АВТОРЛЫҚ ҚҰҚЫҚ САЛАСЫ ҰЖЫМДАСТЫРЫЛАДЫ

86
0
Бөлісу:

Мәжіліс спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен өткен жалпы отырыста палата депутаттары Елбасының Nur Otan партиясының XVIII съезінде айқындаған міндеттерді жүзеге асыруға бағытталған заң жобаларын жұмысқа қабылдап алды. Бұл қатарда еліміздің үш жылдық басты қаржылық құжатына қатысты үкіметтік түзетулер жобасы бар.

Атап айтқанда, Мәжіліс «2019-2021 жылдарға арналған респуб­ликалық бюд­жет туралы» заңына өзгерістер мен толық­тырулар енгізу туралы» және «Ұлттық қор­дан 2019-2021 жыл­дарға арналған ке­піл­дендірілген трансферт туралы» заңына өзгеріс енгізу туралы» заң жобалары бо­йынша Қаржы және бюджет комитетіне қорытынды әзірлеуді тапсырды.
Бұл ретте Мемлекет басшы­сының Nur Otan съезінде берген тапсырмаларын орындау мақса­тында мемлекеттік атаулы әлеу­меттік көмек туралы, балалары бар отбасыларға мемлекеттік жәрдемақылар туралы, сондай-ақ халықтың әлеуметтік осал топ­тарын мемлекеттік қолдау ша­раларын кеңейту үшін міндетті әлеуметтік медициналық сақтан­дыру туралы заңда­рына түзетулер енгізілуде.
Жиында қалаулылар «Автор­лық және сабақтас құқықтарды ұжымдық негізде басқару тәртібі туралы келісімді» рати­фика­ция­лайтын заң жобасын мақұлдап, Сенатқа жолдады.
Еуразиялық экономикалық одақ аясында авторлардың құ­қықтарын бас­қаруды заңнамалық қолдаудың маңыз­ын атап өткен Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығ­матулин авторлық және са­бақтас құқықтар саласы да, заң­намаға енгізіліп жатқан өзгерістер де үйлесе келе, нарықта қалып­тас­қан проблемалардың негізгі бө­лігін күн тәртібінен алып тас­тау­ға мүмкіндік беретініне назар аудартты. Оның байламынша, қаралған құжат зият­керлік мен­шік объектілерін интел­лек­туал­дық тұрғыдан да, экономикалық тұрғыдан да табысты пайдалану, сондай-ақ құқық иелерінің құ­қықтарын заңға қайшы әрекет­терден қорғау үшін заңнамалық негіз қалайды.
– Бұл заң жобасы Еуразиялық одақ кеңістігінде авторлық құ­қықтарды басқару тәртібін нақты келісімнен өткізеді. Бәріміз жақ­сы түсінеміз, зияткерлік меншік құ­­қықтары, соның ішінде музы­ка­лық және басқа салалар­дағы авторлық құқық тек бір ел­дің, мы­салы, жалғыз Қазақстан­ның аума­­ғында ғана тұйықтала ал­майды. Сон­дықтан бүкіл еура­зиялық кеңістікте автор­лық құ­қық­тардың сақталуын, соның ішін­де авторлық сыйақылардың төленуін ба­қылаудың қамтамасыз етілуі, осы құ­қық­тарды ұжымдық басқару жөніндегі бар­лық ұйым­дардың жұмысының ашық­ты­­ғын арттыру өте маңызды. Бұл құжат со­ған жәрдемдеседі, – деді палата төрағасы.
Жалпы алғанда, келісім ав­торлар, орын­даушылар, өндіру­шілер, фонограм­маларды жасау­шылар және басқа да авторлық және сабақтас құқықтар иеле­рінің өз құқықтарын өз беттерінше практикалық жүзеге асыруы қи­ындатылған жағдайларда, немесе одаққа қатысушы мемлекеттердің бірінің заңнамасы құқық иесінің келісімінсіз, бірақ оған сыйақы төлей отырып, құқық объектісін пайдала­нуға рұқсат ететін болса, ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер аумағында авторлық және са­бақтас құқықтарды ұжымдық негізде басқару тәртібін бекітеді.
Авторлық және сабақтас құқықтарды ұжымдық басқару құқық иеленушілер құ­қық­та­рының іске асырылуы мен қорға­луын қамтамасыз ететін жүйе саналады. Келісім авторлық және сабақтас құқықтар объектілерін жаппай пайдалану көлемі арт­қан кезде мүліктік құқықтарды инди­ви­дуалды тәртіппен іске асыруды жеңілдетеді.
Бұдан бөлек, осы отырыста Мәжіліс депутаттары Еуразиялық одақ пен Иран Ислам Респуб­ликасы арасындағы еркін сауда аймағын құруға жол ашатын уақытша келісімді күшіне ен­гі­зетін заң жобасын да құптап, Жоғарғы палатаға жіберді. Ке­лісім Каспий бойынша көршіміз Иран мен ЕАЭО арасында өзара сауда кезінде импорттық кедендік баж салықтарын төмендетуді және преференциялы сауда режимін орнатуды қарастырады. Бірақ бұл жеңілдіктер тауарлардың шектеулі номен­клатурасына қатысты ғана қолданады.
Қалаулылар «Арнайы эко­номикалық және индустриялық аймақтар туралы» және «Кейбір заңнамалық актілерге арнайы экономикалық және индус­трия­лық аймақтар, инвестицияларды тарту, экс­портты дамыту және ілгерілету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобаларын екінші оқылымда мақұлдап, Сенатқа ұзатты. Оларда мәселен, Қазақстан мен Қытай орта­сындағы шаһарға айналып келе жатқан «Қорғас» шекаралық ынты­мақ­тас­тықтың халықаралық орталығы» АЭА-сының жұмыс істеу ерекшеліктері заңнамалық деңгейде бекітіледі.
Жалпы отырыс соңында парламент­шілер мемлекеттік органдар басшыла­ры­ның атына бірқатар депутаттық сауалын жолдады.

Айхан ШӘРІП

Бөлісу: