Жайықтың суында қауіп жоқ, ендеше неге балық қырылды?

592
0
Бөлісу:

Атырауға ҚР Қауіпсіздік Кеңесінің Экологиялық қауіпсіздік мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссиясының мүшелері келді. Комиссия балыққа жеткен жұттың нақты себебін айтпаса да балықтардың барына, өзен суын тұтынуға болатынын айтып кетті.

ҚР Қауіпсіздік Кеңесінің Экологиялық қауіпсіздік мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссиясының мүшелері Атырауға жетісімен бірден Жайық өзені бойын жағалап, балықтың жаппай қырылған негізгі ошақтарына барды, балықшылармен кездесіп жағдай сұрасты, су астына да арнайы мамандарды жіберіп, балық өлекселерін іздеп көрді. Әр жерден су сынамалары алынып, тірі балық пен өлекселері де зертханаларға жөнелтілді.

Жайыққа барып жағдайды көрген комиссия өкілдерінің қатысуымен өткен баспасөз мәслихатында ҚР Энергетика вице-министрі Сәбит Нұрлыбай:«Біз Жайық өзенінде болып, балық аулаушылармен сөйлестік. Олардың аулаған балықтарын көрдік. Аулаған балықтармен бірге өлген балықтардың да ауға түскенін көрдік, бірақ олар көп емес. Өзенде балық бар» деп алдымен мән жайды баяндау үшін Атырау облысы әкімінің орынбасары Ә.Нәутиевке сөз берді. Оның айтуынша, балық өліміне қатысты оқиға тіркелген күні-ақ жергілікті әкімдік тиісті құрылымдармен бірге Жайық суынан сынамалар алып, өлген балықтарды жинау жұмыстарын жүргізген.Сонымен қатар сауда орындары қатаң бақылауға алынған. Қазіргі таңда балықтарды жою жұмыстары жолға қойылып, өзеннен балықтардың өлексесін жинау үшін жалпыхалықтық сенбілік жарияланған.

Ауылшаруашылығы министрлігінің орман шаруашылығы және жануарлар әлемі комитетінің басшысы орынбасарының міндетін атқарушы Нариман Жүнісовтың айтуынша, балық жаппай қырылған 5 негізгі нүкте анықталған. Біріншісі – Перетаска каналы. Мұнда 1,3 тонна балық өлексесі шықты. Шығын көлемі 1, 25 млн теңгені құрады. Жайық өзенінде 8,65 тонна балық өлексесі шығып, шығын – 8,5 млн теңге. Жайық-Атырау бекіре шабақтарын өсіру зауытында 1,8 тонна бағалы балық қырылып, шығын көлемі 424,8 млн теңгені құраған. Луговской жылқы зауыты да бекіре тұқымдас балықтарынан айырылып қалды. Бірақ, бұл жекеменшік мекеме болған соң, мұндағы шығын көлемі нақтыланбаған. «Жайықтағы балықтың жаппай қырылуы жалпы балық қорының азаюына себеп болмайды. Өйткені, өлген балықтың негізгі бөлігі қолдан өсіріліп келген балықтар.  Жайықтағы ихтиофауна мониторингі көрсеткеніндей, өткен жылы өзенде 21 мың тонадан астам балық қоры бары анықталған. Өлген 8 тоннадан астам балық, жалпы қордың 0,04 пайызын құрайды Барлық балық есепке алынады және қылмыстық істі жасаған қылмыскерлер барлық келтірілген шығынды өтейді» – деді Нариман Жүнісов.

Энергетика министрлігінің экологиялық реттеу мен қадағалау комитеті төрағасының орынбасары Зұлфухар Жолдасовтың айтуынша, балықтың жаппай қырылуы белең алған соң, облыс орталығындағы төрт компания – «Жайық-Атырау бекіре тұқымдас балықтар зауыты» РММ, «Атырау бекіре тұқымдас балықтар зауыты» РММ, «Атырау Су арнасы» және «Жылу-электр  орталығы» мекемелері тексерілген екен. Нәтижесінде «Су арнасының» өзенге жіберетін суларында хлоридтардың рұқсат етілген мөлшерден асып кеткені анықталыпты. Бірақ, бұл нақты балықтың қырылуына соқтырған себеп емес.

Ал, «Атырау мұнай өңдеу зауыты» АҚ неге тексерілмеді деген сауалға, астаналық мейман бұл кәсіпорын пайдаланған суларын тікелей Жайық өзеніне құймайтынын, ағынды суларын арнайы құбырлар арқылы жергілікті тұрғындар «Тухлая балка» атап кеткен ғимаратқа құятынын айтты. «Біздің анықтағанымыздай, «Тухлая балка» жерасты суларымен де Жайық өзенімен байланыспайды. Айтарлығы «Атырау мұнай өндеу зауыты»ЖШС біз өзге мәселелермен тексергенде де, пайдаланған суларында зиянды қылдықтарды анықтай алмадық» – деді аталмыш комитет төрағасының орынбасары З.Жолдасов.

Денсаулық сақтау министрлігі Қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің төрағасы Жандарбек Бекшин Жайық өзенінде адамдардың ағзасына әсер тигізетін ешқандай заттар анықталған жоқ деп мәлімдеді. Оның айтуынша, бүгінгі күні бірде-бір сынама көрсеткіштерінің асып бара жатқаны анықталған жоқ.

Астаналық комиссия балықтың өліміне қатысты тексеру қортынды нақты қашан дайын болатынын айтпады.

– Күні кеше ғана Сот сараптамасы институты зерттеу мерзімін ұзарту жөнінде ұсыныс жасады, ал әзірге балықтың неден қырылғаны да, кім кінәлі екендігі де белгісіз. Балықтың жаппай қырылуын тексеру мен тергеу мәселесі үкімет пен президент аппараты басшылығының тікелей қадағалауында – деді ведомствоаралық комиссияның төрағасы Сәбит Нұрлыбай.

Сайып келгенде әзірге анығы Жайықта  балық бар, судан қауіп жоқ.

Десек те өзен бойындағы қырылған балықтарды көрген жандарда үрей басым.

Тұрсын ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ,
Атырау облысы

Бөлісу: