ҚАЗАҚ КІТАПТАРЫ ТҮРІКШЕ СӨЙЛЕДІ

156
0
Бөлісу:

Белгілі әдеби сыншы Сағат Әшімбаев пен қазақ прозасында өзіндік қолтаңбасы бар Шәрбану Бейсенованың кітаптары түрік тілінде жарық көрді. Қос жазушының туын­дыларын таныстыру рәсімі Түркияда өтті. Алғыс айту күніне орайлас келген мәдени іс-шараға Қазақстанның Түркиядағы елшісі А.Сапар­бекұлы, Түркия президентінің бас кеңесшісі Я.Топчу, TURKSOY бас хатшысы Д.Қа­сейі­нов, Еуразия Жазу­шы­лар одағының төра­ға­сы Я.Өмероғлу қатысты.

Сағат Әшімбаевтың «Әдеби сын мақалалары», Шәрбану Бей­сенованың «Бір махаббат бая­ны», сондай-ақ «Сүзгенің соңғы күндері» мен «Бозоқ аруы» жинақтары бір кітапқа бірік­ті­рі­ліп үш кітап жарық көрді. Бұл кітап­тарды таныстыру салта­на­ты­­на қоғам және қалам қайрат­кер­лерімен қатар бауырлас елде білім алып жүрген қазақ жастары мен қазақ диаспорасы өкілдері де келді.
Елші А.Сапарбекұлы С.Әшім­баев пен оның жары Ш.Бей­сенованың түрік тілінде жа­рық көрген кітаптарына шолу жасады. Оның айтуынша, жыл сайын Алғыс айту күніне орай осындай іс-шаралар өткізу дәс­түр­ге айналған. Сондықтан мұн­дай игі қадам алдағы уақытта да жалғасады. Түркия президентінің бас кеңесшісі Я.Топчу мырза түрік жұрты мен қазақ халқы ара-сындағы берік достық туралы айта келе, бұған екі ел прези­дент­терінің ерекше мән беріп отырға­нын, Түркі әлемінің, жалпы Еуразия кеңістігіндегі мемле­кет­тердің қарым-қатынасын дамы­ту­дағы оң қадамға жете мән бере­тінін атап өтті. Ал Еуразия Жазушылар одағының төрағасы Я.Өмероғлу қазақ пен түрік жазу­шы­ларының шығармаларын ауда­ру ісінде оң қадам жасалып жатқанын, қазақ сыншысы Сағат Әшімбаевтың білімі мен пара­са­ты­на тәнті болғанын жеткізді. Қазақ аруларын шығармасына арқау еткен Шәрбану Бейсенова­ның кітаптарына тоқталған ол тарихи тұлға дәрежесіне көтеріл­ген Сүйімбике, Сүзге, Бозоқ ару­лары жайлы жан-жақты сөз қозғады.
Кітаптарды қазақ әдебиетін түрік тіліне аударып жүрген әде­биет­ші Жемиле Кынажы тәржі­ма­лаған. Ол Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың түркі халықтарына ортақ тұлғаларды таныту туралы идеясын бауырлас елде орындап жүрген елші А.Сапарбекұлының ұйымдастыру қабілетін жоғары бағалады. Іс-шара барысында TURKSOY ұйымының бас хат­шы­сы Д.Қасейінов Шәрбану Бейсенованы Халықаралық «Шың­ғыс Айтматов» медалімен марапаттады. Ш.Бейсенова мұндай іс-шараға ілтипатын білдірді, қазақ әдеби сынының өкілдері, соның ішінде жары Сағат Әшімбаев туралы да терең­нен ой қозғады, өз кітаптарына да тоқталды. Жиналғандарға сыншы С.Әшімбаевтың өмірі мен шығармашылығын «Балдыр­ған» журналының бас редакторы Д.Мағлұмов таныстырып, осын­дай тағылымды іске ұйытқы бол­ған азаматтарға алғысын жет­кізді.

Айдана БЕГІМ

Бөлісу:

Оқуға кеңес береміз