БАЛАНЫ БАУЫРЫҢА БАСУ – САУАПТЫ ІС

99
0
Бөлісу:

Қоғамда қалыптасқан қасаң ұғым мен қағидалар көп-ақ. Бірақ соларды бұзуға талпына бермейміз. Себебі, ол үлкен ерік-жігерді талап етеді. Ол үшін тәуекелдің кемесіне міну керек. Сондай ұғымдардың бірі – балалар үйіне қатысты. «Балалар үйі» дегенді естісек болды, ондағы балғындарға аянышты көзқарас­пен ғана қараймыз. Ондай ортада өскен баланың келешегіне қатысты да дүдәмал ойлардың ішімізде қалып қоятыны жасырын емес. Осындай сте­реотипті бұзып-жарып еңбек етіп жүрген ұйым­ның бірі – 2013 жылы құрылған «Ана үйі» қоғамдық қоры. Nur Otan партиясының 20 жылдығына орай қолға алынған «Нұр-Медиа» холдингінің «Қайырымды жандар» жобасын тәмамдайтын да дәл осы қор болмақ.

Бала асырап алуға да көптің тәуекелі жете бермейтінін тү­сі­нуге болады. Себебі, бөтен ба­ла­ны қамқорлыққа алып, тәрбие­леп, азамат ету – оңай шаруа емес. Оған үлкен жауапкершілік керек. «Ана үйі» қоры осы мәсе­лені қолға алған. Олар ата-ана­ларды психологиялық тұрғыдан дайындау үшін 2016 жылы «Бала асырап алуды қолдау орталығын» да құрған. Осы орталық жұмы­сы­ның нәтижесінде асырап алынған 1202 бала мектепке барып, 997 бала отбасыларға берілген. Жо­баның мақсаты – бала асырап алғысы келетін отбасыларға кә­сіби қолдау көрсетіп, қоғамда асырап алу мәдениетін дамыту. Сондай-ақ ата-ана қамқор­лы­ғынсыз қалған және жетім бала­ларды отбасыларға беру.
Тәуекелге бел буып төрт бір­дей баланы асырап алған отба­сылардың бірі – Сәкеновтер жанұясы. Қазір Марат пен Жаңыл өз балаларын қосқанда 10 бала тәрбиелеп отыр.
– Біз таңдаған баланың үш қарындасы бар болып шықты. Қарындастарының қасында болғанын қалайды екен. Әйелім осы балаларды алайық деді. Барып көрдік. Таныстық. Бастап­қыда бір бала ғана аламыз деп ойлағанымызбен, қарындастары бар екенін білген соң, бауыр­ла­рынан ажыратқымыз келмеді, – дейді отағасы Марат Сәкенов.
Жаңылдың айтуынша, бала асырап алуда алғашқыда кедер­гілерге тап болғанымен кейін сәті түскен.
– 2013 жылы бала асырап алғымыз келген. Алайда ол кезде біздің алты баламыз болғандық­тан, рұқсат етпеді. 2016 жылы жетінші баламыз болды. Былтыр интернет арқылы балалар үйінің жабылып жатқанын, сол жерден бала асырап алуға болатыны туралы оқыдым. Тағы да талап­танып Көкшетауға барып мән-жайды білдік. Тиісті ақпарат алып, семинардан өттік. Үлкені Эдуард 17 жаста. Қазір колледжде азық-түлік өнеркәсібі мамандығы бойынша оқиды. Одан кейінгі Наташа – 14 жаста. Біздің Әйге­рім де 14-те. Екеуі бірге 8-сыныпта оқиды. Одан кейін өзіміздің ұлымыз Ерназар 7-сыныпта оқиды. Ал Светлана 6-сыныпта. Одан кейін Айзере және Альбина. Екеуі де 3 сыныпта оқиды. Ерәлі даярлық сыныбына барып жүр. Ал Айлин 3-жаста, – дейді анала­ры Жаңыл Сәкенова.
Эдуард сурет салғанды жақсы көреді. Шығармашылыққа жаны жақын. Үй шаруасына да кө­мектесіп, ата-анасына қолғабыс еткенді қалайды. Сәкен мен Жаңыл да Эдуардқа және оның қарындастарына қолдау көрсе­тіп, әкелік, аналық мейірімдерін төгеді. «Әр демалыс сайын үйге қарай асығамын. Ата-анама кө­мектесемін. Демалыс күндері далада ойнаймыз. Қыды­рамыз. Қарындастарымның әркез жа­нымда болғанын қалаймын. Оған бізді бауырына басқан ата-анамыз да келісті», – дейді Эдуард Ша­раев. Оның қарындасы На­талья да бастапқыда аздап қобал­жы­ғанын жасырмады.
2016-2017 жылдары 502 от­басы бала асырап алғысы келетін мектептердің сабағына қа­тысқан. Нәтижесінде, 328 от­басы 465 баланы асырап алыпты. «Бала асырап алуды қолдау орталығы» ата-аналарға кеңес беріп, оларды әлеуметтік, пси­хо­логиялық тұр­ғыдан дайындайтын қыз­меткерлердің кәсібилігін же­тілдіруге де баса мән береді. Осы мақсат аясында 737 қызметкер білімін арттырған. Интернаттық мекемелердегі 5904 бала үшін арнайы фотосессия жасалды. Сондай-ақ 1165 бала диагноздары бойынша ем қабылдап, олардың алтауын отбасылар асырап алған. Орталық өз жұмысын Астана қа­лалық білім басқармасы, елор­дадағы балалар үйлері және Білім және ғылым министрлігінің Ба­лалар құқығын қорғау коми­те­тімен бірлесе іске асырып келеді.
– Қазір Қазақстан бойынша 300-ге жуық қызметкеріміз бар. Олар – оқыған әлеуметтік жұмыс­шылар. Әр тоқсан сайын білім­дерін жетілдіріп тұрады. Сосын жыл сайын аттестациядан өтеді. Олар балалар құқығын қорғау заңнамасын жақсы білуі керек. Барлық облыс орталығында өз кеңсемізді аштық. Ол жерге білікті мамандар шақырдық. Мамандар ата-аналарға кеңес береді. Сондай-ақ 1422 нөмі­ріндегі жедел желі жұмыс істейді. Осы тақырып толғандырған кез келген азамат елдің кез келген нүктесінен қоңырау шала алады. Дәл мұндай бағыт бұрын біздің елде болған емес. Азаматтық фо­румда бала асырап алу бойынша ұлттық агенттік құру жайлы бас­тама көтердік, – дейді «Ана үйі» қорының директоры Балия Кен­жеболатова.
Психолог Сергей Комаров 2017 жылдан бастап орталықтың Көкшетау қалалық филиалында жұмыс істей бастаған. Оның сө­зінше, батыс елдерінде кез келген адамға баланы асыра деп бере салмайды. Оның өзіндік талап­тары, шарттары, өту кезеңдері бар. Біз де сол жүйеге жақындап келеміз.
– Бұл – Көкшетауда ашылған алғашқы филиал. Бала асырап алғысы келетін адамдарға көмек­тесеміз. Онда ата-аналарға арнап жекелеген кеңес беру сағаттарын және 14 түрлі сабақ ұйымдас­тырамыз. Ата-ана баланы жәй асырап қана қоймай, оны да­мытуы керек. Яғни, баланың бола­шағына жол ашып, білікті азамат етіп тәрбиелеу міндеті тұр. Шет мемлекеттерде егер осындай мектептердің сабақтарына қа­тысып, қажетті ақпарат алмасаң саған ешкім бала бермейді. Фран­цияда бала асырап алғысы келетін ата-аналар мектебінің мерзімі – жарты жыл. Онда жақсылап дайындап, емтихан тапсыртқ­ы­зады. АҚШ-та да солай, – дейді Сергей Коморов.
Ал «Ана үйі» қорының Ақмола облысы бойынша үйлестірушісі Құралай Жұмабекова өзі де өзгелерге үлгі болып бес бірдей баланы бауырына басқан.
– Үш жыл ішінде 300-ден астам адамға кеңес бердік. 100-ден астам баланы әртүрлі отба­сылар асырап алды. Өзімнің отбасыма да бала асырап алдым. Бес балам бар еді, тағы бесеуін алдық. Балалардың отбасы қам­қор­лығында өсуіне мүмкіндік бар. Сонда олар білім алады, қамқорлық көреді, тәрбие алады. Жақсы азамат болып өседі. Қазір біз бала құқығын қорғаумен ай­налысамыз. Олардың құқығы ешқашан тапталмауы керек. Бала ешқашан ересек болып көрген емес қой. Ал ересектер бала болып көрген. Сондықтан ересек адамға баланың жанын түсіну қиынға соқпайды. Сол себепті, балаларға барынша мейірім, жылулық беріп, ертеңгі күні олардың тәртіпті, саналы азамат болып қалыптасуына үлес қосқанымыз – үлкен парыз, – дейді Құралай Жұмабекова.
«Ана үйі» қоғамдық қоры бұл бағыттағы жұмысты ары қарай үлкен қарқынмен жалғастырмақ. Жоспар көп. Міндет аса ауқымды. Расында, баланың ешкімге жау­таңдамай, жалтақтамай өскені – тіршіліктегі ең бір маңызды дүние болса керек. Әр бала бақытты ғұмыр кешуге, ата-ана мейірімін сезінуге лайықты. Күндерден күн өтіп елдегі барлық балалар үйі жабылып жатса еліміз үшін үлкен көрсеткіш болар еді. Қоғамдық қордың көздегені де сол. Жаңыл Сәкенова «біз оларды үйге әкеле жатқан кезде-ақ «сіздерді «мама», «папа» деп атасақ бола ма деп сұрады» дейді. Шынында, көңіл тебірентерлік жағдай.
– Мұны Эдуард айтты. Әрине, бұл бізді қуантады. Біз тұратын Зеренді өлкесінің табиғаты өте әдемі. Демалыс күндері табиғат аясына шығып, жиі серуендейміз. Жазда киіз үй құрып тастадық. Балалар алаңсыз көлге шомылып, демалып, рахаттанып қалды. Өзгелер таңғалады – өздеріңнің де балаларың бар еді ғой, жанұяға сіңісіп кете алды ма деп. Шүкір, тіл табысып кетті. Ешқандай қиындық туған емес. Тумай-ақ та қойсын, – дейді Жаңыл Сәкенова.
Шындап келгенде балаға еш­қандай байлық та, ақша да керек емес. Оларға мейірім керек. Көлік ішінде келе жатып ержетіп қалған Эдуардтың солай деуі – туғаннан бері мейірімге зәру бо­лып келе жатқанының айқын кө­рінісі іспетті… Мейірім сыйлайық!

«Ана үйі» қоры туралы «Жанұя» телевизиялық деректі фильмін
16 наурыз күні сағат 20.45-те «Ас­тана» телеарнасынан көріңіздер.

Абай АЙМАҒАМБЕТ

Бөлісу: