Болмысы бөлек Баян

128
0
Бөлісу:

Қазақ даласы қаншалықты кең болса, халықтың рухы да соншалықты дарқан. Қазақ даласы небір елді аузына қаратқан таланттарды дүниеге әкелді. Құнарлы қазақ топырағы тек қазба байлықтарына ғана емес, ел есінде есімі қалатын тұғырлы тұлға­лар­ға да кенде болмаған. Солардың бірегейі Сарыарқаның алтын төрінде дүниеге келген қара нардай қабырғалы азамат – Баян Рақышев. Ол Қазақстан тау-кен саласының айтулы ғалымы, тамаша ұстаз, белгілі қоғам қайраткері, ҰҒА-ның акаде­мигі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қ.Сәтбаев атын­да­ғы Республикалық сыйлықтың лауреаты. Бүгінде 85 жасқа толып отырған ол атағы өзі туған аймағынан асып, бүкіл елге, қала берді дүние жүзіне жайылған ғұлама ғалым.

Баян Рақышев Қарағанды облысы Шет ауданына қарасты Қарасаз ауылында дүниеге кел­ген. 1952 жылы ол Қарағанды қала­сындағы №2 орта мектепті медальмен бітіріп, Алматыдағы Қазақ тау-кен металлургия инс­ти­тутының тау-кен факульте­тіне оқуға түседі. Оның алғырлығы, білімділігі сол кезден-ақ көзге көрініп, студенттік жылдары-ақ сталиндік стипендиат атанып, факультеттегі комсомол бюро­сы­ның секретары, студенттік ғы­лыми қоғамның төрағасы бола­ды.
Институтты өте жақсы та­мам­­д­аған ол 1957-1965 жылдары ең­бек жолын Балқаш тау-кен ме­тал­лургия комбинатының Қо­ңы­­­рат кешенінде техник-ана­лиз жасаушыдан бастап, кеніш бас­ты­ғына дейін көтері­ле­ді. 1964 жы­лы жұмыстан қол үзбей, кан­ди­даттық диссертациясын қор­ғай­ды. Оның өнегелі өмір жолы­на үңіл­ген сайын өткен кезе­ңі, жүрген ізі тасқа басылған таң­бадай сайрап жатқанын көре­міз. Шын мәнінде, арғы-бергі тарих­қа қарап тұрсақ, әр заман сұра­ныс­тарының ең ауыр жүгін үйіп-тө­гіп, осы ғылымға, ғылым жо­лын­дағы азаматтарға артқан сияқ­­ты. Осындай дарындылар мен та­лант­­тар жайлы сөз ету, өз­ге­­лерге емес, бізге, оқырманға – жас­­тарға қажет. Себебі, олар­дың алған тәрбиесін, білі­мін, ел игі­лігі жолын­дағы еткен ерен еңбе­гін көру, білу арқылы бүгінгі жас ұрпақ өздерінің талғам- таным­да­рын шыңдайды. Өмірлік бағыт-бағдарын айқындайды.
Б.Рақышев 1965 жылы Қазақ политехникалық институтына шақырылып, аға оқытушы қыз­ме­тін атқарады, одан доцент, «Теориялық механика» кафедра­сының меңгерушісі болады. 1967-1974 жылдары республи­ка­дағы ең таңдаулы факультеттердің бірі – Автома­ти­ка және есептеу техникасы факультетінің деканы атанып, аңызға айналған «Дос-Мұқасан» ансамблінің құрылуы­на септігін тигізеді.
1966-1978 жылдары Баян Рақы­шев Қазақ политехникалық институты мен Қазақстанның тау-кен өндірісі кәсіпорын­да­рын­да жүргізілген теориялық және эксперименттік зерттеулер негізінде тау жыныстарының нақты сілемдерін жарылыс әсерімен бұзу туралы үйлесімді теориясын жасайды. Сондай-ақ механика теориясы мен серпім­ді­лік теориясының жалпы теоре­ма­сын қолдана отырып, цилин­др­лік қалыптың жарылу қуы­сының кеңею заңдылықтарын, яғни жарылыстың қатты ортаға интегралдық әсерін анықтайды. Жарылыстың одан кейінгі нәти­же­лерін тау жыныстарының мық­тылық қасиеттерімен анық­талатын жарылу қуысының ең жоғарғы көлемімен өзара байла­ныс­тырып, жарылыс алаңындағы тау жыныстарының мықтылық қасиеті мен гранулометриялық құрамдарын тексеру үшін тео­рия­лық есептерді шығарады. Тау-кен жыныстарын ұсату мен оларды бір жерден екінші жерге көшіру үшін жұмсалатын энер­гия шығындарын есептеу, жары­лыс үйінділерінен әртүрлі тау жыныстарын алу үшін бұрғылау-жару жұмыстарын жүргізуге арна­лып, ең аз шығын жұмса­ла­тын технология түрін таңдау әдіст­ерін анықтайды. Бұл зерт­теу­лерінің нәтижелері «Қазақ­мыс» компаниясының, Соколов-Сарыбай кен байыту-өндірістік бірлестігінің, «Новоцинк» АҚ-тың, «Жәйрем кен байыту ком­би­наты» АҚ-тың және т.б өндіріс орнында бірнеше жыл бойы қолданылып келеді.
Жоғарыда аталған зерттеу­ нәтижелері бойынша Б.Рақы­шев 1978 жылы Мәскеу тау-кен институтында «Кен орын­­­да­рында жарылған масса­ның қажетті технологиялық пара­­метрлеріне қол жеткізу үшін жаса­латын жарылыс үрдісін бас­қару» атты тақырыптағы док­торлық диссертациясын сәтті түрде қорғап шығады. Сөйтіп, 1979 жылы техника ғылымдары­ның докторы ғылыми дәрежесіне ие болады.
Бұдан соң ол В.Ленин атын­да­­ғы Қазақ политехникалық инс­титутының проректоры қыз­ме­тіне тағайындалады да, сол кезде шешімін таппай жүрген мәселелердің бірі – тау-кен жы­ныс­тарын жарудың жаңа физи­калық әдістері зертханасы мен бұрғылау-жару жұмыстары тех­но­­логиясының салалық зерт­ха­на­сына ғылыми жетекшілік ете­ді.
1981 жылы Б.Рақышевқа про­фессор атағы беріледі, ал 1983 жылы ҚазКССР Ғылым акаде­мия­сының мүше-коррес­пон­денті болып сайланады.
1985 жылдан бастап 1992 жыл­­ға дейін Б.Рақышев В.Ле­нин атындағы Қазақ поли­тех­ни­­калық институтының рек­торы қыз­метін абыроймен атқа­рады. Бұл жылдары ол инсти­тут­тың қарыштап дамуына, оның мате­риал­дық-техникалық база­сын жақ­сартуға және ғылым мен өнді­рістің арасындағы байла­ныс­ты нығайтуға өзінің сүбелі үлесін қосады.
Қазақстанда тұңғыш рет арнайы мамандандырылған сту­денттік отрядтар ҚазПТИ қа­быр­­ғасында құрылып, сту­дент­тер өндірістік прак­тикадан өту үшін кафедралар мен ғылыми-зерттеу орталық­та­рының филиа­лы ашы­лады. Оқу-тәжірибелік құрал-жабдық­тарымен, компью­терлік техника және техноло­гия­лармен жаб­дық­талуы жағынан, инженер кадрларын даярлау дең­гейі, іргелі және қолданбалы зерт­теу­лер жүргізу, сондай-ақ басқа да көрсеткіштері жағынан институт сол жылдары еліміздегі алдың­ғы қатарлы жетекші жоға­ры оқу орын­дарының бірі атана­ды.
Айта кетер бір дүние, Рақы­шев­тың басшылығымен күрделі зерт­ханаларда тау-кен жыныс­та­рын дәстүрлі емес тәсілдермен жару саласы бойынша іргелі және қолданбалы зерттеулер жүргізіледі. Әртүрлі физикалық өрістердің әсерінен жарылыс алаң­дарында жарықтардың пай­да болу заңдылықтары бекіті­ліп, жартасты сілемдерде саңы­лау­лар­дың пайда болу әдістері және қатып қалған әртүрлі тау жыныс­т­а­­рының еру заңдылықтары олар­­дың жылу-физикалық қа­сиет­­теріне қарай анықталады. Со­лар­дың негізінде машиналар мен техникалық құралдардың тамаша үлгісі жасалып, тау-кен жыныстарын жарылыссыз өнді­ру­дің, таулы-жартасты сілемдер мен қазбаны ұңғылаудың про­грес­сивті технологиялары ойлап табылады.
1994 жылдан бастап күні бүгін­ге дейін Баян тау-кен ғылымдары саласындағы мемле­кеттік ғылыми-техникалық бағ­дар­ламалар бойынша жүргі­зі­летін ғылыми жобаларға жетек­ші­лік етіп келеді. Осы бағдар­ла­малар аясында ол кен қазбаларын тиімді түрде игеру мен қатты денелі пайдалы қазбаларды кешен­ді түрде қолданудың стра­тегиялық шешімдерін шығарып, оларды қамтамасыз етудің жүйе­сін негіздеп берді және кен орын­дарын математикалық модельдеу қағидаттарын орнат­ты. Минералды шикізат­тар­ды байытудың негізгі көрсеткіш­терін анықтайтын аналитикалық тәуелділіктер ұсынды. Бұлар өз кезегінде қосымша алынатын рудалар құрамында жанама металдардың болуын жүйелі түрде төмендетуге және жоғары технологиялардың дамуына байланысты сирек кездесетін металдарға деген сұранысты артты­рып, негізгі де, көмекші де пайдалы қазбаларды өндіру дең­гейін жобалауға мүмкіндік берді.
Теориялық жағынан да, практикалық негізде де тамаша жасалған ғылыми жұмыстары ғылыми ортада өте жоғары бағаланған академик еліміздің тау-кен ғылымына өзінің қомақ­ты үлесін қосты. Тау-кен жыныс­тары сілемдерін тиімді түрде жару және пайдалы қазбаларды тиімді түрде өндіру саласында өзіндік ғылыми мектеп құрды, еңбек жолында 9 ғылым докто­рын, 30 техника ғылымдары кандидатын, 4 PhD докторы және жүздеген магистр мен инженер даярлап шығарды.
Баян Рақышевтың шығарма­шы­лығы тек тау-кен ғылымымен ғана өлшенбейді. Сонымен қатар 1950-2000 жылдары әлем халық­тары санының және
1916-2015 жыл­дары қазақтар санының өзгеруі негізінде ол өмір сүрудің таби­ғи ағымы жағ­да­йында тұр­ғын­дар санының гео­­метрия­лық прогрессияда өсе­тінін анық­тады. Геометрия­лық прогрес­сияның еселігі жеке адамдар саны мен олардың жылдық өсім үлесіне тең келеді. Осы көрсет­кіштің нақты мәніне байланысты халық саны өсуі де, кемуі де мүмкін. Халықтың жылдық өсімі жаңа­дан құрылған бір отбасына тиесілі балалар санына қарай өзгеріп тұру заң­ды­лығы анық­талды. Осы нәти­же­лерді қолдана отырып ол – Қазақстан халқы санының 1916-2015 жылдары неліктен өзгер­ге­нін негіздеп берген адам.
Баян Рақышевтың ғылыми, педагогикалық және ұйым­дасты­ру­шылық қызметтері үкімет тара­­пынан аса жоғары баға­лан­ды. Осы тұрғыдан келгенде тәуелсіз еліміз үшін, болашақ үшін, ғылым үшін «инемен құдық қазып» аянбай еңбек етіп, тер төгіп жүрген Баяндай азаматтарға ел құрметі де шексіз. Оның өнегелі өміріне, ғылыми шығармашылық жұмыстарына үңілген сайын бұрын сезбеген жақсылыққа, өзің шығып көр­ме­ген биіктерге, құнарлы ойларға кезіккендей боласыз.

Ескендір БЕЙСЕМБЕТОВ,
Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ Ұлттық техникалық университетінің ректоры

Бөлісу: