Түркістандықтар Наурыз мерекесін тоғыз күн тойлайды

229
0
Бөлісу:

Түркістандықтар Әз Наурыз мерекесін тойлауды бастап кетті. Атап айтқанда, 14 наурыз күні Қ.А.Ясауи кесенесінің маңындағы Арбат алаңына жиналған жұртшылық таңертеңгісін бір бірімен жылы амандасып, төс түйістіріп, Көрісу күні мерекесінің көркін қыздырды. Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамына орай «Көрісу» (қауышу) дәстүріне арналған мерекелік концерт ұйымдастырылды. Шараға сондай-ақ, түрлі этнос өкілдері де қатысып, ұлттық тағамдарын ұсынып, кітапханаларда кітап көрмелерін көрсетті.

 

Облыстық ішкі саясат басқармасы мен Түркістан облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы бірлесе ұйымдастырған шараға мыңға жуық мәдени өнерпаздар қатысып, «Алтын дәуір», «Көрісу», «Қауышу» көріністерін көрсетті. Шарада сондай-ақ, түрлі би композициялары бойынша өнер көрсетіліп, әндер шырқалды. 300 астам жастар «Жастық-көктем»  атты флешмоб биін көпшілік көрермендердің назарына  ұсынды.

Мерекелік шарада сөз алған Түркістан облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы хатшылығының меңгерушісінің міндетін атқарушы Мәдина Камеденова көрісу күнінің маңыздылығын түсіндіріп өтті.

«Алты ай қыста мал-жанның қамымен бір-бірінен қол үзіп қалған   халық бұл күні туған-туысын, жақын-жуығын іздеп барып, көрісетін болған. Ауыл тұрғындары ерте тұрып, жасы үлкен адамдарға сәлем береді. Көрші-қолаң бір-біріне «Жасың құтты болсын!», «Жасыңа жас қосылып, ғұмырың ұзақ болғай!» деп тілек айтады. Яғни, көктемге аман-сау жеткен халықтың тілек айтып, бір-бірімен қауышатын күні.  Бүгінде бұл мерекені бүкіл еліміз тойлауда. Сондай-ақ, негізгі мақсат – араздасып, бір-бірімен араласпай кеткен жақын адамдарды татуластыруға, табыстыруға бағытталған. Тіпті, әртүрлі себептерге байланысты жанжалдасып, бет көріспей кеткендер де көрісіп, қол алысуға міндетті. Ежелден келе жатқан салттың талабы – осындай», – деді  М.Камеденова.

Ал, облыстық мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының басшысы Нұрдәулет Исабек  көпшілікті әз Наурыз мерекесімен құттықтады.

– Биылғы жылы жаңадан құрылған облыста алғаш рет наурызды атап өтіп отырмыз. Наурыз мерекесі 9 күнге жоспарланып, әрбір күні тағылымды шаралар өткізуді жоспарлаудамыз.  Мереке құтты болсын – деді.

Іс шара концерттік бағдарламалармен жалғасты.

Осы күні өңірдегі барлық аудан, қалаларында  Қазақстан халқы ассамблеясы Түркістан облысы әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» мекемесінің және жергілікті әкімдіктің ұйымдастыруымен меркелік іс-шаралар өткізіліп жатыр.

Мерекелік тойдың  аясында түрлі этнос өкілдері ұлттық тағамдарын ұсынды. Кітапханаларда кітап көрмелер, музейлерде мәні жоғары жиындар ұйымдастырылды.

Естеріңізге сала кетейік, биыл Түркістан облысы Наурыз мерекесін ерекше атап өтуде. Аталған мереке 9-10 күнге жоспарланған. 14 наурыз «Көрісу күні», 15 наурыз «Тағзым күні», 16 наурыз «Тазару күні», 17 наурыз «Көктем шуағы күні», 18 наурыз «Көктем өрнектері күні», 19 наурыз «Балалар күні», 20 наурыз «Бірлік күні», 21-22 наурыз «Наурыз» мерекесі күндері.

Тельман БЕЙСЕНОВ,

Түркістан облысы

Бөлісу: