АҚ ЖАЙЫҚ АТЫРАБЫНДА

597
0
Бөлісу:

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жаңа сипаттағы әлеуметтік қамқорлық бастамаларын жүзеге асырудың жай-жапсарын Жайық жұртына жете түсіндіру ниетімен Батыс Қазақстан облысына келген үкіметтік делегация қалың бұқарамен жүздесті. Осы бағыттағы алғашқы кездесу сәрсенбіде Батыс Қазақстан облыстық мәслихатының ғимаратында өтті. Премьер-министрдің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова бастаған әлеуметтік салаға жауапты министрлердің, атап айтсақ, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаевтың, Білім және ғылым министрі Күләш Шәмшидинованың, Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы Мархабат Жайымбетовтің, Nur Otan партиясының хатшысы Қаныбек Жұмашевтің әлеуметтің талап-тілегіне келгенінен хабардар болған 300-ге жуық оралдық жиналысқа қатысты.

– Астанадан арнайы Үкімет мүшелерінің Орал өңіріне келуі Елбасының жаңа әлеуметтік талаптарының сапалы әрі тиянақты жүргізілуіне септігін тигізеді деген зор сенімдеміз. Тұрмысы төмен отбасыларға арналған жәрдемақының 1 сәуірден бастап беріле бас­тайтыны облыс тұрғындары көңілінен шығып отыр. Об­лыста 6 912 табыс-кірісі аз көпбалалы отбасы бар. Осы отбасыларда 28 253 бала тәр­биеленуде. Мемлекет тара­пы­нан көрсетілетін атаулы әлеу­меттік көмектің жаңа тұж­ы­рымдамасына сәйкес былтыр 16 мыңға жуық азамат қолдау алған болса, биыл 25 мыңға же­теді деген болжамымыз
бар, – дей келе облыс әкімі Алтай Көлгінов алғашқы сөз кезегін Премьер-министрдің орынбасары Гүлшара Әбді­қалықоваға ұсынды.
– Бұл сапардағы біздің негізгі мұрат-мақсатымыз – өңірлерді аралап, әлеуметтік қамқорлық аясындағы соңғы өзгерістерді халыққа түсіндіру. Сонымен қатар азаматтарды әлеуметтік мәселелері бо­йынша қабылдап, туындаған мәселелерді жергілікті әкім­дермен бірлесе отырып шешу. Әлеуметтік қамқорлық ба­ғытындағы өзгерістерді үш топқа бөліп айтар болсам, біріншіден, аз қамтылған от­басыларға көмек беру мен ең аз жалақы алатын қызмет­керлерді қолдау. Екіншіден, баспана мә­селесін шешу және білім бе­ру мен денсаулық сақтау сала­ла­рындағы қызмет көрсету са­па­сын арттыру. Үшінші бағыт – өңірлерді дамытуға қатысты іс-шаралар кешенін қамтиды, – деді Гүлшара Наушақызы.
Еңбек және халықты әлеу­меттік қорғау министрі Бер­дібек Сапарбаевтың баян­да­масы барша жиынға қатысу­шыларға, әсіресе, алдыңғы қа­­тар­ларға жайғасқан көп­ба­лалы аналарға мол мағлұмат берді.
– Осы жылдың бірінші шілдесінен бастап ең төменгі жалақы алатын қызметкер­лердің жалақысы орта есеппен 15 пайыздан 30 пайызға дейін өседі. Ең кем дегенде 1 мил­ли­оннан астам қазақстандықтың жалақысы артады. Негізінен, білім, денсаулық, мәдениет, спорт және әлеуметтік сала қызметкерлері қамтылады. Аудан-ауылдар мен облыс ор­талықтарында халықпен тіке­лей жұмыс істейтін қыз­мет­керлердің де жалақысы кө­бе­йеді. Біздің болжамымыз бо­йынша, ең кем дегенде 75 мың адам қамтылады.
Келесі мәселе – көпбалалы аз қамтылған отбасыларға кө­мек көрсету. Әр балаға беріле­тін 20 789 теңге әлеуметтік жәр­демақымен 830 мыңға жуық қа­зақстандық қамта­ма­сыз ­еті­ле­ді. Соның ішінде 24 480 адам – батысқазақ­стан­дықтар. Жаңаша тәсілмен та­ғайындалатын атаулы әлеу­мет­тік көмек отбасыларды қар­жылай қолдаумен қатар, аза­маттардың жаңадан мамандық алуына, әлеуметтік жұмысқа орналасуына, жастарды жұ­мыс­пен қамтуға септігін тигі­зеді. Бұған дейін АӘК мөлшері 4 834 теңге болса, 1 сәуірден бас­тап 20 789 теңгеге дейін ар­тады, – деген Бердібек Мәш­бекұлы көпбалалы жалғызбасты ананы мысалға келтіре отырып, тағайындалатын жәрдемақы мөлшерін есептеп берді. Осы­ған дейін төрт баласын жалғыз тәрбиелеп отырған жұмыссыз анаға 63 240 теңге жәрдемақы төленген болса, өзгерістерге сәйкес 103 945 теңгені құрай­тын болады. Бала күтіміне ар­налған жәрдемақының өсі­мі­мен айына 114 449 теңге жәр­демақы тағайындалады.
– «Білім саласында көпте­ген өзгерістер болып жатыр, сол өзгерістерді жүйелі нәти­жеге жеткізу керек» деп Елбасы айтқандай, білім саласында атқарылатын жұмыс көп, – деп бастады сөзін Білім және ғылым министрі Күләш Шәм­шидинова. – Алдымыздағы үш жыл ішінде елімізде 190 мектеп салынады. Ең бірінші апатты жағдайда тұрған және үш ауы­сымды мектептердің ғима­рат­тары жаңартылады. Әр бала­ның сапалы білім алуы мен өмірінің қауіпсіздігін басты назарда ұста­уымыз керек. Қазір Батыс Қа­зақстан облысында үш мек­теп­тің құрылысы жүріп жатыр, – деген Күләш Шәм­шидинова Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министр­лігімен бірлесіп, ел экономи­ка­сына аса қажет 100 мамандық нақтыланғанын, ал жергілікті әкімдіктермен, жұмыс беруші­лермен және қоғамдық ұйым­дармен бірге өңірлердегі үздік колледждерді анықтау және дамыту қолға алынғанын жеткізді.
Жиында сөз алған Денсау­лық сақтау министрі Елжан Біртанов медициналық қызмет сапасын арттыру, дәрігерлердің тапшылығы мәселелеріне тоқ­талып, бұл бағытта атқа­ры­латын іс-шаралар туралы кеңінен әңгімелеп берді.
– Елбасы тапсырмасына орай, елімізде үш жыл ішінде 595 емхана мен амбулатория салынады. 90 пайызы ауылдық жерлерде бой көтереді. Мақ­сатымыз – үш жылдың ішінде барлық ауыл тұрғындарын алғашқы медициналық кө­мекпен қамтамасыз ету, әр ауыл тұрғыны өз дәрігері мен ме­йірбикесіне емделе алатындай жағдай туғызу. Сіздің облыста үш жылда 22 медициналық мекеме ашу жоспарланып отыр, – деді Елжан Біртанов.
Nur Otan партиясының хатшысы Қаныбек Жұмашев болса, «Құтты мекен», «Ауыл – ел бесігі», «Бақытты отбасы» және «Халыққа көмек» Бірың­ғай әлеуметтік терезе» пар­тиялық жобаларының мақсат-міндеттеріне тоқталды.
Бұдан соң Үкіметтің жұмыс тобының мүшелері тұрғын­дардың өтініш-тілектері мен ұсыныс-пікірлеріне құлақ түрді. Бас-аяғы жиырмадан астам азаматтың, олардың басым бөлігі көпбалалы аналар мәселесі тыңдалды. Микрофон арқылы талап-тілектерін айт­қандардың дені атаулы әлеу­меттік көмек, баспанамен қам­ту, әлеуметтік жәрдемақы та­ғайындау және қайтарымсыз грант алу сияқты мәселелерді көтерді. Бірқатарына лезде жауап қайтарылса, кейбір тұр­ғындармен министрлер жеке-жеке тілдесті.
Ал келесі күні Орал қала­сындағы «Смарт Орал» халыққа қызмет көрсету орталығының жұмысымен танысудан бас­таған вице-премьер Гүлшара Әбдіқалықова мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев орталық қызметіне жүгінуші жұртшылықтың өтініш-пі­кірлеріне де құлақ асты.
Бұдан соң үкіметтік жұмыс тобының мүшелері Орал қа­ласындағы жұмыспен қамту орталығы мен зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орта­лықтың бөлімшесінде болды.
Премьер-министрдің орын­басары Гүлшара Әбдіқа­лықоваға облыс әкімінің орын­басары Бибігүл Қонысбаева жұмыспен қамту орталығы ту­ралы баяндаса, БҚО ақпарат­тандыру, мемлекеттік көрсе­тілетін қызмет және архивтер басқармасының басшысы Сә­кен Нұртазиев Telegram-боттың жұмысымен таныстырды.
Кешкісін Оралдағы транс­фарматор шығаруға маман­данған кәсіпорында болған Премьер-министрдің орын­басары Г.Әбдіқалықова мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев өнімдерінің басым көршілігі экспортқа жөнел­тілетін зауыт ұжымына риза­шылығын білдірді.
Бұдан кейін үкіметтік делегацияның мүшелері облыс орталығындағы бірқатар ны­санда болды және көпбалалы жанұялардың тұрмыс-тірші­лігімен танысты. Сонымен қатар үкіметтік делегация облыстың Бәйтерек, Бөрлі және Теректі аудандарында болып, білім беру және ден­саулық сақтау мекемелерінің жұмысымен танысып әрі жер­гілікті жұрттың күнделікті өмі­рін өз көзімен көріп, аудан-ауыл халқының да талап-тіле­гіне құлақ түрді.

Бауыржан ҒҰБАЙДУЛЛИН,
Динара ӘЛПЕЙІСОВА,
Батыс Қазақстан облысы

Бөлісу: