Бағдарламаны жетілдіруге мән берілді

233
0
Бөлісу:

Мәжіліс депутаты Қуаныш Сұлтановтың төрағалығымен Nur Otan партиясының орталық аппаратында Елбасының «Әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру» бірінші әлеуметтік бастамасының «7–20–25» бағдарламасын іске асыру барысы туралы» партиялық бақылау комитетінің отырысы өтті.

Кездесуге партиялық бақылау комитетінің мүшелері, «Баспана» ипотекалық ұйымы акционерлік қоғамы, жергілікті атқарушы органдар басшылығы, Партияның орталық аппарат және аймақтық филиал қызметкерлері мен бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері қатысты.
Бейнебайланыс арқылы өткен отырысты кіріспе сөзімен ашқан Қуаныш Сұлтанов қазақстандықтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесінің және «7–20–25» бағдарлама­сының маңызына тоқталды. Ол сондай-ақ партияда бұған қатысты барлық мүм­кіндіктер мен жағдайлар жасалғанын, партия мүшелері осы бағытта жұмыс атқару қажет екенін
айтты.
Жиында Президенттің Бірінші әлеуметтік бастама – «Әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру» жұмысын іске асыру барысы туралы Мәжiлiс депутаты Балайым Кесебаева, «Баспана» ипотекалық ұйымы» АҚ басқарма төрағасының орын­басары Дархан Байқуатов баяндама жасады.
– Халықты қолжетімді тұрғын үймен қам­тамасыз ету – мемлекетіміздің басты мәсе­лелерінің бірі. Елбасының Бірінші әлеуметтік бастамасының оған сәйкес жүр­гізіліп жатқан «7–20–15» тұрғын үй бағдар­ламасы баспана сатып алуға және азаматтардың әл-ауқатын жақсартуға мүмкіндік беретін мемлекеттік қолдаудың айқын үлгісі. Осы бағдарламаның іске асырылуын бақылау бойынша жұмыс тобы тұрақты түрде мониторинг жүргізіп отырады. Өңірлерге барған кезде де депутаттар Nur Otan пар­тиясының өкілдерімен бірлесіп осы бағдарлама бойынша салынып жатқан құрылыс ны­сандарын аралап, тұрғын үй жағдайларымен танысты, – деді Б.Кесебаева.
Мәжіліс депутаты сонымен қатар «Қолжетімді тұрғын үй» тұжырымдамасына қайшы келетін бірнеше қиындықтарды көрсете отырып, төмен тарифтерді де атап өтті.
«Баспана» ипотекалық ұйымы» АҚ бас­қарма төрағасының орынбасары Дархан Байқуатов баяндама барысында бүгінгі таңда «7–20–25» бағдарламасы бойынша 117 млрд теңге сомасындағы 10 321 өтінім қабыл­данғанын айтты.
Талқылау кезінде Nur Otan партиясының Партиялық бақылау комитеті «Баспана» ипотекалық ұйымы» АҚ және партия фи­лиалдары жанынан құрылған Бес әлеуметтік бастаманың орындалуын бақылайтын ай­мақ­тық қоғамдық кеңес жұмыстарының ақпарат-насихат жұмыстарын жүргізу барысының жет­кіліксіз екеніне көңіл аударды. Сондай-ақ мем­лекеттік бағдарламаны іске асыру тетік­те­рін жетілдіру бойынша барлық өтініштер Ұлт­тық банкте жинақталып, зерттелетіні айтылды.
Комитет отырысында орталық және жергілікті атқарушы органдарға сондай-ақ партияның құрылымдық бөлімшелеріне жұмысты одан ары жетілдіру жөнінде нақты ұсыныстар берілді.

Абылайхан ЖҰМАШ

Бөлісу: