Жайық дегенде жан шырқырап тұр

391
0
Бөлісу:

Жайық өзенін ғылыми зерттеуге облыстық бюджеттен 80 млн теңге бөлінді. Балықтың қырылу оқиғасы тұтас Жайық өзеніне ел болып назар аударуды талап етіп отыр. Бір күнде 4,3 тонна өлі балық пен жағалаудан 52 тонна қоқыс жиналды. Бұл экологиялық апаттың дабылы деп қабылдауға боларлық жағдай.

Кешегі өткен сенбіде Аты­рауда «Таза жағалау» атты Nur Otan партиясы Атырау филиалы мен облыстық әкімдіктің ұйым­дастыруымен жалпықалалық сенбілік өтті. Ауқымды шараға 2 600-ден астам қала мен селолық округ тұрғындары, мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері, қо­ғамдық ұйым өкілдері, сту­дент­тер қатысты.
– Сенбілікке қатысқандар қатары көп болды, елу екі тонна қоқыс жиналды. Келесі жолы да барлық тұрғынды осы баста­маны қолдауға, жағалауды та­зар­туға қатысуға шақырамыз, – деді Азаматтық орталықтың медиа бөлімінің меңгерушісі Сымбат Жандарбек.
Сонымен қатар сенбілік қортындысы бойынша 4,3 тонна өлі балық жиналды, балықтың салмағы есептеліп, қылмыстық іс материалына тіркелді.
Бүгінде Энергетика ми­нистрлігі Атырау облыстық әкім­дігімен бірлесіп тұрақты түр­де аймақтың экологиялық ахуа­лын жақсарту жөніндегі ке­шенді жоспарды дайындауда. Жағдайға мемлекеттік орган­дар­мен бірге Nur Otan пар­тиясының облыстық филиалы, Атырау об­лыстық әкімдігі мониторинг жүр­гізіп отыр. Nur Otan партия­сының филиалы­мен қатар ішкі істер орган­дарының қызмет­кер­лері, Ауыл шаруашылығы ми­нис­трлігі ве­теринарлық қа­да­ғалау коми­теті қызметкерлері сауда орын­да­рындағы балық сататын нүк­те­лерге күн сайын тексеру жұ­мы­сын жүргізеді.

Ғылыми зерттеуге 80 млн теңге бөлінді
Атырау облыстық балық ша­руашылығы басқармасының басшысы Артур Сәдібекұлының мәлімдеуінше, Жайық өзенін ғылыми зерттеуге облыстық бюджеттен 80 млн теңге қаражат бөлінді. Бұл зерттеу көптеген проблемалық сауалдарға жауап беруі тиіс.
– Біз қажетті біліктілігі және ғылыми базасы бар барлық тұл­ға қатыса алатын тендер жария­лай­мыз. Негізгі мақсат – Жайық және Қиғаш өзенінің пробле­малық мәселелерін зерттеу. Су қоймасының балық қорын қа­лай толықтырып, ұлғайтуға бо­лады, ихтиофаунаны зерттеу. Тен­дерге қазақстандық, сондай-ақ ­шет­елдік ғылыми-зерттеу топтары қатыса алады.
Су қоймаларын ке­шен­ді зерттеу жұмыстары таяуда бас­талуы тиіс. Бұл жұмыс үш ай жалғасады, одан да ұзақ болуы мүмкін. Зерттеудің қоры­тын­дысымен барлық пробле­малық мәселелер – экологиялық ахуал, ластану себептері, судың сапасы және басқа да мәселелер бо­йынша мамандардың ұсыным­дарын алмақпыз, – деп атап өтті Артур Сәдібекұлы.
Бұл нақты ахуалдың көрінісін береді және Жайық өзенінің жай-күйін жақсарту бойынша іс-қимыл жоспарын жасауға көмектеседі.
Атқарылатын жұмыстар об­лыс әкімдігі мен Nur Otan пар­тия­сы облыстық филиалының бастамасымен іске асырылады.

Жайықта балық бар
Аймақ басшысы Н.Ноғаев шекара қызметі, полиция, балық шаруашылықтары басшы­ла­рымен бірге Жайық-Каспий бассейнінің жағалау аумағын шолып шықты.
Облыс әкімі «Амангелді» өн­ді­рістік кооперативінің балық аулайтын учаскесінде балық­шы­лардың жұмысымен танысты. Жа­­йықта балық бар. Әзірге аз бо­­луының өзіндік се­бептері де бар.
«Су әлі салқын. Балық аулау енді басталды. Бірақ балық бар екенін көрдік. Сазан, көксерке, табан, қаракөз бар» дейді ба­лықшылар.
Облыс әкімі Нұрлан Ноғаев жаңа ауланған балыққа толы баржаларды қарап, балық­шы­лардан ауға өлі балық түсіп жатыр ма деп сұрады.
Балықшылардың айтуынша, өлі балық бар, бірақ аз. Негізінен Жайықтың жағасында кездеседі. «Бұл өткен жылы қыс мезгі­лінде өлген балықтар. Мұз еріген соң жағалауға шығып жатыр» –деп есептейді балықшылар.
Бір сағаттың ішінде балық­шылар ауданы 1 тоннаға жуық балық шығарды. Көктемгі ба­лық аулау маусымы басталған 4 күн ішінде 7,8 тонна балық ауланған.
Облыс бойынша балық аулау лимиті – 4 500 тонна. Өңірдегі 11 балық аулау кооперативі 14 учаскеде осындай мөлшерде лимитті игереді. Соңғы деректер бойынша, 13,5 тонна қара балық ауланған.
Облыс әкімі бастаған жұмыс тобы Жайық-Атырау бекіре өсіру зауытының балық аулау учаскесінде болып және өзенді тазалап, балық аулауға дайындық шаралары қалай жүріп жат­қанына көз жеткізді.
Аймақ басшысы Нұрлан Ноғаев өзен жағалауының та­залығына назар аударды. Атырау қаласы мен селолық округ әкім­деріне, жергілікті мемлекеттік мекеме басшыларына нақты тапсырмалар берді.
– Қоқыс жинау жұмыстарын жеделдету керек. Ол үшін адам ресурстары да, көлік те жет­кі­лікті. Су келіп, ағын күшейгенге дейін жинап үлгеру қажет. Бұл жұмысқа бәрі жұмылуы тиіс. Балық аулау кооперативтері айналысып жатыр. Су көлігімен резерват, төтенше жағдайға жа­уапты құзырлы органдар кө­мектеседі. Біздің міндетіміз – қоқысты жинап, тазалықты қал­пына келтіру, – деді облыс әкімі Нұрлан Ноғаев.
Сайып келгенде, Жайық өзенін ғылыми зерттеуге бө­лінген қаражат мақсатты игері­ліп, балықтың өлу себебі мен қос өзеннің тағдырының келешегі үшін не істеу керегін көрсетіп береді деген үміт бар.

Тұрсын ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ, Атырау облысы

Бөлісу: