Қолдау орталықтары құрылады

90
0
Бөлісу:

Қасым-Жомарт Тоқаев­тың төрағалығымен өткен жалпы отырыста Сенат қолданыстағы заңнамаға бала құқықтары туралы түзетулер енгізетін жаңа заң жобасын бірден екі оқылымда қарап, құптады.

«Кейбір заңнамалық актілерге баланың құқықтарын қорғау жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын ұйымдардың қыз­ме­тімен байланысты мәселелер бойынша өзгерістер мен толық­ты­рулар енгізу туралы» заң жо­басында кәмелетке толмағандарға жыныстық сипатта жасалған қыл­мыстар үшін Қылмыстық ко­декстің бірқатар баптарына өгей әкесі мен өгей шешесін қылмыс субъектісі ретінде енгізу көзделеді.
Бұдан бөлек, кәмелетке тол­мағандарды тәрбиелеу бойынша міндеттерін орындамағаны үшін жауаптылықты белгілейтін ереже енгізілгендіктен, баланы қада­ғалау міндеттері жүктелген ата-ананың, заңды өкілдің, педагог­тің тиісті міндеттерін дәлелсіз себептермен орындамағаны үшін қылмыстық жауаптылық алып тасталды. Сондай-ақ өмірлік қиын жағдайға душар болған балаларды қолдау орталықтарын құру және оның жұмыс істеуі жөніндегі ережелер заңнамалық негізде бекітілді. Осы орталықтар балалар құқығын қорғау функ­цияларын жүзеге асыратын ұйымдар тізбесіне енгізілмек.
Мұның сыртында Жоғарғы палата «Кейбір заңнамалық акті­лерге бизнес-ортаны дамыту және сауда қызметін реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толық­тырулар енгізу туралы» заң жо­басын да екі оқылымда қарады. Құжат салық салу нормаларын нақтылауға, кедендік әкімші­лен­діруді оңайлатуға, электронды және биржалық сауданы реттеуге, электронды саудадағы тұтыну­шылардың құқықтарын қорғауды күшейтуге, сыртқы сауда қызметі саласындағы ұлттық заңнаманы үндестіруге, жер қатынастарын және тұрғын үй құрылысына үлестік қатысуды регламенттеуге бағытталған.
Осы орайда заң жобасында шағын және орта бизнес субъек­тілері үшін корпоративтік табыс және жеке табыс салықтарының мөлшерлемесін 100 пайызға төмендету, өндірілген пайдалы қазбалардың көлемін өлшеу бірліктерін нақтылай отырып, кең таралған пайдалы қазбалардың шөгінді жыныстары үшін пайдалы қазбаларды өндіруге арналған салықтың мөлшерлемесін төмен­дету, АЭА-лар аумағында тауар­ларды өткізу кезінде нөлдік қо­сымша құн салығы мөлшерлемесін қолдану, ойын бизнесіне салық төлеушілер үшін қосымша құн салығы бойынша рұқсат етілген есепке жазу мөлшерін 70%-дан 85%-ға дейін өзгерту қарасты­рылған.
Сенат Қазақстан мен Өзбек­стан үкіметтері арасындағы Энер­гетика саласындағы ынтымақ­тастықтың кейбір мәселелері ту­ра­лы негіздемелік келісімді ратификациялады. Онда мысалға өзбектердің Қазақстаннан шикі мұнайды жылына 2 миллион тон­наға дейінгі көлемде алуға мүдделі екені белгіленген. Ол үшін Өзбекстан өз аумағында мұнай өңдеу инфрақұрылымын салмақ. Бұл құжат Елбасының қол қо­юына жолданады.
Сенаторлар жиында Мей­рамбек Таймерденовті Жоғарғы соттың судьясы етіп сайлады.

Айхан ШӘРІП

Бөлісу: