Досың болса Катардан, қалдырмайды қатардан

94
0
Бөлісу:

Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин Катар мемлекетінің Қазақстан­дағы Төтенше және өкілетті елшісі Ахмед ибн Әли әл- Тәмимиді қабылдады. Қос тараптың алғашқы кезде­суінде елдер арасындағы ынтымақтас­тықты одан ары өрістетудің маңызды мәселелері талқыланды.

Н.Нығматулин Катар – Қа­зақ­станның Таяу Шығыстағы маңызды серіктесі екенін алға тарта келе, әріптестікті одан ары белсенді түрде тереңдету қажет­іне тоқталды. Екі ел ара­сында дип­ломатиялық қарым-қатынас орнаған 26 жыл ішінде Қазақстан мен Қатар көп ба­ғытты серік­тестікті нығайтуда жоғары табыстарға қол жеткізді.
Мәжіліс спикері Тәуел­сіз­діктің алғашқы жылдарында және мемлекетіміздің елордасы Астананы салу кезеңінде Қазақ­станға Катар елі көрсеткен қол­дауды жоғары бағалады. Қазақ-катар ынтымақтастығын ке­ңей­тудің және ары қарай терең­де­тудің маңызын атап өткен Нұр­лан Зайроллаұлы екі елдің өзара қа­рым-қатынас­та­рының да­муына Елбасы Нұр­сұлтан Назарбаевтың және Катар әмірлерінің өзара ресми сапар­лары ерекше серпін бергеніне екпін түсірді.
Н.Нығматулин қос мем­ле­кеттің стратегиялық мақсатының да ұқсастығына назар аудартты. Мәселен, Қазақстан­ның жүзеге асырып жатқан 2050 жылға дейінгі даму бағ­дар­ламасында еліміздің әлемдегі ең дамыған 30 ел қатарына қосылу жоспары айқындалған, ал Ка­тардың The Qatar National Vision 2030 даму бағдарламасы әлеу­меттік, гу­манитарлық және эко­номикалық бағытта өсуге және қоршаған ортаны қорғауға бағытталған.
Мәжіліс төрағасының пікі­рінше, екі елдің сауда-эконо­микалық әлеуеті өте зор. Осы орайда ол катарлық кәсіпкер­лерді Қазақстандағы қаржылық сектор, ауыл шаруашылығы, көлік-логис­тикалық және ту­ристік инфақұ­рылымдар бо­йынша инвести­циялық жоба­ларға қатысуға шақырды.
Кездесуде парламентаралық байланыстарды нығайтуға мән берілді. Мәжіліс спикері депу­тат­тардың ынтымақтастық бо­йынша топтарының және бейін­ді комитеттердің өзара кезде­сулері заңнамалық жұмыс тәжі­рибесін жан-жақты алмасуға септесетінін білдірді.
Нұрлан Нығматулиннің па­йымдауынша, «Үлкен Еуразия: Диалог. Сенім. Әріптестік» та­қы­рыбында өтетін Еуразия елдері парламенттері спикерлерінің
IV жиынына Катардың кон­суль­тативтік кеңесі басшылығының қатысуы елдеріміздің пар­ла­менттері арасындағы диалогтың дамуына ықпал етер еді. Бұл форум Елбасы Нұрсұлтан На­зарбаевтың еуразиялық идея­сына 25 жыл толуына орай Астанада биылғы қыркүйекте өтеді деп жоспарлануда.
Өз кезегінде Ахмед ибн Әли әл-Тамими мырза Қазақстан мен Катардың, сондай-ақ екі ел бас­шыларының арасындағы қаты­насқа жоғары баға берді. Елшінің айтуынша, Катар әмірі және елі Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа және оның баста­маларына үлкен құрметпен қа­рай­ды. Бұл ретте дипломат Ка­тардың барлық салада Қазақ­стан­ға жан-жақты қолдау көр­се­туге дайын екенін мәлімдеді.

Айхан ШӘРІП

Бөлісу: