Бітімге шақырған көрме

111
0
Бөлісу:

13 наурыз күні Ұлттық музейде «Ирактың ортақ аспаны: Қазақстан және поляк бітімгерлері» атты жылжымалы халықаралық фотокөрме ашылды. Жоба бастамашысы және ұйымдастырушысы – капитан-бітімгер Қайрат Құдабаевтың қоғамдық қоры және Қазақстандағы Польшаның қорғау атташесі. «Ирактың ортақ аспаны: Қазақстан және поляк бітімгерлері» халықаралық фотокөрмесіне қолдау көрсеткен – Қазақстанның Ұлттық музейі мен Қорғаныс министрлігі.

Келушілер елуден астам фото­сурет тамашалады. Оның ішін­де Васиб провинциясында 2005 жылдың 9 қаңтарында қай­тыс болған 29 жастағы капи­тан Қайрат Құдабаевтың автор­лық фотосуреттері бар. Тапсыр­ма орындау барысында көрсет­кен ерлігі үшін Қ.Құда­баев ІІ дәре­же­лі «Айбын» орде­ні­мен мара­­пат­талған. Көр­менің ашы­лу сал­танатына Қорғаныс ми­ни­стрі­­нің орын­басары Мүсілім Әлтым­баев қатысты. Ашылу рәсімінде Астана – Варшава арасында телекөпір өтті. Оған Қазақстан мен Польшадан кел­ген бітім­герлер қатысты. Теле­көпір Иракта бейбіт өмір сүруді қолға алуды көздеді. Қазақ­станның Польшадағы Төтенше және өкілетті елшісі Марғұлан Бақыт­ұлы телекөпірде сөз сөйледі.
Миссия барысында 290 қазақ­стандық әскери қызметші Иракта болып, 10 ротация жасалды. Контингенттің негізгі міндеті – снарядты іздестіру және жою, далалық сумен қамта­ма­сыз ету пунктіне жәрдемдесу, суды тазарту және медициналық көмек көрсету. Ирактағы миссия нәтиже берді. 4 миллионнан астам жарылғыш зат жойылды, 6 718 текше метр су тазартылды, Ирак әскери академиясында 572 курсант оқытылды. Қазақстан­дық әскери дәрігерлер, негізінен, террористік шабуылдан зардап шеккен әйелдер мен балаларға медициналық көмек көрсетті.
Жоба халықаралық маңызға ие. Қазақстан мен Польша ара­сын­дағы ынтымақтастыққа үлес қосып, біртұтастыққа бағыт бере­ді. 25 мамырда Варшавада поляк армиясы музейінде «Ирак­тың ортақ аспаны: Қазақстан және поляк бітімгерлері» атты фото­көрме ашылады.
Көрме 13-24 наурыз аралы­ғында Ұлттық музейде өтеді. Көрме аяқталғаннан кейін экс­по­зициялар Қазақстан Қарулы Күштерінің әскери-тарихи музе­йі­не сыйға тартылады. Көр­ме мамыр айында Варшава және Гданск қаласында қайта қойы­лады.

Айзат АЙДАРҚЫЗЫ

Бөлісу: