Фотограф нысанасында  – «Мажар бұғылары»

418
0
Бөлісу:

ҚР Мемлекеттік орталық музейі мен Мажарстан Бас Консулдығы арасындағы мәдени ынтымақтастық жылдан-жылға нығайып келе жатыр. Соңғы жылдары музейге келушілер Мажарстанның тарихы, мәдениеті туралы сыр шерткен «Мажарстан ғылымының – мерекесі», «Мажарстан шығыстанушылары» сияқты көрмелермен танысты.

Қалыптасқан  дәстүрді жалғастыра отырып биыл да Орталық музей алматылықтардың назарына – «Бұғылар жолы» көрмесін  ұсынды. Көрме жануарлар мен табиғат әлемін қорғаумен кәсіби түрде айналысатын Одон Блауманның фото шығармашылығына арналған.

Көрмені музей директоры Нұрсан Әлімбай ашып, Орталық музей мен Мажарстан Бас Консулдығы арасындағы мәдени байланыстың берік орнап келе жатқаны туралы атап өтті. Сонымен қатар Алматыдағы Мажарстан Бас Консулы Ференц Блауманн көрмеде сөз сөйлеп өз ризашылығын білдірді. Көрмеге демеушілік еткен «Технодом Оператор» АҚ Бас директоры Питер Себастьян да көрме тақырыбына қатысты өз ойын білдірді.

Көрмеде жабайы аңдардың өмір сүру ортасындағы түрлі сәттерін бейнелейтін түсірілімдерді тамашалауға болады. Фотосуретшінің объективі бұл жолы Мажар елінің мақтанышы, табиғатының інжу-маржаны – бұғылар мен еліктерге бағытталған. Одон Блауман тек фотосуретші ғана емес сонымен қатар, кино түсіру жұмыстарымен де айналысады. Қазіргі таңда суретші DVD форматта 55 фильм түсіріп, көрермендерге тарту етіп үлгерді. Аталған картиналар қазірге дейін Австрия, Германия, Нидерланды, Италия, Белгия елдерінде көрсетіліп зор қошеметке ие болды. Оның фильмдері «Аңшылық – балық аулау» телеарнасынан жиі беріледі. О. Блауман аңшылық мектептері үшін бірқатар арнайы оқу-түсіндіру фильмдерін және аңшылық кәсібімен айналасушы компаниялардың жарнамаларын  түсірді.

Одон Блауманның жеке көрмелері Венгрияның ірі қалалары: Будапешт, Секешфехервар, Папе, Печье, Зирцен сондай-ақ, Германияның Дортмунд, Австрияның Зальцбург қалаларында өтті. Оның жұмыстары аңшылар журналдарының мұқабасы, аңшы ақпараттық бюллетені  (PIRSCH, WILD und Hund) беттерінде түрлі күнтізбе, газет, кітаптар басылымын безендіруде пайдаланылды.

«Бұғылар жолы» көрмесі бұдан 10-15 миллион жыл бұрын Орталық Азиядан тараған ашатұяқты бұғы тәріздес жануарлар дүниесіне арналғандығын ерекше атап өтуге болады. Бұл жануарлардың Венгрия табиғатына бейімделуі, қоршаған ортаны жерсінуі аңшылық кәсіптің өрістеуіне ықпал еткендігін де айтып өткен жөн. Мажарстанда бұғы, еліктердің Еуропа аймағындағы ең үлкен тобы сақталған.

Көрмеге Одон Блауманның Венгрияның әсем табиғаты мен  жануарлар әлемін таныстыратын 65 туындысы қойылып, шара соңында қысқа метражды фильм көрсетілді.

Гүлайым Кыдыралиева

ҚР Мемлекеттік орталық музейінің қызметкері

Бөлісу: