Теріден неге теңге таппаймыз?

138
0
Бөлісу:

Бүгінде базар мен арнайы сауда орындарында теріден жасалған түрік, қытай, қырғыз тондары мен аяқкиімдері сұранысқа ие. Неге? Өйткені шет елдерде тері өңдеу технологиясы өте жоғары дамыған. Ал біз керісінше, мал терісі мен жүнін сол мемлекеттерге экспорттап күн көріп келеміз.

Шетелдіктер болса, шикі­затты арзан бағаға алады. Қой терілері көбінесе, шіріп далада қалады да, басты саудаға ірі қара мал терісі түседі. Енді өзі­ңіз есептей беріңіз, бір келі сиыр терісі 500 теңгеден өтсе, көрші елдің кәсіпкерлері одан 5-6 аяқкиім жасап не жейде ті­гіп, әрқайсысын өзімізге 8-10 есе қымбатқа сатады. Міне, мәселе қайда жатыр?! Бізден алған арзан шикізат арқылы өз елінің бюджетіне миллиондап ақша құюда.
«Жерасты байлығымыз мол!» деп қашанғы аузымыз­ды қу шөппен сүртіп жүре бере­міз? Осындайда «өз бай­лы­ғымызды өзіміз неге игер­мей­міз?» деген де сұрақ туын­дай­ды. Енді осы сыртқа кетіп немесе өзімізде қалып, шіріп жатқан шикізаттардан қандай өнім алуға болатынын қара­ңыз: «Күздік тері – қазан, қара­ша айларында сойылған малдың өңі қалың терілері. Бұл теріден тон, шалбар, ішік, бөрік тігуге болады. Соғым терісі – жүндес, қыртысы қа­лың, мықты терілер. Тақыр тері – жүнін қырқып алысымен сойылған немесе жүнін жиді­тіп алған тері. Бұдан жарғақ шалбар, қап, тұлып, дорба сынды заттар жасалады. Сең­сең – үш ай мен бес ай ара­лы­ғын­дағы қозының қырқыл-маған терісі. Көбінесе ішік, ты­мақ, бөрік, бөстек жасауға қол­данылады. Елтірі – туға­ны­на 2-3 ай болған қозы те­рі­лері. Одан ішік, тымақ, бөрік, жаға тігеді. Жабағы – қой-ешкінің сәуір, мамыр айла­рын­дағы жабағы жүні, қоп­сы­маған қалың түбітті терісі. Қырықпа – жабағы жүн мен күзем жүндері қырқыл­ған­нан кейін сойылған малдың сұйық жүнді терісі. Мари – туа салып немесе бір-екі тәулікте өлген қозы-лақ терілері. Бө­рік, тымақ тігуге, әдіптеуге, киім тысын көмкеруге қолай­лы. Маридің жүні тықыр, жылтыр, таңдай өрнекті болып келеді. Жылбысқы – іште жатып өлген немесе туа салып өлген қозының өте жұқа терісі. Тоқ­ты­шақ терісі – сеңсеңі қыр­қыл­ғаннан кейін біркелкі май­да жүн өскен, 4-5 айдан асқан қозы терісі. Ол – киімнің барлық түрін тігуге жарамды, жеңіл әрі жылы, жұмсақ тері. Одан қаптама тон жасайды». Бұл – біздің ұлттық құндылы­ғы­мыз. Ата-бабаларымыз жала­ңаш жүрген жоқ, суықтан қорғану үшін киіз үйді ойлап тапты, тоңбас үшін киім-кешектің түр-түрін, аяқтарына да аяқ киімді өздері тікті емес пе, басқаға жалынбай?! Міне, осының бәрін төрт түліктің арқасында жүзеге асырды. Ал қазір біз сол үрдістен айыры­лып қалдық. Қалтамызда шет­ке өткізген тері мен жүннен түскен тиын-тебеннің сыл­дыр­­лағанына мәзбіз.
Әлемде қой терісін ең көп импорттайтын елдердің көшін тағы да Қытай бастап тұр. «Таза ел» сайты былай деп жазды: «Гуонжоу қаласы тері өнімдерін тереңдеп өңдейтін кәсіпорындары, сапалы тері­лер­ден тігілген аяқ киім фаб­ри­каларымен аты шыққан. Тері­ні терең өңдейтін кәсіп­о­рында технолог болып жұмыс істеген қандасымыз Орынба­сар Тәжидің қазір Алматыда ескі аяқ киімдерді жамайтын кішкене нүктесі бар.
– Теріден тігілген аяқкиім­дерді дайындау күрделі про­цесс. Гуонжоудағы аяқ­киім шығаратын зауыттарда техно­логияық тізбек меха­низ­мі дұрыс үйлестірілген. Теріні терең өңдеу, оны бояудан аяқ­киімге дейінгі жұмыс бір жерде кезең-кезеңімен жүргізіледі. Шикізатпен қамтамасыз ету жағы алдын ала келісімшарттар бойынша шешіліп қойған. Сіздерде осындай жүйелілік әлсіз. Кәсіпорындардың жабы­­лып қалуы себебі, киім­дерде талғамға және сұранысқа қарай үйлестіріп отыратын мамандармен жұмыс жүргізіл­мей­ді. Кез келген кәсіпорын бірінші кезекте осы факторға басымдық береді, – дейді Орынбасар Тәжи». Айтқаны орынды. Бізде құлық жоқ!
90-жылдары ауылымызға Моңғолия елінен қазақтар көшіп келген болатын. Олар өздерімен бірге нағыз қазақы бұйымдарды да ала келді. Әкем сол кісілермен бұрыннан танитын адамдардай араласып та кетті. Айтпағым, бір-екі ешкісін солардағы ертоқым, жүген, қайысқа айырбастап, кәдімгідей алыс-беріс жасай­тын. Ол кісілер әлі де сол ауыл­да тұрады. Неге соларды қол-дамасқа? Дайынды сырт­тан тасымай, өзімізде барды оңтайлы пайдаланатын уақыт жетті. Жалпы, осы біз неге төрт түліктің терісі мен жүні­нен теңге тап-паймыз?! Қа­шан­ғы сыртқы елді байы­тып, өз-өзімізді өгейсітіп жүре­міз?!
Өп-өтірік асып-таса бер­мейік, бар байлықты сыртқа шаша бермейік, ағайын!

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ

Бөлісу: