Инклюзивті білім беру маңызды

547
0
Бөлісу:

Петропавлда оқу орындарында инклюзивті білім беруді енгізу туралы дөңгелек үстел өтті. Жиынға қатысушылар жалпы орта мектептерде мүмкіндігі шектеулі балаларды дені сау балалармен бірге оқыту мәселесін, инклюзивті білім беруді жетілдіру әдістерін талқылады. 

Кездесу барысында шараны ұйымдастырушылар барлық педагогикалық жоғары оқу орын­дарында «Инклюзивті білім беру» пәнін енгізу қажеті туындап отыр­ғанын тілге тиек етті. Сонымен қатар Солтүстік Қа­зақстан мем­лекеттік универси­тетінде инклю­зивті білім беру пәні бойынша 239 студент білім алып жатқаны айтылды.
Балалардың жеке сұраныстары мен ерекшеліктеріне ортаның, отбасының қатысуымен білім беру үрдісіне толық қосуды қарастыратын инклюзивті білім беру әлем жұртшылығының на­зарын аударып отырғаны шын­дық. Дегенмен көптеген оқу орындарында инклюзивті білім беруді қолданатын мамандар санының аздығы ерекше бай­қалады. Мектеп директорларының мүмкіндігі шектеулі балаларды оқу орнына қабылдағысы кел­мейтіндігі де – алаңдатарлық жағдай. Бұл орайда ерекше қажеттіліктері бар балалардың жаппай білім беру мекемелерінде білім алуға толық құқығы бар екенін есте шығармаған жөн.
Инклюзивті оқыту ерекше мұқтаждықтары бар балалардың жалпы білім беретін мектептердегі оқыту үрдісін сипаттауда қол­данылады. Демек, инклюзивті оқыту негізінде балалардың қан­дай да бір дискриминациясын жоққа шығару, барлық адамдарға деген теңдік қатынасты қам­тамасыз ету, ерекше қажеттілігі бар балаларға арнайы жағдай қалыптастыру идеологиясы жатыр. Осы бағыт балаларды оқуда жетістікке жетуге ықпал етіп, жақсы өмір сүру жағдайын қалыптастырады.
Дөңгелек үстелде инклюзивті білім беру жүйесі бойынша тьюторлық қозғалысты дамытуды қолға алу керегі айтылды.
– Мұндай балаларға ерекше көзқарас қажет. Практикалық сабақтар барысында біз студент­термен бірге білім беру үлгісін үйренеміз, бала үшін жеке білім беру маршрутын құруды анық­таймыз. Бүгінгі таңда аутизм белгісі бар балалар саны көбейіп кетті. Оларды оқуға ынталандыру керек. Ерекше көзқарас қажет. Сондықтан мамандарға инклю­зивті оқытуды үйретуді осы бастан қолға алғанымыз жөн, – дейді Манаш Қозыбаев атындағы СҚМУ Арнайы және әлеуметтік педагогика кафедрасының аға оқытушысы Любовь Окунева.

Бөлісу: