Елбасы институты – елдіктің ұстыны

432
0
Бөлісу:

– Қазақстандықтардың ұранына айналған «Бір ел – Бір Елбасы – Бір тағдыр!» ұғымы бүгіннен бастап, одан сайын өзекті бола түсті.
Халыққа үндеуінде «Қазақстан Президенті ретіндегі өкілеттігін тоқтату жөнінде шешім қабылдағанын» жария еткен Нұрсұлтан Назарбаев енді мемлекеттігіміздің мәңгілік ұстындарын нығайтуға, елдегі тұрақтылықты сақтауға, Қазақ­станның сыртқы бітімгершілік беделін бекемдеуге Елбасы мәртебесінде ары қарай да қызмет ете беретін болады. Бүгін Н.Назарбаевтың «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы» атты жаңа мәртебедегі алғашқы шешімдерімен «Елбасы институтының» тиісті төл құрылымын қалыптастыруы осыны аңғартады.
Қазақстанның Тұңғыш Президенті сондай-ақ елеулі өкілеттігі бар Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы, билеуші Nur Otan партиясының Төрағасы, Конституциялық кеңестің мүшесі лауазымдары өзінде сақталатынын еске салды.
Елбасы ешқайда кетпейтінін, қазіргі аумалы-төкпелі заманның ащысы мен тәттісін халқымен бірге тататынын білдірді. «Өздеріңізбен бірге боламын. Еліміздің, халқымыздың қамы менің мүддем болып қала береді» деді ол.
Нұрсұлтан Назарбаев тәуелсіз Қазақстан мемлекетінің негізін қалаушы ретіндегі өзінің алдағы міндеті – басшылардың жаңа буынының билікке келуін қамтамасыз ету болатынын, олар өз кезегінде елімізді жаңғырту процесін жалғастыратынын айтты.
Ұлт Көшбасшысы саяси біліктілігінің жоғарғы деңгейі арқасында Қазақстанның өзінен кейінгі басшыларына тұғыры бекіген, кемеліне келген, қызмет тиімділігіне қол жеткізген, ең бастысы, ел алдында беделге ие болған «Президенттік инс­титутты» қалдырып отыр. Ал бұл – дүниежүзіндегі көптеген белді деген елдердің өздерінде табыла бермейтін құндылық.
Елбасының дәуірі, «Назарбаевтың алтын ғасыры» Қазақстандағы кейінгі барлық тарихи салыстырулардың қайнар көзі, бастауы, өзіндік бір эталоны болмақ. Қазақстанның Тұңғыш Президенті Ұлы дала елінің келешектегі барлық басшылары мен билеушілеріне ұлық меже, биік тұғыр белгілеп берді. Бұл далада енді қандай ғасыр болсын, қандай лидер болсын, оны міндетті түрде Нұрсұлтан Назарбаевпен және оның заманымен салыстыратын болады. Өйткені заманауи қазақстандық мемлекеттік Елбасыдан басталады.
Елбасы бұдан ары да еліміздегі демократия­ландыру үдерістерінің дамуына және нығаюына, қоғам өмірінің барлық салаларын жаңғыртуға оң ықпалын тигізері сөзсіз. Демек Nur Otan партия­сының съезінде айқындалған әлеуметтік қамқор­лықтың жаңа шаралары да, бұрынғы жолдау­ларындағы міндеттер де өз ретімен іске асырыла беретін болады.

Бақытбек СМАҒҰЛ,
Мәжіліс депутаты, Nur Otan фракциясының мүшесі

Бөлісу: