Тарихи жинақпен толықты

169
0
Бөлісу:

Астанада Ұлттық академиялық кітапханада Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты шығарған «Сұлтанмәмет Сұлтан: мемлекет қайраткері, дипломат және батыр» монографиясы мен «Орта жүздің сұлтандары мен батырлары» атты архив материалдары жинағының тұсаукесері өтті.

Қос кітап Мемлекет бас­шысы Н.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы аясында жарық көріп отыр. «Орта жүздің сұлтандары мен батырлары» архив материал­дары жина­ғында Омбы, Орын­бор­дағы тарихи мұрағаттардағы құпия материалдар топтас­ты­рыл­ған. Жиынға қатысқан тарихшы ғалымдар, қоғам қайраткерлері кітаптың құнды­лығын талқы­лады. Тарих инс­титутының директоры Бүркіт­бай Аяған архивтерде шаң басып жатқан тарихи дерек­терді зерттеу бұрын қолжетімсіз болған.
«Тарихты түгендеуде архив­тің алар орны бөлек. Елба­сы­ның тапсырмасынан соң құнды мұраларымыз, өткені­мізді жан-жақты зерттеуге қол жеткіздік. Қазақта батыр, би-шешендер көп болғанымен, олар туралы тарихи деректер зерттеушілер үшін қолжетімсіз болды. Көршілес елдердің ғалым­дарымен ынтымақтаса жұмыс істеудің нәтижесінде, қазақ тарихын қайтадан жан-жақты зерттеуге қол жеткіздік», – деді Бүркітбай Аяған.
Л.Гумилев атындағы Еура­зия ұлттық университеті Тарих факультетінің деканы, тарих ғылымдарының докторы, про­фессор Тілеген Садықов ба­тырларды түгендеу бола­шақта да жалғасатынын айтты.
– Өткенімізді түгендеп, өшкеніміздің жанғаны – тарих үшін тың серпін. Қазір ұлт тарихында тұлғатануға айрық­ша көңіл бөлініп жатыр. Тұлға­тану – келешек ұрпақты тәр­бие­леудің кілті. Ұлт тарихын әлемге таныстыру. Абылайдың заманында қос өкпеден қысқан екі алып империяның орта­сын­дағы иен далаға билік құру да оңай болмаған. Сұлтанмәмет – Абылай ханның сенімді серіктерінің бірі. Кітаптағы ең маңызды дерек – Ертіс жағалай қонған елдің кең-байтақ дала­сын отаршыл елге бермеу үшін шайқасқан ерлігі, табандылығы көрсетілген. Ерекшелігі – еңбек естеліктер негізінде емес, нақты тарихи деректерге сүйе­ніп жазылған. Архив – ақиқаттың қайнар көзі. Орын­бор, Омбы архивтеріндегі дерек­терді тарих ғылымдары­ның докторы, профессор Зиябек Қабылдинов шәкірт­терімен құнды мұраларды ұзақ уақыт зерттеді. Жинақтап, көпшілікке ұсынған кітап – зерт­теушілер үшін таптырмас құнды еңбек, – деді Тілеген Садықов.
Жиынға қатысқан тарих­шылар жоңғар мен қалмақпен соғыста ерлік көрсеткен қол­бас­шы, Абылай ханның немере ағасы – Сұлтанмәметтің өмірі мен қайраткерлігі, батыр­лығын келешекте де насихаттау жалғасатынын айтты.

Майра ЖАНЫСБАЙ

Бөлісу: