ЕЛБАСЫНЫҢ ИГІ ЖОБАЛАРЫ ЕРЕКШЕ ЕКПІНДІ ТАЛАП ЕТЕДІ

537
0
Бөлісу:

Nur Otan партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев партия Орталық аппаратының құрылымдық бөлім басшыларының қатысуымен жиын өткізді. Сондай-ақ жиынға видеоконференц байланысы арқылы партияның облыстық филиалы төрағаларының бірінші орынбасарлары, облыс әкімдерінің орынбасарлары, облыстық және Астана, Алматы, Шымкент қалалық мәслихаттарының хатшылары, салалық басқармалардың басшылары және партия аймақтық филиалдарының қызметкерлері қатысты.

Іс-шара барысында Nur Otan-ның кезекті XVIII съезінде қабыл­данған партияның 2030 жылға дейінгі «Бақуатты қоғам: онжыл­дықтың 10 мақсаты» атты жаңа бағдарламасын жүзеге асыру ба­рысы талқыланды. Одан бөлек, Елбасының съезде берген тапсыр­маларын іске асыру мәселелері сөз болды.
Сөз басында Мәулен Әшімбаев партияның алдында съезде Елбасы анықтап берген ауқымды міндеттер тұрғанына назар аударды. Соған байланысты Nur Otan партиясы бірнеше бағыт бойынша жүйелі жұмыс жүргізбек.
– Партия Төрағасы съезде халықтың табысын арттыру, аз қамтылған отбасыларға қолдау көрсету, тұрғын үй мәселесін ше­шу, өңірлерде денсаулық сақтау мен білім беру ісін жетілдіру, сондай-ақ аймақтарда инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту сияқты бірнеше бағытты ерекше атап өтті. Сондықтан біз бар күш-жігерімізді Мемлекет басшысының әлеуметтік сала мен өңірлерді дамытуға қатысты тапсырмаларын сапалы әрі уақытылы орындауға жұмсауымыз керек, – деді Мәулен Әшімбаев.
Сондай-ақ ол партияның бар­лық деңгейдегі мемлекеттік ор­гандардың Елбасы тапсыр­маларын сапалы әрі уақытылы орындауын, осы мақсаттарға бөлінген қара­жаттың тиімді және мақсатты жұмсалуын бақылайтынын жет­кізді. Сондықтан партияның барлық филиалдарының, мәс­лихаттардағы фракцияларының және аймақтық кураторлардың жұмыс белсенділігі арта түспек.
Сонымен қатар Мәулен Әшімбаев съезде Елбасының пар­тияға маусым сайын мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылу барысы туралы тыңдаулар өткізуді тапсырғанына тоқталды. Оның айтуынша, қазіргі таңда осы ба­ғыттағы жұмыстар қолға алынған. Соның нәтижесінде, бұл мақсатта партия жанынан мемлекеттік бағ­дарламалар мен реформаларға мониторинг жүргізу және оларды іске асыру орталығы құрылмақ. Соған сәйкес алдағы сәуір айынан бастап маңызды мемлекеттік бағ­дарламалардың орындалу барысы туралы тыңдаулар өткізіледі деп жоспарланып отыр.
– Осындай жұмыстар жергі­лікті жерлерде де қолға алынып, өңірлердің даму барысы туралы тыңдаулар өткізілуі тиіс, – деді партия Төрағасының Бірінші орынбасары.
Өз сөзінде Мәулен Әшімбаев партияның жаңа бағдарламасын жүзеге асыру барысына да назар аударды. Аталған құжатта Nur Otan-ның алдағы он жылға ар­нал­ған нақты 10 мақсаты көрсе­тіл­ге­нін айтқан ол барлық мақсат аза­маттардың әл-ауқатын арт­ты­руға тікелей бағытталғанын жеткізді.
– Бағдарлама алдын ала да­йын­далатын жоспарға сәйкес жүзеге асырылады. Жоспарда іс-шаралардың нақты мақсаты мен мазмұны көрсетіледі. Қазіргі таңда Үкіметпен бірлесіп сол құжатты дайындап жатырмыз. Алдағы уақытта жоспар аймақтарға жі­беріледі. Соған сәйкес партия бағдарламасындағы барлық инди­каторлар өңірлердің даму жос­парына енгізілуі тиіс, – деді Мәулен Әшімбаев.
Сонымен бірге, Nur Otan партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мемлекет басшы­сының съезде анықтап берген «Бақытты отбасы», «Құтты мекен», «Ауыл – ел бесігі» және «Халыққа көмек» жобалары ту­ралы да айтып, олардың пар­тия­ның алдағы уа­қыттағы жұмы­сының негізгі ба­ғыты болатынын тілге тиек етті.
– Бұл бастамаларды ұлттық жобалар десек те, артық емес. Себебі, аталған жобалар аз қам­тылған, көпбалалы отбасыларға көмек көрсету, ауылдық жерлерді көркейту, өңірлерді дамыту сияқты өзекті әлеуметтік мәселелерді қамтиды. Сондықтан партияның Орталық, аймақтық және аумақ­тық құрылымдары осы жобаларды тиімді жүзеге асыруға күш жұмсауы тиіс, – деді Мәулен Әшімбаев.
Қазіргі таңда Елбасының бас­тамасымен қолға алынған «Ба­қытты отбасы» жобасы Алматы қаласында нәтижелі жүзеге асы­рылуда. Сол арқылы қалада аз қам­тылған отбасыларға қолдау көр­сету шаралары жүйелі түрде жүр­гізіліп келеді. Мәулен Әшімбаев өзге өңірлердің де осы тәжірибені ескеріп, аталған саладағы жұмыстарды «Бақытты отбасы» жобасы аясында іске асыру керегін айтты. Жиында осы жоба аясында жұмыс істейтін Елбасының тапсырмасымен пар­тия жанынан құрылған Балалар құқығын қорғау жөніндегі рес­публикалық кеңестің қызметіне жергілікті деңгейде қолдау көрсету мәселесі де айтылды.
Келесі «Құтты мекен» жобасы аясында инженерлік инфра­құрлымды дамыту, ауызсумен қамту, жол құрылысы, интернетпен қамтамасыз ету сияқты игі істер жүзеге асырылады. Ал «Ауыл – ел бесігі» жобасы арқылы ауылдық жерлерде жұмыс орындарын ашып, бизнеске қолайлы жағдай жасап, денсаулық сақтау, білім беру ісін жетілдіріп, әлеуметтік ин­фрақұрылымды дамыту жұмыс­тары жүргізіледі. Соның нәтиже­сінде, жастардың ауылда тұрып, жұмыс істеуіне қолайлы жағдай жасалмақ. Қысқа қайырғанда, ауылды көркейтуге арналған бар­лық жұмыс осы жоба аясында жүзеге асырылуы тиіс.
Тағы бір маңызды бастама – «Халыққа көмек» жобасы арқылы партия қазақстандықтардың күнделікті өміріндегі өзекті мәсе­лелерді оң шешуге ықпал етуді көз­деп отыр. Қазірдің өзінде пар­тияның қоғамдық қабылдау бөлмелері Бірыңғай әлеуметтік терезе жүйесінде жұмыс істеуде. Жоба аясында тұрақты мониторинг жүргізіліп, қоғамдағы өзекті мәсе­лелердің оң шешілуіне де жағдай жасалады.
Бұл жөнінде Мәулен Әшімбаев партия филиалдарының жергілікті жердегі кез келген мәселеге қатыс­т­ы Орталыққа нақты ақпарат жет­кізуі керегін және мониторинг жүргізіп қана қоймай, олардың оң шешілуіне ықпал етулері тиіс екенін айтты.
Жиында партия хатшылары Тамара Дүйсенова, Илья Теренченко және Фархад Қуан­ғанов қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған
4 әлеуметтік жобаны жүзеге асыру­дың тиімді жолдары туралы кеңінен баяндап берді.
«Бақытты отбасы» жобасы туралы сөз алған Тамара Дүйсенова бастаманың басты мақсаты қа­зақстандық отбасылар мен бала­лардың әл-ауқатын одан ары жақ­сарту, сол бағытта әлеуметтік-эко­номикалық шараларды жүзеге асыру және отбасылық институтты күшейтіп, бала тәрбиесіне қатысты кейбір басымдықтарға қоғамның назарын аудару екенін айтты. Оның сөзіне қарағанда, партия бұл жобаны балалар мен аз қамтылған отбасыларды қолдау шараларының тиімділігін арттыруға бағытталған заңнамалық базаны жетілдіру, қиындыққа тап болған азаматтарға нақты көмек көрсету және осы салаға қоғамдық бақылау мен әлеуметтік мониторинг жүргізу арқылы жүзеге асырмақ.
– Жоба аясында партия мем­лекеттік және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп жұмыс іс­тейді. Бұл істе отбасылардың әлеуметтік картасын дайындау, мемлекеттік әлеуметтік көмек көрсету, көпбалалы отбасылардың балаларына білім гранттарын бөлу, қолжетімді жалдамалы тұрғын үй сияқты бірқатар мәселе қарас­тырылады. Сонымен бірге, «Ба­қыт­ты отбасы» жобасы арқылы партия «Атамекен» ұлттық кәсіп­керлер палатасымен, үкіметтік емес ұйымдармен және қоғамдық бірлестіктермен бірлесіп баспана­мен және жұмыспен қамту, ма­териалдық көмек көрсету, ақ­па­раттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу сияқты істерді жүзеге асы­рады, – деді Тамара Дүйсенова.
Өз кезегінде Илья Теренченко «Құтты мекен» жобасын жүзеге асыру барысына тоқталды.
– Бұл істе алдымен барлық деңгейдегі мәслихаттардағы фракцияларымыздың жанынан құрылған «Нұрлы жол» және «Нұрлы жер» бағдарламаларының орындалуын бақылау жөніндегі комиссиялардың әлеуетін тиімді пайдалануымыз керек. Екіншіден, жобаның маңызын халыққа кеңінен түсіндіру жұмыстарын жүргізуіміз қажет. Үшіншіден, мем­лекеттік бағдарламаларды жү­зеге асыру кезіндегі құқықбұзу­­шылықтарды дер кезінде анықтап, партия сондай олқы­лықтың алдын алуы тиіс, – деді Илья Теренченко.
Сондай-ақ ол аталған жоба аясында жүргізілетін партиялық бақылау аумақтық, аймақтық және орталық болып, үш деңгейде ұйымдастырылатынын айтты. Одан бөлек, хатшы кадр таңдау, тексеру, іс-шараларды ұйымдас­тыру, талдау мәселелеріне де назар аударды.
«Халыққа көмек» жобасы ту­ралы айтқан Фархад Қуанғанов бұл бастаманың басты мақсаты аза­маттарды алаңдатқан кез келген мәселе бойынша жедел әрі нақты көмек көрсету екенін жеткізді.
– Партиядан көмек сұраған азаматтардың барлық өтініштері осы жоба арқылы тіркеледі. Поштамен немесе мессенджерлер арқылы жолдаған, әлеуметтік желілер арқылы жазған, өздері келіп айтқан және басқа да жол­дармен келіп түскен өтініштердің барлығы «Халыққа көмек» жобасы арқылы қарастырылады. Өтініш­тер тіркелгеннен кейін оны шешу шаралары қолға алынып, бұл іске мемлекеттік органдар, депутаттық корпус, үкіметтік емес ұйымдар және бизнес қауымдастық жұ­мылдырылады, – деген Фархад Қуанғанов «Ауыл – ел бесігі» жобасын жүзеге асыру барысы туралы да айтып берді.
Жиынды қорытындылаған пар­тия Төрағасының Бірінші орынбасары Nur Otan-ның халық пен билікті байланыстыратын ал­тын көпір болу керектігіне көңіл бөлді.
– Қазіргі таңда Nur Otan ха­лықтың мүддесін қорғайтын және Елбасының барлық тапсырма­ларының орындалу барысына бақылау жүргізетін негізгі институт болып табылады. Съезден кейін партияның ел дамуындағы рөлі одан ары арта түсті. Елбасы бізге ауқымды міндеттер жүктеп отыр. Халықтың да съезде айтылған шаралардан үлкен үміт күтетіні белгілі. Сондықтан партия жаңа қарқынмен, ерекше екпінмен жұмыс істеуі керек, – деді Мәулен Әшімбаев.
Сөз соңында ол партияның Үкіметпен, бизнес қауым­дас­тық­пен, үкіметтік емес ұйымдармен күш біріктіріп, Елбасы тапсыр­маларын орындауда үйлестіруші рөл атқаруы тиіс екенін ерекше атап өтті.

Еламан ҚОҢЫР

Бөлісу: