53 азамат тұрақты жұмысқа орналаспақ

515
0
Бөлісу:

Nur Otan партиясы Қызылорда облыстық филиалы және қалалық жұмыспен қамту орталығының ұйымдастырумен бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті.

Қорқыт ата атындағы ҚМУ-нің студенттер сарайында өткен жәрмеңкеде 30 мекеме 150 астам бос жұмыс орынын ұсынды. Іс-шараға 200-ге жуық азамат қа­тысты. Солардың бірі – қала тұр­ғыны Айнұр Наурызбаева. Қос дипломын қолына ұстаған азаматша осы жәрмекеден екі бос жұмыс орнына жолдама алып, жұмысқа орналасамын деп үміт­теніп отыр.
– Мамандығым – заңгер. Белгілі себептермен 2-3 жыл жұ­мыссыз отырып қалдым. Енді жұмыс іздеп біршама жерге түйіндемемді қалдырдым, бірақ ешқандай нәтиже болмады. Жұ­мыс таба алмаған соң әлеуметтік желіден жәрмеңке ұйым­дас­ты­рылатынын естіп келіп отырмын. Осы жәрмеңкеден үмітім зор, – дейді ол.
Бұл жәрмеңке «Нәтижелі жұ­мыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдар­ламасын жүзеге асыру мақсатында азаматтарды «Бірыңғай қабылдау күні» акциясы шеңберінде ұйым­дастырылды. Мақсаты – жұмыс­сыздыққа жол бермеу, жұмыссыз азаматтарға қажетті мамандық таңдауына, жұмысқа орналасуына ықпал жасау.
– Осы шараны естіп, жұмыс іздеп келгендердің қатары көп. Жұмыс беруші мекеме жұмыс із­деп келген адамдармен жүздесіп, пікірлесіп, осы бағдарламаның бағыты бойынша тиісті кеңес беруде, – дейді облыстық партия филиалы қоғамдық қабылдау бөлімінің меңгерушісі Нұрлан Әбдікәрімов.
Жәрмеңке нәтижесі бойынша 49 азаматқа жолдама беріліп,
53 азамат тұрақты жұмыс орнын нақтылады.
– Жәрмеңкеге көп адам келген екен. Мен де маман­дығым бойынша жұмыс іздеу­демін. Әзірге басқа салада жұмыс істеп жа­тырмын. Алдағы уақытта ай­лығы жақсы жұмысқа орналаса­мын деп ойлаймын. Бұл жерде таң­дау көп. Жұмыс берушілер не­гізінен электрик, слесарь, ұста, ағаш шебері, жүргізуші, барлық ба­ғыттағы инженер, дәрігер, медбике және тағы басқа бос жұмыс орындарын ұсынып отыр. Жұмысқа орналасушылардың тәжірибесі, еңбек өтілі де маңыз­ды екенін ұмытпаған жөн. Бас­тысы, бұл жәрмеңке жұмыс істей­мін дейтін адамға қашан да жұмыс табылатынын анық байқатты, – дейді өңір тұрғыны.

Әбілмансұр ЖАСАН

Бөлісу:

Оқуға кеңес береміз