Мәселе егжей-тегжейлі талқыланбақ

362
0
Бөлісу:

Nur Otan партиясының орталық аппаратының ғимаратында бейнеконференция режимінде экология мен қоршаған ортаны қорғаудың өзекті мәселелері туралы кеңес отырысы өтті. Партия хатшысы Қаныбек Жұмашевтің төрағалығымен өткен жиында Атырау облысындағы балықтардың қырылуына байланысты жағдай егжей-тегжейлі талқыланды.

Кеңес жұмысына Мәжіліс депутаттары, Ауыл шаруашылығы министрлігінің су ресурстары бойынша комитетінің, Экологиялық реттеу мен бақылау комитетінің өкілдері, облыстық және қалалық мәслихаттардағы партия фракциясының басшылары, партияның өңірлік филиалдардағы бірінші орынбасарлары, партиялық бақылау комитетінің мүшелері, экология жөніндегі департаменттер басшылары қатысты.

Қаныбек Жұмашев апатты жағдайдың салдарын жою, халықтың саулығын сақтау мәселелерін басты назарда ұстау керегін айтты. Ол, сонымен қатар Елбасының тапсырмасы бойынша «Халыққа көмек» жаңа партиялық жобасы аясында жүйелі шешуді, жан-жақты зерделеуді қажет ететін, қоғам назарына ілінген проблемалық, қиын мәселелерге проактивті мониторинг жүргізілетінін жеткізді.

Мәжіліс депутаттары Глеб Щегельский мен Артур Платонов та аталған мәселеге қатысты пікір білдіріп, Жайық өзеніндегі балықтардың қырылу себептерін анықтау жайы Nur Otan партиясының назарында болатынын тілге тиек етті.

Бейнеконференция арқылы байланысқа шыққан Nur Otan партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Нұрлыбек Ожаев Жайық өзеніндегі балықтың қырылуына байланысты жағдайды бақылауда ұстайтынын айтты.

– Қазір аймақ халқын алаңдатып отырған проблема – Жайық өзенінің жағдайы, балықтардың қырылуы. Партия мүшелері Жайық жағалауын қоқыстан тазартуға арналған жалпықалалық сенбілікке қатысты. Бір күннің ішінде 52 тонна қоқыс, 4,3 тонна өлі балық жиналды. Экология департаментінің, Қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің, полиция, Денсаулық сақтау басқармасы, ветеринарлық қызмет басшылары жүргізіліп жатқан жұмыстар бойынша толық ақпарат берді. Базарларда, сауда орындарында балық өнімдерін сату нүктелеріне бақылауды күшейту туралы тапсырма бердік. Қазір жағдай тұрақты. Күн сайынғы мониторинг өзен суында нормадан ауытқу жоқ екенін көрсетіп отыр. Сатуға шығарылған және жаңа ауланған балықтарға зертханалық сынамалар бұзушылықтарды анықтамады. Медициналық мекемелерге балық өнімдерінен улану, инфекциялық ауру дерегімен түскендер тіркелген жоқ, – деді Н.Жұмахметұлы.

Талқылауда сөз алғандар өзен суының сапасын, балық пен балық өнімдерінің базарларда, сауда нүктелерінде сатылуын бақылау, балық өлекселерін жинау, жағалауды тұрмыстық қалдықтардан тазарту сияқты өзекті мәселелерді сөз етті.

Айта кетейік, ветеринарлық қызмет балық өнімдерін сататын 41 сауда нүктесін бақылауда ұстап отыр. Балық аулау орнынан сату нүктесіне дейін және тұтынушыға жеткенге дейінгі аралықтың бәріне мониторинг жасалады. Жиында Атырау облысындағы құқық қорғау органдарына тексеруді ашық  жүргізіп, қорытындысы туралы нақты ақпаратты ұсыну тапсырылды.

Қазіргі уақытта жергілікті бюджеттен 80 млн теңге бөлінді. Тендер жарияланып, оған отандық, шетелдік ғылыми-зерттеу топтары қатыса алады.  Зерттеу жаздың үш айында жүргізіледі деп жоспарланды. Содан кейін экологиялық ахуал, ластану себептері мен су сапасы туралы мәселелер бойынша мамандар нақты ұсынымдар береді. Өзен жағдайы Махамбет ауданынан бастап Каспий теңізіне құйылатын жерге дейін зерттеледі.

Экология мен қоршаған ортаны қорғаудың өзекті мәселелеріне байланысты комиссияның кеңейтілген отырысында айтылған барлық тапсырмалар партия бақылауына алынды. Әр бағыт бойынша жүргізілген жұмыстар туралы жұртшылыққа жедел ақпарат беріледі.

Абылайхан ЖҰМАШ

Бөлісу: