралық мейрам ретінде  мойындап, күллі  адамзат баласының мәдени мұрасы ретінде бағалады. Наурыз мейрамы тәуелсіз еліміздің зор ықыласпен тойланатын нағыз халықтық сипаттағы салтанатына айналды.

Наурыз мерекесі еліміз тәуел­сіздік алған жылы-ақ «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» заңына сәйкес, мемле­кеттік мереке болып бекітілді. Мерекенің мәні – тұрмыс-тір­шілік деңгейіне тікелей байла­ныс­ты. Көңіл жайлы болса, мей­рам­ның сәні келеді. Осы уақытқа дейін әлеуметтік салада қорда­лан­ған түйткілді мәселелер талай адам­ды абыржытты. Жаңару, ын­ты­­мақтастық пен жылулықтың ме­рекесі атанған Наурыз мереке­сін еліміздің батыс аймағы Амал – Көрісу күні ретінде атап өтеді. Көктеммен бірге көңілдің сызын кетіру деген де бір ғажап құбылыс. Ренжіскен ағайын табысып, бар­лық жамандық атаулы ұмыты­латын, ел-жұрт болып жақсы­лыққа қарай бет бұратын күннің шапағаты мол.
Мемлекет басшысы Қа­зақстан халқына Жолдауында еліміздің өркендеу тетіктерін атап көрсетіп, индустриялық бағ­дарлама, коммуналдық тұрғын үй салу мәселелерін тиімді шешу жол­дарын қарастырып, Үкіметке қызметкерлер мен зейнеткер­лер­дің табыстары мен жалақыларын өсіру туралы нақты тапсырма бер­ді. Көпбалалы аналарға әлеу­меттік қолдау жасауды ұсынды.
Бұрын Ұлыстың ұлы күні қыс­тан аман шыққан көшпелі елдің ат шаптырып, аударыспақ ойнап, жамбы атып, балуан күрестіріп, ұлан-асыр той жасап қарсы алатын тойы еді. Ел тәуел­сіздігімен бірге Наурызды той­лау­дың өзіндік дәстүрі қалып­тасты. Жыл сайын мерекенің мәнін арттыру үшін тың ұсыныс­тар жасалып та жатыр.
Мәдениет және спорт ми­нистрі Арыстанбек Мұхамедиұлы «Жаңа жылда Аязатаның, Рождествода Санта-Клаустың сәбилерге сыйлық беруі, отбасы мүшелерінің бір-біріне тарту-таралғы жасауы сияқты дәстүрдің берік орнығуы бұл мерекелерді халыққа барынша жақындатқаны мәлім. Жаңа жылдан әрбір бала тосын жаңалықтар күтеді. Нау­рызда да балалардың есінде қалатындай мереке сыйлағаны­мыз жөн. Демек, Наурызды той­лау арқылы біз бар жақсы­лы­ғымызды, шарапатымызды бүл­діршіндерге арнауымыз керек. Қазіргі заманға лайықтап, шо­коладпен көмкеріп, көрнекі қап­тамасын жасап, көз тартар қо­рап­қа салып, ұлттық тағам ая­сында әзірленетін жент, талқан, балқай­мақ, кілегей, құрт, сүзбе, уыз, ірім­шік және тағы басқала­рын әдемі де шақты етіп әзірлеу про­­цесін жолға қоятын мезгіл жет­ті» деп жақсы бір ұсыныс жаса­ды.
Түркістан облысында 15 нау­рыз – «Тағзым күні», 16 наурыз – «Тазару күні», 17 наурыз – «Көктем шуағы күні», 18 нау­рыз – «Көктем өрнектері күні»,
19 наурыз – «Балалар күні», 20 нау­­рыз – «Бірлік күні», 21 нау­рыз – «Наурыз» мерекесі күні деп бел­гіленіпті. Жамбыл облысы да Наурызды тоғыз күн бойы то­лайым тойлау шараларын бас­тады. Осының бәрі береке мен бірлік нышаны.

Нұртөре ЖҮСІП

Бөлісу: