Дабыл. Қазақстандықтардың 20 пайызы семіздік дертіне шалдыққан

667
0
Бөлісу:

Семіздік дерті Қазақстанды ғана емес бүкіл әлемді меңдеп алды. Жыл сайын 2,8 миллион адам артық салмақ немесе шамадан тыс семіру нәтижесінде дүниеден озады екен. Ең қайғылы нәрсе – бұл ауру соңғы жылдары балалар арасында да жиі кездесуде.

Бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымы (ДСҰ) 21-ші ғасырдағы балалардың семіздігі індетке айналғанын растады. Болжамдарға сәйкес 2025 жылға қарай ағымдық көрсеткіш азаймаса, мектепке дейінгі жастағы семіз балалар саны 70 миллионға жету қаупі бар.

Британдық «The Lancet» ғылыми баспасы 5 жастан 19 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдер арасында артық салмақ пен семірудің таралуы 1975 жылы 4 пайыздан 2016 жылы 18 пайызға дейін күрт өскенін жариялады. Бұл көрсеткіш екі жыныстағы балалар мен жасөспірімдерге тең бөлінген. Яғни, 2016 жылы қыздардың 18 пайызы және ер балалардың 19 пайызы артық салмаққа шалдыққан.

Мәселен, 1975 жылы 5-тен 19 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдердің 1 пайызы ғана семіздікке ұшыраса, ал 2016 жылы олардың саны 124 миллионға дейін жетті. Олардың ішінде (қыздар 6% және ұлдар 8%).

ЮНИСЕФ-тің балалар қорының денсаулық және тамақтану бағдарламалары мамандарының пайымдауынша, Қазақстанда балалардың артық салмағы мәселесі әлеуметтік сипатқа ие болды. Мысалы, эпидемиологиялық мониторинг бойынша 3-4 сыныптағы барлық балалардың 77,5 пайызы қалыпты салмаққа ие, ал 19,1 пайызы семіздікке шалдыққандар. Олардың арасында 6,5 пайызы ұлдар және 5 пайызы қыздар. Негізінен бұл дертке балалардың тамақтану процесі, нәрестелерді дұрыс тамақтандыру, кедейлік кесірінен уақытылы тамақтанбау салдары, азық-түлік қауіпсіздігі мен ата-аналардың білім деңгейі  тікелей әсер етеді.

ҚР Денсаулық сақтау ұлттық орталығының мәліметіне сүйенсек, қазақстандықтардың 20 пайызы семіздікке ие, негізінен Маңғыстау облысының тұрғындары, сондай-ақ Қазақстанның солтүстігі мен орталығының тұрғындары. Сарапшылардың пікірінше, семіздік жылдан-жылға үдеп келеді, жас балалар арасында семіздікке шалдығу қазіргі уақытта 40 жыл бұрынғы статистикаға қарағанда 10 есеге артқан.

Мәселен, көптеген жылдар бойы қоғамдағы денсаулық мәселелерімен айналысып, басы-қасында жүрген «Аман-саулық» ҚҚ президенті Бақыт Түменова, балалар арасындағы артық салмақ көптеген қауіпті ауруларға әкеп соқтыратыны жайлы айтты.

– Балалық семіздік мезгілсіз өлім мен ересек адамның мүгедектігіне әкеліп соқтыруы мүмкін. Семіздік балаларға тыныс алудың жетіспеушілігіне, гипертонияға, жүрек-қан тамырлары ауруларының ерте белгілеріне және психологиялық проблемалардың туындауы мүмкін, – деді өз сөзінде Бақыт Түменова.

Сарапшы маманның айтуынша, семіздік проблемасы елдегі жас ұрпаққа әлеуметтік қатер төндірмеуі үшін Қазақстанда салауатты өмір салты дағдыларын барынша дұрыс қалыптастыру жолында үкіметтен бастап, халықаралық серіктестер, азаматтық қоғам, үкіметтік емес ұйымдар болашақта біраз жұмыс жасау қажет. Сол арқылы артық салмаққа жол бермей, көптеген қиындықтардың алдын алуға болады.

«Айқын» ақпарат

Бөлісу: