Елдіктің ерен үлгісі

287
0
Бөлісу:

Елорда төрінде ел тарихына кірер аса маңызды оқиға болды. Қазақстанның жаңа Мемлекет басшысының ант беру рәсімі өтті. Елбасы Н.Назарбаев, Сенат пен Мәжіліс депутаттары, Конститу­циялық кеңес мүшелері, Жоғарғы сот судьялары, Үкімет мүшелері, шет елдердің елшілері қатысқан Парламент палаталарының бірлескен отырысында жаңа Президент Қ.Тоқаев Ата заңға қолын қойып, Қазақстан халқына ант берді.

– Қазақстан халқына адал қызмет етуге, Қазақстан Республикасының Конститу­циясы мен заңдарын қатаң сақтауға, аза­маттардың құқықтары мен бостандық­тарына кепілдік беруге, Қазақстан Пре­зи­дентінің өзіме жүктелген мәртебелі мін­детін адал атқаруға салтанатты түрде ант етемін! – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Конституцияның 42-бабына сәйкес, ел Президенті осы ант берген сәттен бастап қызметіне кіріседі. Орталық сайлау комис­сиясының төрағасы Берік Имашев Қ.Тоқаевқа Президент куәлігі мен омырауға тағатын белгісін, «Алтын қыран» орденін табыстады.
Қасым-Жомарт Кемелұлы рәсімге қа­тысушыларға арнаған сөзінде Қазақстан­ның Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаевтың егемен елімізді қалыптас­тыруға және өркендетуге, сондай-ақ Ас­тананы тұрғызуға сіңірген зор еңбегіне айрықша тоқталды.
– Біз барлық жетістіктерімізге, ең ал­ды­мен, Қазақстанның қастерлі Тәуел­сіздігіне Тұңғыш Президентіміз Н.Назарбаевтың қа­жырлы еңбегінің арқа­сында қол жеткіздік. Елбасы Кеңес Одағы күйреген тұстағы аса күрделі геосаяси жағ­дайда жаңа мемлекеттің негізін қалап, оның көшін бастады. Көп­теген теріс бол­жам­дарға қарамастан, ол елімізді барша әлемге мойындата білді. Дүниежүзі карта­сында даму мен демокра­тия­ның, бейбіт­шілік пен келісімнің шы­найы символына айналған мемлекет пайда болды, – деді Қ.Тоқаев.


Қазақстан тарихында тұңғыш рет жаңа мемлекеттік институттарды да Елбасы қалыптастырды. Олардың қатарында Президент институты, қос палаталы Парламент, мемлекеттік қызмет, Қарулы күштер, дипломатиялық қызмет, азаматтық қоғам институттары бар.
Н.Назарбаевтың басшылығымен Қа­зақстанда экономиканы жаңғыртуға бағыт­талған түбегейлі реформалар жоспарлы түрде жүзеге асырылды. Сонымен қатар мем­лекеттің саяси жүйесінде елеулі өзгеріс­тер болды. Құрылымдық реформалар мемлекет дамуының басты қозғаушы күшіне айналды.
– Елбасының жанында ұзақ жылдар бойы қызмет еткен адам ретінде нық сенім­мен айтарым: Президент өзінің еңбек жо­лын биік мақсатқа – халқымыздың әл-ауқатын арттыруға арнаған бірден-бір тұлға. Ол Тәуелсіздіктің алғашқы жылда­рынан бастап халықтың әлеуметтік жағ­дайын жақсарту үшін нарықтық экономи­касы бар қуатты мемлекет құру ісіне білек сыбана кірісті. Қиындыққа толы осы жолда ол теңдесіз табыстарға қол жеткізді. Елба­сының әр Жолдауында, сондай-ақ Nur Otan партиясының ХVIII съезінде сөйлеген сөзінде ел мүддесін көздеген шынайы жа­на­шырлық көрініс тапты. Ел азаматтарына әлеуметтік қолдау көрсетуге арналған бұл құжаттар басқа елдерде бала­масы жоқ бі­регей шараларды қамтиды, – деді Президент.
Тәуелсіздік жылдарында ұлттық ұстанымға адал, шынайы сүйіспеншілік рухында тәрбиеленген жас азаматтардың тұтас буыны қалыптасты. Бұған Елбасы жүзеге асырған жастар саясатының, мазмұны бірегей «Рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақала­ларының ықпалы болды.
– Елбасының қажырлы еңбегінің арқасында халқымыз төл тарихында тұңғыш рет өзін туған жердің заңды иесі сезінді, баршамыздың жүрегімізді Отан үшін мақтаныш сезімі кернеді. «Қа­зақстан–2050» стратегиясы, «Нұрлы жол» жаңа экономикалық саясаты, «100 нақты қадам» Ұлт жоспары елімізді жаңғыртуға, Қазақстанның экономикалық әлеуетін одан ары нығайтуға бағытталған. Бұл халықаралық аренадағы тұрақсыздық пен дағдарыс жағдайында аса маңызды болып отыр. Қазіргі Қазақстан – нарықтық эко­номикасы қалыптасқан, демократиялық әрі зайырлы мемлекет. Барлық өзекті әлеуметтік-экономикалық мәселелер уақытылы шешімін тауып келеді, – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.
Әлеуметтік саладағы қамқорлықтың бірі ретінде Тұңғыш Президенттің бастамасымен «Болашақ» бағдарламасы жүзеге асырылуда. Әлеуеті айрықша Назарбаев университеті құрылып, барлық облыс орталығында зияткерлік мектептер ашылды. Еліміздің әр өңірінде қазіргі кезең­нің талаптарына сай заманауи мектеп­тер салынды. Мыңдаған қазақ өрені шетелде және ел ішінде сапалы жоғары білім алу мүмкіндігіне ие болды.
Н.Назарбаевтың бастамасымен іске асырылған тағы бір ғаламат жоба – «Мә­дени мұра» бағдарламасы төл мәдениеті­міздің дамуына тың серпін берді. Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, «Тамғалы» ескерт­кіштері, басқа да тарихи нысандардың ЮНЕСКО-ның дүниежүзілік мұралары­ның тізіміне енуі халқымыз үшін айрықша маңызы бар оқиға.
Мемлекет басшысы жаңа елордамыз­дың бой көтеруіне Тұңғыш Президенттің сіңірген еңбегі ерекше болғанын еске сал­ды. Оның айтуынша, Астананың құрылысы «Елбасының тарихи ерлігі» саналады. Бас қала тәуелсіз еліміздің шынайы бет-бейнесіне, халқымыздың мақтанышына айналды. Астанамыз, шын мәнінде, өт­кеннің құндылықтарын дәріптей отырып, күллі әлемге Қазақстанның жаңа бейнесін паш етті. Ол саммиттер және басқа да маңыз­ды халықаралық кездесулер өтетін ірі орталық ретінде қалыптасты.
– Біз, қазіргі және келешек ұрпақ өкіл­дері, Елбасының саяси мұрасын жады­мыздан шығармай, қадір тұтып, Нұрсұлтан Назарбаевтың тарихи еңбегіне лайықты құрмет көрсетуіміз қажет. Елбасының халқымызға және әлем қауымдастығына сіңірген ерен еңбегі мен ұлы есімін мәңгі есте сақтауымыз керек. Бұл – халқымызды, әсіресе, жастарды тарихқа құрметпен қа­рауға тәрбиелеп, Елбасының даңқты қызметін әділ бағалау үшін маңызды, – дей келе, Қазақстанның жаңа Президенті осы бағытта Тұңғыш Президенттің есімін мәңгілікке қалдыру бойынша бірқатар бастамалар көтерді.
– Біздің елордамыз атауында Елба­сымыздың есімі ұлықталуға тиіс және ол Нұрсұлтан қаласы деп аталуы керек. Бұл ұсынысты парламентшілер 2016 жылғы 23 қарашада Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай қабылданған деклара­цияда жария еткен болатын. Бұдан бөлек, Қазақстанның Тұңғыш Президенті құр­метіне мемлекетіміздің бас қаласында монумент тұрғызылуы керек. Барлық облыстық қалалардағы орталық көше Нұрсұлтан Назарбаев есімімен аталуы қажет. Елбасы мемлекетіміздің ең жоғарғы атақтары – «Халық қаһарманы» және «Қазақстанның Еңбек Ерімен» марапат­талуға лайық екендігіне барлығы келіседі деген ойдамын, – деді Қ.Тоқаев.
Мұның сыртында, Елбасыға «Құрметті сенатор» мәртебесі ұсынылатын болды.
Бұған қоса, Тұңғыш Президент бей­неленген барлық портреттер мен фото­суреттер бұқаралық орындарда, мемле­кеттік қызметшілердің кабинеттерінде, оқу орындарының ғимараттарында міндетті атрибут ретінде төрде ары қарай да ілініп тұратын болады.
– Елбасының бүкіл тіршілік қызметі «Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы туралы» заңға және өзге де заң­намалық актілерге сәйкес толық қамта­масыз етіледі. Елбасы үшін оның пайда­ла­нуындағы барлық қызметтік инфра­құ­ры­лым да сақталады. Бұл ретте Парламент қа­былдаған заң бойынша Нұрсұлтан Назарбаев өмір бойы біздің еліміздегі жал­ғыз әрі теңдесі жоқ Елбасы болып қалады. Ол сондай-ақ Қауіпсіздік кеңесінің Төра­ғасы, Nur Otan партиясының Төрағасы, Қазақстан халқы ассамблея­сы­ның Төра­ғасы, Конституциялық кеңес мүшесі болып табылады. Елбасының беделді пікірі Қа­зақстандағы стратегиялық сипаттағы ше­шім­дерді әзірлеу және қабылдау кезін­де ай­рықша, басымдықты мәнге ие бола­ды! – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы елімізде билікті тапсыру тыныш, еш қақтығыссыз жағдайда жүзеге асырылып отырғанына назар ау­дартты. Бұл Қазақстанның ішкі тұрақ­ты­лығын қамтамасыз етудің және халықа­ралық беделін нығайтудың қуатты факторы саналады.
Сөз соңында Қ.Тоқаев әлемдік дамудың күрделі кезеңінде ел Президенті ретінде мемлекетті басқаруына зор сенім артқаны үшін Н.Назарбаевқа шын жүректен алғыс айтты.
– Баршамызға ортақ мақсат – Елба­сының басты саяси және тарихи мұрасы – мемлекетіміздің Тәуелсіздігін сақтау және нығайту. Алдымызда ел болашағы үшін атқарылатын ауқымды әрі күрделі жұмыстар тұр. Барлық күш-жігерімді, білімімді Қазақстан игілігіне жұмсауды, халқымызға адал қызмет етуді басты міндет санаймын! – деп уәде етті жаңа Президент.
Жиын соңында Қасым-Жомарт Тоқаев ел Президенті лауазымындағы №1 шешімі ретінде тәуелсіз Қазақстанды орнатуға қосқан тарихи үлесі, экономикалық және әлеуметтік-гуманитарлық дамуға, Қа­зақ­стан қоғамын топтастыруға сіңірген аса зор еңбегі үшін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа «Халық қаһарманы» атағын берді және айрықша ерекшелік белгісі – «Алтын жұл­дыз» орденін өз қолымен тақты.

Айхан ШӘРІП

 

Бөлісу: