«Алтын доп» иегері Қытай құрамасына бас бапкер болды

519
0
Бөлісу:

Әйгілі италиялық футболшы Фабио Каннаваро Қытай ұлттық құрамасының бас бапкерлігіне тағайындалды.

Бұл ақпаратты Қытай футбол қауымдастығының ресми сайты таратып отыр. Каннавароға дейін құраманы оның отандасы Марчело Липпи тізгіндеген еді. Алайда құраманың Азия кубогындағы сәтсіз ойыны бас бапкер ауыстыруға мәжбүр еткен сыңайлы.

Әзірге келісімшарттың қандай негізде жүзеге асқаны белгісіз. Құрама тізгінін Фабио уақытша ұстады ма, әлде толыққанды бапкерлікке кірісе ме, бұл жағы кейінірек анық болмақ. Каннаваро бас бапкер ретіндегі алғашқы матчын Қытай кубогы аясында Таиландқа қарсы өткізеді.

Италия құрамасының экс-футболшысы бұған дейін қытайлық «Гуачжоу Эвергранд» клубында бас бапкер болған еді. Аталған команда ел чемпионатында үшінші орында келе жатыр.

Каннаваро Италия құрамасы сапында 136 ойынға қатысып, 2 мәрте гол соққан. Сондай-ақ құрамамен 2006 жылы капитан ретінде мундиальға қатысып, әлем чемпионы атағын ұтып алған еді. Сол жылы футболшыға әлемдегі мәртебелі «Алтын доп» сыйлығы табысталды. Каннаваро «Алтын допты» жеңіп алған әлемдегі бірегей қорғаушылардың бірі. Себебі, әдетте бұл сыйлық негізінен шабуылшылар мен жартылай қорғаушыларға беріліп жатады.

Ал клубтық деңгейде «Наполи», «Парма», «Интернационале», «Ювентус» секілді италиялық командаларда және мадридтік «Реалда», сондай-ақ сауд арабиялық «Әл-Ахли» командаларынд ойнады.

Абай Қазбекұлы

Бөлісу: