НЫҒМЕТ АЙЫ – НАУРЫЗ

591
0
Бөлісу:

Наурыз мейрамын сол кездегі «Лениншіл жас» газеті жыл сайын 22 наурыз күні арнаулы нөмірмен атап өтіп отырды. Жасыл бояумен шығатын арнаулы нөмірді ел елеңдеп күтіп отыратын. 16 жыл бойы осы жастар газетін басқарған сардар басшы, саңлақ азамат Сейдахмет Бердіқұлов наурыз нөмірі үшін жыл сайын Орталық комитеттен ескерту, сөгіс алатын. Бірақ қайсар ағамыз қаймыққан жоқ. Халық үшін жанын шүберекке түйіп өтті. 1988 жы­лы «Лениншіл жас» газеті Мұхтар Шахановты дәстүрлі «Сұхбат-телефон» айдарына шақырып, жарияланған арнаулы бетті Г.Колбиннің назарына жіберді. Елден келген жүздеген хаттар бұған қоса тіркелді. Бұл үлкен мақсатты көздеген сұхбатты ақын Әділғазы Қайырбеков екеуіміз жүргізген едік. Мұны Мұхтар ағамыз өзінің «Желтоқсан эпопеясы» атты кітабында арнайы атап өтеді.

Сол жылғы наурызда Республи­ка сарайында ақындар айтысы өтіп, кезіндегі қатал сұрып, жіті ба­қы­лаудан өтетін Ленин сарайы­ның сахна төріне Мардан Байділ­даев ағамыз арнайы барып, Ұзын­а­­ғаштан әкелген ақбоз атты бірге жетектеп шыққан күнім де әлі есте. Бас бәйгені алған ақын қыз Жадыра Құтжанованы ақбозға мінгізіп, халық дүрк көтеріліп, сарайдың іші жаңғырған сол күндер де – енді тарих еншісінде. Қайта келген нау­рыз қазақтың намысы мен сені­мін қайта ұштаған болатын. Дәстүріміз төрге озған шақ еді.
Содан бері Наурыз мейрамы дәстүрлі түрде жыл сайын тойланып келе жатыр. Бірден көтеріп әкеткен Оңтүстік пен Батыс өңірдің қызу әре­кеті біртін-біртін шығыс пен солтүстікке де жетті. Батыс бұрын­нан тойлайды. Орал, Ақтөбе, Аты­рау, Маңғыстау өңірі 14 наурыздан – Амал күнінен, Көрісу күнінен бастап, Ұлыстың ұлы күнін жылдар бойы үзбестен атап өтіп келеді. Көрісу мерекесі деп аталатын күн біз, оқушылар үшін де, ерекше қуанышты күн болатын. Мектептің алдында ұзын дәліз жасап, қаз-қатар тұрып, келе жатқан барша ұстаздарымыздың қолын алып, көрісуші едік. Содан кейін аталар мен әжелердің, ағалар мен апалар­дың үйін жағалап жүріп, көрісіп шығатынбыз. Бұл, кейін ойлап қарасақ, ұлттың ұлы күні екен, салт-дәстүріміздің өлмес, өшпес болмысы екен. Ата-бабамыздың бізге қалдырған ұлы өнегесі мен тәрбиесі екен. Бұл күннің дінге еш қатысы жоқ. Құрмет пен тәрбиенің, қасиет пен өсиеттің, үлкен мен кі­ші­нің, ағайын мен алыстың, жа­қын мен қалыстың арасын дәне­кер­леп тұратын игі дәстүр, жақсы жоралғы.
Жақында Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамеди­ұ­лы­ның Наурызды жаңаша өткізу туралы ой-пікірлері БАҚ беттерінде жарық көрді. Ұмытпасам, ол бұл орайдағы ұсыныс-ойларын бұрын да бір рет көтерген. Енді осыны дендеп іске асырудың жай-күйі күн тәртібіне түсе бастағаны – үлкен жаңа­лық. «Заман талабына сай Нау­рыздың форматын түбегейлі өзгер­ту қажет. Наурыздың айрықша тәлім-тәрбие, қадір-қасиет беретін түрлері өте ерекше. Сондықтан Наурыз мейрамына жаңа рең беру үшін адамның ұлтына, діни ұстаны­мына қарамастан, адамгершілік құндылықтарға мән бере отырып, Қаз­ақстан халқы түгел қамтыла­тын­­дай мазмұнын жасау керек», – деді министр. «Наурыз мерекесі бұқаралық сипаттан ажырап, сах­на­лық кейіпке еніп, аздаған жұрт­шы­лықтың қызықтауына ғана айнал­ған фольклорлық қойылым көрі­нісінен аспай жатыр» деген пікір тұрақтанғаны да рас. «Сон­дық­тан мерекенің өзіне сәйкес атри­буттарын қалпына келтіріп, фольк­лорлық-этнографиялық ауқымнан жалпы қазақстандық мереке дәре­жесіне жеткізген жөн. Мере­кеде бақылаушылар болмай­ды, бәрі де қатысушы» дейді Мұха­ме­ди­ұлы мырза. Әрине, халық қатыс­қан істе қадір-қасиет бар.
Осы орайда ол Наурыз мерекесі халық арасында кеңінен тойлануы үшін әлі де жұмыстар жүргізілу қа­же­тін атап өтті. Оның пікірінше, Жаңа жылда Аязатаның, Рождес­тво­да Санта Клаустың сәбилерге сыйлық беруі, отбасы мүшелерінің бір-біріне тарту-таралғы жасауы сияқты дәстүрдің берік орнығуы бұл мерекелерді халыққа барынша жақындатады. «Жаңа жылдан әрбір бала тосын жаңалықтар күтеді. Наурызда да балалардың есінде қалатындай мереке сыйлағанымыз жөн. Демек Наурызды тойлау ар­қы­лы біз бар жақсылығымызды, шарапатымызды бүлдіршіндерге арнауымыз керек. Қазіргі заманға лайықтап, шоколадпен көмкеріп, көрнекі қаптамасын жасап, көз тартар қорапқа салып, ұлттық та­ғам аясында әзірленетін жент, тал­қан, балқаймақ, кілегей, құрт, сүз­бе, уыз, ірімшік және тағы бас­қа­­ла­рын әде­мі етіп əәзірлеу процесін жолға қоя­тын мезгіл жетті» дейді ол. Уақыты келген нәрсеге бақыты бай­ланады.


Ой салатын, ойланатын, көп болып қолға алатын, жалпыұлттық пейілмен толғанатын ұсыныс орта­ға түсті. Наурызды тойлаудың шең­берден шықпайтын жазы­лы­мы бар екені шындық. Қалыптан шық­пай, киіз үй тігіп, наурыз көже піс­і­ріп, дастарқанның жылы-жұм­са­ғын әкімқаралар мен билікке бағыштап, есік күзеткен ерсі қы­лықт­ар да қазір дендеп бой көрсете бастады.
Наурыздың өткізілу форматын өзгерту үшін, осы айтылғандарды жүзеге асыру үшін не істеу керек?
Біріншіден, оның әдеби-мәде­ни, қоғамдық-саяси, жал­пы­ұлт­тық тәлім-тәрбиелік жүйесі жаса­луы керек. Ол үшін арнаулы ма­ман­дар мен қаламгерлер, театр мен музыка қайраткерлері, тарих­шы-этно­граф­тар бірлесіп, ортақ сценарий жасауы қажет. Ол арнайы көркемдік кеңестен өтуі тиіс. Бірақ биыл оған үлгеріс бола ма, болмай ма, ол жағын айту қиындау.
Екіншіден, ежелден қазақ елі халық күнтізбесі бойынша жаңа «жылдың бірінші күні деп 14 нау­рыз­ды» белгілеген. Батыс облыс­тарда бұл күн әлі күнге Көрісу күні деп аталып келе жатыр. Көрісу деген салт-дәстүр діни әдет-ғұрып емес, ұлттық-рухани атрибутика. 14 наурызда жаңа жылдың бірінші күні басталады, ал 22 наурыз – бұл күн мен түннің теңелуі. Яғни, күн тоғысы. 14 наурыз амал кезеңі, яғни ай тоғысы. Ескі айдың жаңа айға орын беруі, жылдың кіруі. Бұл – тек қазақта ғана емес, бағ­зы­дан түркі халықтарында болған дәстүр. Шығыстың ұлы шайыры Әбдрахман Жәми: «Он төртінші туған айсың, кімді саған теңейін» деп жырлаған. Яғни, айдың тоғы­сын жаңа күнге теңеген. Оңтүс­тік­ке наурызды қарлығаштар жет­кі­зе­ді. Оны кей жерлерде нау құсы деп те атайды. Нәуірзек деп жүрге­ні­міз де сол құс. Мұқағали: «Қар­лы­ғашым келдің бе, қаршы­ға­дан саумысың, аман-есен жеттің бе, айыр құйрық нау құсым» деп жыр­лаған. Нау құсымыз да айыр қанат, ақ тамақ қарлығаштар.
Көрісудің идеясы қандай? Көрісу дәстүрі – халқымыздың бірлігінің, ынтымағының, досты­ғы­ның, ағайынгершілігінің, кіші­нің үлкенге деген құрметінің, жол-жоралғының көрінісі. Кезінде бұл дәстүр байтақ еліміздің барша өңірінде болған. Кейінгі кеңестік кезең­де жат идеологияның кесі­рі­нен жойыла бастаған. Ұлытау, Жаңаарқа өңірінде бұл дәстүр 60-жылдарға дейін болған екен. Семей өңірінде болғанын бізге Абай абызымыз айтады:
Қырдағы ел ойдағы елмен араласып,
Күлімдесіп, көрісіп, құшақтасып.
Шаруа қуған жастардың мойны босап,
Сыбырласып, сырласып, мауқын басып. (Абай, 1-том, 155-бет). Бір-бірін алты ай қыста көрмеген, көре алма­­ған жұрт қуана көрісіп, құ­шақ­­­тасқанын осы жырдан айқын көреміз. Қазір де Көрісу күнінде құшақтасып, төске төс түйістіріп амандасамыз. Наурыз­дың басы демек осы Көрісу күнінен басталуы керек. Уәзірдің пікірі дұрыс, тари­хи іс-әрекеттің сабақтастығы осын­да жатыр.
Қалай көрісу керек? Бұл мәсе­ле­ні де жаңаша талдап, дамыту қа­жет. Бұл да жалпыұлттық сипат алатындай қозғалысқа айналмағы ләзім. Әсіресе, балалар арасында, бала­­бақшалар мен мектептерде бұл дәстүрдің мән-мазмұны, пішімі мен ажарлануы, тәрбиелік тағы­лы­мы басты орында тұрғаны дұрыс. Бұл тәр­биешілер мен ұстаздар қауы­­­мына үлкен міндеттер жүктей­ді. Бірақ оларға методикалық-тә­лім­герлік, көрнекі құралдық кө­мек қажет. Ол үшін министрлік тара­пы­нан жүйелі сценарий түзілуі керек. Мүмкін келешекте, мұны мектеп­тер­де тәр­бие сағаттары ретін­де кір­­гізуге болатын шығар. Басқа да ұлт­­­т­ық мереке күндеріне қоса оты­рып.
Соңғы жылдары Маңғыстау облысы 14 наурызды «Амал мере­ке­сі» деп атап, Отпан тауға жиналып, жалпыхалықтық мереке ретінде арнайы атап өтіп жүр. Шараның бағдарламалық ауқымы үлкен, руханияттық серпілісі жоғары, халықтық қолдауы биік деңгейде. Алматыда, Астанада осы күні батыс өңірлердің азаматтары бір жерге жиналып, бір-бірімен көрісіп, жан-жақты мерекелік бағдарлама жасап, атап өтіп жүр. Бұған секемшіл саяси көзбен қарауға болмайды. Халық қолдаған іс-әрекетте әрқашан берекет бар.
Үшіншіден, елімізде қазір атаулы күндердің сан түрі бар. Енді солардың қатарына 14 наурызды «Көрісу күні – Бірлік күні» деп ресми түрде заң аясында белгілеп бер­се, мұны Қазақстан халқы қуа­на қостар еді деген ойдамыз. Мүмкін 1 наурыз Алғыс айту кү­нін осы күнге біріктіріп, қоғам­дық-саяси реңін аша түсуге болатын шығар.
Төртіншіден, ел аймағының ауарайлық ендіктеріне орай, нау­рыз­ды өткізудің тиімді нұсқа­лары екшелуі тиіс. Мысалы, Астана қаласында оны «Спорт-арена» секілді халық сыйымдылығы мол жерде өткізсе, дұрыс болатын сияқ­ты. Үлкен залдың ішінде бір­не­ше ұлттық, спорттық, сайыс­тық, бә­секелестік іс-шараларды кезек­тес жүйемен өткізуге болады.
Бесіншіден, осы жерде Нау­рыз­ға арналған ақындар айтысын да өткізуге тиімді. Сонымен қатар осы жерде Наурызға арналған ақын­дар мүшәйрасын өткізу, Нау­рыз­ға арналған көркемсөз, өлең оқудан балалар арасында жарыс ұйымдастыру, ата-әжелер ара­сын­да салт-дәстүрге қатысты ойын-байқаулар мен тәлімгерлік сабақ өткізуді де ортаға салуға болады.
Алтыншыдан, осы мереке аясында тұлпарлар бәйгесі, атан жарыс, қазақша ұлттық ойындар, киіз үйлердің көркемдік сапасы туралы сайыс, жаяу жарыс, әр жастағы балалар жарысы, халық ән-күйлерінен өнер жарысы жүйе­мен өткізіліп, ол бұқаралық сипат алса, Наурыздың ұлттық болмысы байып, сан этностардың да белсене араласуына негіз қалайды. Бұл өз орайында этно­са­ралық ынтымақ­тың, сайып келгенде ортақ тұрақ­ты­лықтың тұғырын бекітеді.
Жетіншіден, еліміздің барша ақпарат құралдары Көрісу күнінен тікелей хабар жүргізіп, Қазақстан өңір­лерін тегіс қамтуға көңіл бөл­се, бұл күн келер жылдан бастап ха­­лық санасына орнығып, жалпы­лық сипат алар еді. Ол үшін БАҚ-тарда алдын ала дайындықтар жүр­гізіліп, арнаулы хабарлар мен клиптер түсіріліп, Күннің мән-мазмұнын жұртшылыққа кеңінен жеткізудің кешенді іс-әрекеттері жүзеге асса, Наурыз мерекесі – 22 наурыз күні бірден елдік ауқым­да қанаттасып, қазақ елінің бере­ке-бірлігі мен тұрақтылығын одан ары бекіте түседі.
Сегізіншіден, наурызкөже дайын­дау дәстүрі жеке киіз үйлерде ғана өткізілмей, оны дайындаудың әр алуан шарттары жүзеге асырыл­са, тіпті Гиннестің рекорд­тар кіта­бы­на кіретіндей етіп, мол наурыз­көже дайындалып, барша халық ауыз тиіп жатса, тіпті ғанибет емес пе? Осының бәрі БАҚ арқы­лы әлемге таралып жатса, қазақ елінің ынтымағына төрткүл дүние назар аударар еді.
Тоғызыншыдан, бұған әрбір азамат ұлтымның ұлық мерекесі деген парасат биігінен қарап атса­лыс­са, сырттан сырдаң бақыламай, отбасын, туған-туыс, дос-жаранын ұжымдастырса, Наурыз нығметі қанатын кеңге жая түседі.
Оныншыдан, Мәдениет және спорт министрлігі бастама көтер­ген мәселені басқа да министр­лік­тер, мем­лекеттік мекемелер, жалпы елдік­ мақсат, мәңгілік ел мұраты деп түсіне, тізе қоса қимылдаса, Тәуел­сіздігіміздің туы биікте жел­бі­рейді. Көк туымызды Наурыз самалы тербейтін күн ұзағынан болғай!

Өтеген ОРАЛБАЙҰЛЫ,
ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты

Бөлісу: