Партиялық жоба жұмысын бастады

374
0
Бөлісу:

«Халыққа көмек» партиялық жобасының мақсаты – азаматтардың өзекті мәселелерін жедел шешу. Жоба Елбасының тікелей бастамасымен қолға алынып отыр. Атап айтқанда, Мемлекет басшысы Н.Назарбаев Nur Otan партиясының кезекті ХVІІІ съезінде халықтың басындағы және қоғамдағы өзекті мәселелерге қатысты жедел әрекет ету керектігін айтып, «Халыққа көмек» жобасын жүзеге асыруды тапсырған болатын. Сол уақыттан бері қоғамдық қабылдау бөлмелеріне 3216 өтініш келіп түсті, 1217 мәселе дер кезінде шешімін тапты.

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Nur Otan партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев халықтың өзекті мәселелерін шешуге бағытталған «Халыққа көмек» жоба­сының жұмысы басталғанын айтты.
Жаңа бастаманы партия мемлекеттік органдармен, үкіметтік емес ұйымдармен және бизнес қауымдастықпен бірлесіп іске асырмақ. Жоба негізінде партияның еліміздегі барлық қоғамдық қабылдау бөлмелерінің жұмысы жаңғырып, олар Бірыңғай әлеуметтік терезе жүйесінде қызмет көрсете бастады.
Жоба аясында қоғамдағы өзекті мәсе­лелерді жедел әрі тиімді шешу үшін бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерге жарияланған жазбаларға талдау жасалып, алдын алу мониторингі жүргізіледі. Сондай-ақ көмекке мұқтаж азаматтар үшін партияға тіке­лей өз өтініштерін білдіруге мүмкіндік бар. Сол үшін қоғамдық қабылдау бөлмелері «жедел әрі бір жерде» қағидасы бойынша жұмыс істейді.
– Қазіргі таңда Nur Otan партиясы – халықтың мүддесін қорғайтын және Елбасы тапсырмаларының орындалуына бақылау жүргізетін басты институт. «Халыққа көмек» жобасын жемісті жүзеге асыру үшін тек ірі қалалардағы ғана емес, барлық филиалы­мыздағы қоғамдық қабылдау бөлмелерінің әлеуетін толық пайдаланамыз. Өйткені біздің басты міндетіміз – халықтың мәселесін тиімді шешу, – деді Мәулен Әшімбаев.
Азаматтардың өтініштерін жеке қабылдау, сайт, электронды пошта, Call Center сияқты дәстүрлі түрлерімен бірге халықпен байланыс әлеуметтік желілердегі парақшалар, WhatsApp мессенджері, тиімді кері байланыс құралы ретінде танылып үлгерген әкімдіктердің цифрлы қызметі және электронды Үкімет порталы арқылы да жүргізіледі.
Өзекті мәселені оңтайлы шешу үшін қо­ғамдық қабылдау бөлмелерінің қыз­мет­керлерімен бірге мемлекеттік орган өкілдері, қажет жағдайда салалық мамандар жұмыл­дырылады.
Мәулен Сағатханұлының айтуынша, қазіргі таңда партия халық пен билікті бай­ланыстырушы алтын көпір ретінде қалып­тасып отыр. «Халыққа көмек» жобасы арқылы қоғамдық қабылдау бөлмелері Елбасының әлеуметтік салаға қатысты тапсырмаларын орындау барысында мемлекеттік органдардың, үкіметтік емес ұйымдардың және бизнес қауым­дастықтың қызметін үйлестіруші рөл атқарады.
Кездесу барысында партия Төрағасының Бірінші орынбасары Елбасының бастама­сымен қолға алынған өзге әлеуметтік жобалар туралы да айтып өтті.
– Мемлекет басшысы съезде «Халыққа көмек» жобасынан бөлек, тағы үш жобаны жүзеге асыруды тапсырды. Солардың бірі «Бақытты отбасы» жобасы қазақстандық отба­сылар мен балалардың әл-ауқатын арт­ты­руға бағытталып отыр. Келесі «Құтты мекен» жо­басы аясында бірінші кезекте аймақтардағы инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту көзделген. Ал «Ауыл – ел бесігі» жо­басы, аты айтып тұрғандай, ауылды да­мытуға, жаңа жұмыс орындарын ашып, өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған, – деді Мәулен Әшімбаев.
Сонымен қатар, брифинг барысында Республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесінің меңгерушісі Бақыт Темірова мен оның орын­басары Арыстанғали Сансызбаев сөз сөйледі. Олар өз кезегінде қабылдау бөлме­лері­нің бүгінгі жұмысы туралы айтып, жоба аясында шешімін тапқан өтініштерге тоқталды.
– «Халыққа көмек» партиялық жобасы аясында қоғамдық қабылдау бөлмелерінің жұмысын жаңғыртудамыз. Өзекті мәселелерге заман талабына сай жедел әрекет ету, жедел түрде жауап беру қажеттілігі жоғары екенін сезіне отырып, біз дәстүрлі түрдегі өтініш қарау тәртібі бойынша жұмысымызды жаңғыртудамыз. Қабылдауға адам қашан келеді деп тосып отырмай, әлеуметтік желілерде көтеріліп жатқан мәселелерді тауып, сол бойынша азаматтарды қабылдайтын боламыз. Ол үшін біз партияның электронды ішкі құжат айналымын жетілдіріп, барлық қоғамдық қабылдау бөлмелерін біріктіретін ақпараттық жүйені қолданысқа енгіздік. Республика деңгейіндегі барлық мемлекеттік органдармен электрондық соңғы хат алмасу үшін интеграциялық жұмыстарды аяқтадық. Өңірлердегі филиалдар да жақында осындай мүмкіндіктерге ие болады, – деді Арыстанғали Сансызбаев.
Республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесінің меңгерушісі Бақыт Темірова жобаны жүзеге асыру тетіктерін айта келе, өткен жылдың қорытындысына қысқаша тоқталып өтті.
– Былтыр қоғамдық қабылдау бөлімдеріне 140 мыңнан астам азамат өз өтінішімен келді. Оның 40 пайызы оңтайлы шешімін тауып, сол жерде көмек берілді. Бүгінгі таңдағы ең өзекті мәселелердің бірі – халықты әлеуметтік қам­та­масыз ету. Әсіресе, зейнетақы, алимент тө­леу, мүгедектік туралы анықтама беру, ма­те­риалдық көмек сұрау мәселелері бойынша өтініштер көп түседі. Жұмысқа орналастыру мен еңбек дауы да қоғамдық қабылдауда жиі талқыланады. Тұрғын үймен қамтамасыз ету және жеке тұрғын үй құрылысы бойынша жер бөлу мәселелері де тұрғындардың өтініш-ті­лек­терінде жиі кездеседі деп айтуға болады, – дейді Б.Өміртайқызы.
Партиялық жоба негізінде азаматтардың басындағы проблемалары жедел шешімін тауып, мақсатты топтарға нақты көмек көр­сетіледі деп жоспарлануда.
Айта кетейік, «Халыққа көмек» жобасы партияның 2030 жылға дейінгі «Бақуатты қоғам: онжылдықтың 10 мақсаты» атты жаңа бағдарламасын жүзеге асырудың жұмыс бағыттарының бірі саналады.

Абылайхан ЖҰМАШ

Бөлісу: