МӘСЕЛЕ ШЕШІМСІЗ ҚАЛМАЙДЫ

403
0
Бөлісу:

Nur Otan партиясы Алматы облыстық филиалындағы қоғамдық қабылдау бөлмесінде ашылған «Бірыңғай әлеуметтік терезе» аясында облыс тұрғындарынан  165 өтініш келіп түскен. Қазіргі кезде қалыптасып отырған күрделі жағдайға байланысты өтініштердің  басым бөлігін әлеуметтік әл-ауқаттың төмендігі, баспанамен және  жұмыспен қамту мәселелері құрайды. 

Соңғы үмітін арқалап, партия­ның қабылдау бөлмесіне келген жандардың әрқайсының өтіні­шіне партия филиалдарының жауапты мамандары, түрлі сала басшылары тарапынан дер кезінде жауап қай­тарылып, мүмкін болған мәселелер тура сол жерде шешімін тапқан. Ал дереу реттелмеген жағ­дайларға қатысты тиісті түсініктер мен кеңестер беріліп, шешу жол­дары қарасты­ры­латындығы мәлім­деліпті.
Мәселен, Талдықорған қала­сы­­ның тұрғыны Арайлым Уәлиева қалалық партия филиалындағы қабылдау бөлмесінде тұрғындарды қабылдаған Талдықорған қалалық қоғамдық денсаулық сақтау ба­с­қармасының басшысы Ермек Әсемқұловқа жолығып, маман­дығы бойынша жұмыс таппай, қиналып жүргенін айтып, көмек сұрайды. Басқарма басшысы өтініш иесінің мәселесін сол жер­де реттеді. Арайлым Талдықорған қалалық балалар ауруханасына мейірбике болып жұмысқа ор­наласты.
Облыс орталығында ғана емес, жоғарыда айтылған мәселелер­мен аудан орталықтарындағы партия­лық қабылдау бөлмелеріне келу­шілердің саны да аз емес. Қаратал аудандық партия филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесінің кестесіне сәйкес, қабылдау жүр­гізген аудандық мәслихаттың де­путаты Мұрат Тілеубайға өтініш­пен келген Үштөбе қаласының тұрғыны Жанар Түбекбаеваның бала-шағамен тоңып отырғанын айтып, көмектесуді сұраған өті­ніші де жерде қалмады. Мұрат Қалиұлы дереу көмек қолын созып, аз қамтылған отбасына қажетті отынды алып берді.
Көксу аудандық білім бөлі­мі­нің басшысы Тілеумұрат Сейтния­зов болса, көпбалалы ана Жұлдыз Қалқабаеваның №1 орта мектепте 1-сыныпта оқитын баласы Бақытәліұлы Ұлағатты тегін қоғам­дық ыстық тамақтандырумен қамтамасыз ету мәселесін шешті.
«Текелі қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдар­ламалар бөлімі» мемлекеттік мекемесінің басшысы Ақтолқын Ысқақованың қабылдауына келген қала тұрғыны, I топтағы мүгедек Александр Сидиков өмір­лік қосағы Наталья Мелникованың өзін қарауға көп күш жұмсайтынын айтып, көмек сұраған. Бөлім басшысы Ақтолқын Отызбекқызы аталған отбасының тірлігімен жан-жақты танысты. Жағдайдың тым күрделі екенін ескере отырып, Наталья Мельникованы өзінің өмірлік қосағы, І топтағы мүгедек Александры Сидиковқа жеке кө­мекші ретінде тағайындап, серуен­деу қоларбасы, санитарлық жаб­дықты кресло орындық берілуіне ық­пал етті. Үйдегі қозғалысына қа­­жетті арбаның кезегіне қойыл­ды.
Nur Otan партиясы Еңбек­шіқазақ аудандық филиалының қоғамдық қабылдау кестесіне сәйкес, аудандық партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары, аудандық мәслихат депутаты Қуат Байғоджаев Есік қаласының тұрғыны Анар Қыдыралиеваның жұмыссыздыққа қатысты өтінішін қарастырып, Есік қаласындағы «Еркетай» балабақшасының басшылығымен хабарласып, оны осы балалар мекемесіне тәрбиеші етіп жұмысқа орналастырды.
Жоғарыда жазғанымыздай, қабылдау бөлмесіне келетін әрбір өтініш иесінің мәселесі оң ше­шімін тауып жатыр. Соның арқа­сында көп­балалы ана, әлеуметтік жағ­дайы төмен отбасы нақты көмекке қол жеткізіп, жұмыс іздеп жүрген жас мамандар жұмыспен қам­тылды. Партияның дәл қазіргі кезде алға қойған басты мін­деттерінің бірі – әлеу­меттік әлжуаз топтарға жан-жақты көмек көрсету.
Болат АБАҒАН, Алматы облысы

Бөлісу: