Ел өркендеу жолында, мәселе – қарқында

160
0
Бөлісу:

Nur Otan партиясының жақында болып өткен XVIII съезі ел өміріндегі елеулі оқиғаға айналды. Елбасымыз, партия Төрағасы
Н.Назарбаевтың съездегі баяндамасы, онда қозғалған мәселелер, алға қойылған міндеттер, әлеуметтің әл-ауқатын арттыруға бағытталған, бұрын-соңды болып көрмеген аса ауқымды қаржылық қамқорлық халықтың ақ алғысын алып отыр. Мәжіліс депутаты Сауытбек АБДРАХМАНОВТЫҢ Kaztube порталындағы «Бағдар» хабарына берген сұхбатының мәтінін «Айқын» оқырмандарының назарына ұсынудағы мақсат – билік партиясының күні кешегі шешімдерінің мемлекетіміздің дамуы үшін қағидатты қастерлілігін ашып көрсетуге тырысу.

– Елбасы Nur Otan пар­тия­сы­ның съезінде елдің әлеуметтік әлеуетін арттыруға қатысты нақты тапсырмалар берген болатын. Сол тапсырмаларды өзіңіз қалай қабылдадыңыз?
– Бұл съездің ерекше құн­дылығы, партия тарихындағы бетбұрысты съезд болады деп айтуға мүмкіндік беретін жағ­дайы мемлекетіміздің конс­титуциялық сипатын айшықты ашып көрсеткендігінде деп білемін.
Ата заңымыздың 1-бабы бы­лай басталады: «Қазақстан Рес­публикасы өзін демо­кра­тиялық, зайырлы, құқықтық және әлеу­меттік мемлекет ретінде орнық­тырады, оның ең қымбат қа­зынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостан­дықтары». Біз еліміздің демо­кратиялық сипатын, зайырлы сипатын, құқықтық мемлекет екенімізді де айтамыз. Әлеуметтік мемлекет екенімізді көп айта бермейміз.
Бұл съезд Қазақстанның әлеуметтік мемлекет ретінде одан ары орныға түсуінің үлкен белесінің басы. Жалпы, мемлекет адамдар үшін құрылады. Біз адамдар мемлекет үшін өмір сүрген ғасырларды, ұзақ тарихты білеміз. Мемлекеттің мүддесі үшін миллиондаған адамдардың құрбан болған жағдайларын білеміз. Тек мемлекеттің мүд­десіне бағындырылған қоғамды да білеміз. Оның шет жағасын өзіміз көрдік, біраз уақыт өмір сүріп те үлгердік. Ал негізінде мемлекет әлеумет үшін, әлеу­меттің мүддесі үшін құрылады. Осы тұрғыдан қарағанда Пре­зидент Нұрсұлтан Назарбаевтың баяндамасы, съездің шешімдері өте қағидатты деуге болады. Сонымен бірге, адамдар мем­лекетті құра отырып, өздерінің еңбегімен, бірлігімен, ынты­мағымен, үйлесімді өмірімен мемлекетті нығайтады. Мемлекет нығайған сайын адамдарға жа­салатын қамқорлық та тиісінше көбейе береді. Адамдарға жасал­ған қамқорлық кері реакция бо­йынша мемлекетке қайтарыммен келеді, сонда мемлекет те кү­шейеді, адамдардың бақуат­тылығы да артады. Осы тұрғыдан қарағанда бұл аса маңызды мәселені айшықты ашып беруі XVIII съездің үлкен табысы деудің әбден жөні бар.
Ел халқына әлеуметтік қолдау ретінде Ұлттық қордан 2 триллион 300 миллиард теңгедей қаржы бөлінгелі отыр. Біз 2001 жылы (мен ол кезде «Егемен Қазақстан» газетін басқаратынмын) жылдық бюджеттің Парламентте бекітілуі туралы жазылған есепке «Трил­лион деп сөйлейтін күнге жеттік» деген тақырып қойған едік. Сол жылы Қазақстанның бүкіл бюд­жеті – қорғанысы бар, аграрлық секторы бар, денсаулыққа бө­лінетін, білім саласына бөлінетін қаражат бар, бәрі қосылғанда триллион теңгеден асқан бола­тын. Ал қазір әлеуметтік мін­деттерді шешуге бөлінетін қар­жының өзі 2 триллион теңгеден асып отыр. Ал триллион дегеніміз не? Миллиардтан мың рет бол­ғанда барып 1 триллион болады. Миллиардыңыз өзі оңай емес. Миллионнан мың рет болғанда барып 1 миллиард болады. Бұл астрономиялық сандар. Бірақ ел үшін, елдің мүддесі үшін осы қаржыны Елбасы тауып отыр. Бұл қаржы қалай табылып отыр? Бұл қаржы Президенттің алыстан ойлаған, болашақты көздеген саясатының арқасында табылып отыр. Көптеген жылдар бойы мұнай мен газдан түсетін табыс бюджетке емес, Ұлттық қорға құйылып келді. Соның арқасында біз 1998-1999 жылдардағы Оңтүстік-Шығыс Азиядағы дағдарыстан өттік. Одан кейін Америкада басталған ипотекалық дағдарыстан өттік. Одан кейін жарты әлемді шарпыған қар­жылық дағдарыстан өттік. Сөй­тіп, Ұлттық қордағы қаржымыз үш дағдарыстан елді аман алып шықты. Енді міне, халықтың әлеуметтік жағдайын одан ары көтеру қажет болған кезде, кейбір проблема қордаланып қалған кезде Президент ел үшін, өзінің туған халқы үшін Ұлттық қордан қомақты қаржыны шығаруға мүмкіндік бар деп шешіп отыр.
– Өзіңіз айтып өткен аса ауқымды ақшаның игілігін ел қашан көреді?
– Дәл бүгін (сұхбат 6 наурыз­да болған – ред.) Президент Премьер-министрді және Үкімет басшысының әлеуметтік салаға жауап беретін орынбасарын қабылдады. Осы кездесуде Нұрсұлтан Әбішұлы көпбалалы, табысы өте төмен отбасыларға көмек 1 сәуірден беріле басталуы керек дегенді қадап айтты. Бұл, әрине, сол салаға қатысты ми­нистрліктерге үлкен жауап­кер­шілік жүктейді. Өйткені, қалған аз уақыттың ішінде осының барлығын есептеп, шотқа қағып шығу керек. Әр адамның нақты мүмкіндігін дәл анықтау, әр отбасының қанша табатынын түгендеу оңай емес. Ол отбасы сол санатқа жата ма, жатпай ма, табысы азға қосыла ма, қосылмай ма, неше баласы бар, жанұяда неше адам бар, отағасы қанша табыс табады, әр адамға бөлгенде қаншадан тиеді, есептеп келгенде сол санатқа кіре ме, кірмей ме деген өте нәзік мәселе. Онда, мы­салы, қателесіп кетіп, біреулердің жанын жаралап алуға да болады. Немесе біреулерге артық беріп қоюға да болады. Өте тығыз уақыт. «Сәуір болмай, тәуір бол­майды» деген сөз бар еді, сон­дықтан бұл игілікті халқымыз сәуірдің басында-ақ көргелі отыр, бұйырса. Ал Президенттің баяндамасында айтылған басқа жақсылықтар, мысалы, бюд­жеттік мекемелерде жұмыс істей­тін, аз айлық алатын адамдардың жалақысына қосылатын үстеме 1 шілдеден бастап қосылады.
– Осының аражігін айтып көрсету керек секілді.
– Иә, дұрыс. Олар 1 шілдеден алады, көпбалалы, мұқтаж ана­ларға берілетін жәрдемақыны қосып төлеу 1 сәуірден басталады.
– Елбасының былтырғы қазан айында жасаған Жолдауы, негізі­нен, осы айтып отырған әлеу­меттік салаға арналған болатын. Nur Otan съезі де, негізінен, әлеу­меттік бастамаларға құрылды. Бұл ретте Жолдау мен съездің айыр­машы­лығын атап көрсетсеңіз.
– Съездегі шешімдер қазан айындағы Жолдаудың заңды жалғасы. Соның бір ғана қырын әңгіме етейік. Президент «7 – 20 – 25» деген бағдарлама ұсынды. Оның игілігін жұртшылық қа­зір­дің өзінде көре бастады. 7 де­ге­німіз – банкінің бұрынғы 15 па­йыздық өсімінің орнына 7 па­йыздық өсім. 20 дегеніміз – бұ­рын үйдің құнының кемінде 50 пайызын төлеу керек болса, қазір 20 пайызын төлеуге болады. 25 дегеніміз – бұрын адам банктен алған қарызын 15 жылда төлеп бітуге тиіс болса, енді 25 жылда төлеп бітуге тиіс. Бұлардың барлығы халық үшін, әсіресе, жас отбасылар үшін үлкен көмек. Дегенмен, айтпаса болмайтын бір мәселе бар. Әлеуметтік желілерді қарап, қоғамдық пікірге құлақ асып отырғанда бір қауіп қылаң береді. Бола берсін, тола берсін, бере берсін, келе берсін деген психология дендеп кетпеуі керек. Президент ол жағын да съезде басын ашып айтты. Масылдық психологияға жол бермеуді қадап тұрып көрсетті. Жағдайы өте төмен адамдарға ғана көмек көрсетіледі.
– Президент тапсырма берді. Енді осы істі өз тараптарыңыздан заңнамалық тұрғыдан сапалы қамтамасыз ету жағы қалай болып жатыр?
– 2019 жылғы бюджетке түзетулердің нұсқасы Мәжіліске түсті. Біз өзіміздің әрқайсы­мыз­дың кураторлық жасайтын салаларымыз бойынша қандай қажеттіліктер бар, ең ділгер тұс­тар қайсы деп министрліктерден материал алдыртып жатырмыз. Осы кез өте қауырт кез, өйткені 1 сәуірден бастап қосымша жәр­демақы алатын адамдардың ақшасы да бюджетке салынып үлгеруі керек. 1 шілдеден бастап айлығы өсетін адамдардың ақшасы да енуі керек. Біз ол жұмысқа дайынбыз.
– Қоғамда қызу талқылана­тын, жиі көтерілетін мәселелердің бірі – ішкі істер органдарын реформалау. Оны Президент те айтып кетті. Осы тұрғыда Пар­ламентте қандай мәселелер қаралып жатыр?
–Барлық сала бойынша нақты жұмыс істеуге мүмкіндік беретін нақты заңдар негізінен бар. Бір ғана мәселені айтайын. Пар­ламент Мәжілісінің жалпы отырысында депутаттық сауал жасадым. Сол сауал сіз айтып отырған ішкі істер органдарының жұмысына тікелей қатысты. Қазақтың жанын ауыртатын, ауылдағы адамның жанына бататын мәселенің бірі – мал ұрлығы. Біз осы тұрғыда Бас прокуратурадан мәліметтер алғыздық. Соңғы екі жылда Қазақстанда 12 мың мал ұрлығы тіркелген. Сонда әр күнде біздің елімізде 16 мал ұрлығы болады екен. Бұл енді қылмыстың әбден асқынғандығы. Қостанай облы­сының бір ауданынан бір күнде 40 жылқыны айдап әкеткен. Ақмола облысының бір ауда­нынан бір күнде 28 сиырды алып кеткен. Ешқайсысы табылмаған. Мұндай факті көп. Бір жағ­дайды баса көрсеткім келеді. Соңғы кездердегі біраз адам­дардың көңіл толмаушылығына қарап, әлеуметтік желілердегі пікірлерге қарап, біздің елде бір үлкен қиындық туып жат­қандай ойлау­ға ешқандай негіз жоқ. 2018 жыл­ды Қазақстан эко­номикасы
4,5 пайыздық өсіммен аяқтады. Бұл қазіргі жүйелі дағдарыс кезінде, санкциялар салу за­ма­нында, біз үшін өте тиімсіз болып тұрған шикізат конъюк­турасы жағдайында едәуір ілгерілеу. Қазақстан даму жо­лында. Бұны басын ашып айту керек. Жаңа Үкімет те үлкен шараларды қолға алып жатыр. Бар мәселе біздің дамуымыз қазіргіден қарқын­дырақ болуы керек дегенге тіреледі. Біз алға жүріп, ілгерілеп келеміз, бірақ бұдан қаттырақ жүре аламыз, оған мүмкіндігіміз бар деген тұр­ғыда қарау керек, соның жаңа жол­дарын іздеу керек. Ал қар­қынымыз баяу­лап қалды деуге, елдегі жағдайға олай қарауға ешқандай негіз жоқ. Барлық статистикалық мә­лімет, барлық нақты көр­сеткіш осыны дәлелдейді. Ел өркендеу жолында, мәселе – қарқында.
– Елбасымыз «Ауыл – ел бесігі» деген арнайы жоба әзірлеуді тапсырған болатын. Осы жобаның аясында қандай мәселелерге ең алдымен мән берген дұрыс?
– «Ауыл – ел бесігі» дегенде, халқымыздың, қазақтың барлық құнды қасиеттері, асыл қа­зыналары ауылда, ауылдан шыққан жүректе екендігін ерек­ше айтуымыз керек. Сонымен бірге, ауылдың адамдарына да үлкен сын артылуы, жауап­кер­шілік жүктелуі тиіс. Мысалы, өңірлерге шыққанда ауылдағы адамдармен кездесеміз. Сонда қай жерде де ақша жетпейді де­генді айтады. Рас, жетпейді. Оның себебі көп. Адамдардың өзіне қатысты себептер де бар. Қалай жетеді, егер ауылда тұрған отбасы мал ұстамаса, жас келін сиыр саумаса, сиыр саууға ерінсе? Сиыр саумағаннан кейін сүтті, айранды, ірімшікті, майды да сатып алатын болса, қалай жетеді? Егер үйде табаға, тандырға нан жабуға мүмкіндігі бола тұрып ұн алмаса, ауылда тұрып нан сатып алатын болса, қалай же­теді? Ауылда тұрып, бақша ұстамайтындарға не айтарсыз? Қызанақты да, пиязды да, сәбізді де, картопты да базардан, дү­кен­нен сатып алатын болса, қалай жетеді? Біздің бала кү­німізде дүкенге ауыл адамдары өздері жасай алмайтын нәрселерді ғана алуға баратын. Сіріңке жасай алмайды адам. Тұз жасай алмай­ды. Бұрыш жасай алмайды. Кәмпит жасай алмайды. Ал өзі жасай алатын, үйінде өндіретін, бақшаға егетін өнімдерді дүкен­нен алмайтын. Өзі жасай алатын дүниелер үйінен шығатын. Қазір ауылда тұрып солардың бәрін сатып аламыз. Сөйтіп, онсыз да жетпей жатқан ақшаны қолдан қушитамыз одан ары. Қи­ындықтарды еңсерудің басты жолы – еңбек, еңбек және еңбек. Өкінішке қарай, ауылдық жердің өзінде еңбектен қол үзе бастаған тұтас буын өсіп келе жатыр. Бұл өте алаңдатарлық жағдай. Әсіресе, қол күші жұмсалатын еңбектен қашу, оны қара жұмыс деп қорлану – айтар ауызға ұят.
– Демек, ауыл халқын еңбекке баулу керек дейсіз ғой?
– Еңбек идеологиясын қолға алуымыз керек. Елбасымыздың Баршаға ортақ еңбек қоғамын құруға шақыратыны сондықтан.
– Бұл бағытта елімізде біраз бағдарлама бар. Ауылдағы кәсіп­керлікті дамыту деген жобалар жасалып жатыр. Олардың бәрі жеткіліксіз болып тұр ма сонда?
– Бағдарлама жағынан бізде кемшілік жоқ. Солардың нақты жүзеге асуы, тетігін табу мәселе болып тұр ғой. Мысалы, Пре­зидент бұл қалай, біраз етті сырт­тан аламыз дегенді қатты айты. Расында да, Қазақстан осыдан 30 жыл бұрын Кеңес Одағының кемінде ширек бөлігін етпен жауып тұрған еді. Қазір осындай байтақ жеріміз бола тұрып, ға­сырлар бойы малмен айналысқан еліміз бола тұрып, біз талай етті сырттан аламыз. Бұл – үлкен олқылық. Осы мәселені шешудің жолдары бар, меніңше. Біздің бала күнімізде «заготскот» деген болған, ол – халықтан малды етке сатып алатын мекеме. Айына бір рет ауылға үлкен машина келеді, сиыр, құнажын, тайынша тұра алатындай дәу таразысын жерге қояды. Өздерінің есептелген өлшемдері бар. Малдың терісінің, сүйегінің салмағын шығарып, мына малда мұнша келі ет бар дейді де, қып-қызыл ақшаны қолға ұстатып кетеді. Сол кезде мал өсіруге үлкен мотивация болды. Өйткені аудандағы базарға бармай-ақ, тіпті малыңды сой­май-ақ етіңді өткізесің, өздері келіп алып кетеді. Ал қазір артық мал өсіруге, әсіресе, аудандағы базарлардан алыс жерлердегі ауыл адамдарына елеулі моти­вация жоқ. Қазір қазақ малды не үшін өсіреді? Өздері жеу үшін өсіреді, қонақ күту үшін өсіреді, той жасау үшін өсіреді. Басқа мотивация жоқ. Өйткені ауыл­дағы қазақ үшін мал ақша табудың нақты тетігі болып тұрған жоқ. Көршісіне сатпайды ғой, оның да қорасында өзінің сиыры, қойы тұр. Ал негізінде ауылдағы қазаққа мал ақша табудың көзіне айналуы керек. Соның бір жо­лы – «заготскотты» жаңғырту. Оны нарық жағдайына бейімдеп қалыпқа келтіруге болады деп ойлаймын. Мысалы, соғымға деп мал өсіретіндер оны әбден біліп алған, олар жақсы пайда табуда. Ал енді ондай жағдайы жоқ, тек сиыр ғана, тек қой ғана ұстай алатын шағын отбасылар артық малын алып кететін орындардан қосымша ақша алып отырса, соның өзі үлкен көмек болады.
– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан
Бахтияр ХАМИТ

Бөлісу: