Биік – өреңіз, сізге – ереміз!

620
0
Бөлісу:

Мұқаш ЕСКЕНДІРОВ,
Nur Otan партиясы Саяси кеңесінің мүшесі,
«Қазфосфат» ЖШС бас директоры, Қазақстанның Еңбек Ері:

Төрткүл дүниеге танытты

– Еліміздің Тұңғыш Президенті Н.Назарбаев – қазіргі Қазақстанның көркеюіне ерен еңбек сіңірген тұлға. Елбасы еліміздің болашағына қатысты аса маңызды әрі тарихи мәлімдеме жасап, өзінің президенттік өкілеттігін тоқтататынын айтты. Бұл – дәл осы кезеңде ел күтпеген, бірақ Қазақстанның даму стратегиясын алдағы бірнеше жылды есепке ала отырып анықтаған Ұлы саясаткердің шешімі. Өйткені тек елінің болашағын ойлайтын жауапкершілігі жоғары саясаткерлер ғана дәл осындай шешімдер қабылдап, қадам жасай алады.
Қазақстанның Тұңғыш Президенті қазіргі Тәуелсіз Қазақстанның негізін салушы ретінде және оның белсенді іс-әрекеттері мен қызметінің арқасында, даңқты жолы арқылы еліміз халықаралық деңгейде мемлекет ретінде мойындалды.
Елбасының қазіргі экономикалық даму моделінің архитекторы екендігінде дау жоқ. Тарихта, саясатта Назарбаев моделінің табыс­тылығы, тиімділігі мен өнімділігі дәлелденіп отыр. Қиын уақыттарда экономикалық дағдарыстар, геосаяси күйзелістер Назарбаевтың басшылығының арқасында елімізге аса залалын тигізе қойған жоқ. Орталық Азия аумағында нағыз көшбасшыға айналып, елдегі, өңірдегі тұрақтылық пен қауіпсіздік кепілі бола білді.

Татьяна ЛИПИНА,
Nur Otan партиясы Стратегиялық бастамалар институтының қоғамдық-саяси бөлімінің
бас сарапшысы:

БЕЙБІТШІЛІК ПЕН КЕЛІСІМ БРЕНДІМІЗГЕ АЙНАЛДЫ

– 2019 жылдың 19 наурызында Қазақстанда ірі саяси оқиға болды. Мемлекетті 30 жыл басқарған Н.Назарбаев отставкаға кетті. Ол басқарған отыз жыл Қазақстанның бірқатар бағыттарда қарқынды дамуымен сипатталады.
Біріншіден, Мемлекеттік шекараны қазақстандықтардың мүд­десін сақтап, көршілердің мүддесіне қол сұқпай отырып нақты бел­гіледі және сақтай алды. Шекараны шегендеудің қаншалықты маңыз­ды екеніне әлемдегі көптеген елдегі ондаған жылға созылған қақ­ты­ғыстар дәлел. Қазақстан мұндай сценарийден азат. Мемлекет­тік шекараны бекіткен ең соңғы маңызды құжат – Каспий келісімі болды.
Екіншіден, Тұңғыш Президенттің арқасында этносаралық және конфессияаралық келісім сақталып отыр. 130-дан астам этностың бір аймақта өмір сүруі ерте ме, кеш пе, азаматтық немесе халық­а­ралық жанжалға ұласуы мүмкін еді. Мұндайға біздің бейбіт әрі келісімді таңдауымыз жол берген жоқ. Бейбіт пен келісімге қойған бәсіміз Қазақстанды қиын жағдайлардан алып шығып қоймай, оның брендіне айналды.
Үшіншіден, әлемнің барлық дерлік мемлекеттерімен жылдар бойы тәжірибе алмасу, тұрақты кездесулер өткізу мен ынтымақтастық актілері арқылы жылышырайлы қатынас қалыптасты.
Төртіншіден, әлемдік аренада ядролық қаруға қарсылық білдіру арқылы өзімізді бейбітсүйгіш мемлекет ретінде берік орнықтырдық.
Бесіншіден, сындарлы ішкі саясат болашақты жарқын ететін заңдардың қабылдануына ықпал етті. Соның арқасында экономиканың тұрақты өсіміне, шетел инвестициясының көбеюіне және қаржы әлемінде жоғары мәртебеге қол жеткізілді.
Қазақстанның отыз жылда жүріп өткен жолы мен Н.Назарбаев­тың жетекшілігіне жасалған сараптама – жүздеген параққа жүк болатын дүние. Жоғарыдағыдай қысқа шолу жасай отырып, Н.Назарбаев Қазақстан тарихында қазақстандық мемлекеттіліктің тарихын түбірімен өзгерткен адам ретінде мәңгілікке қалады.

Жанар Смақова,
Nur Otan партиясы Cтратегиялық бастамалар институтының қоғамдық-саяси бөлімінің бас сарапшысы:

Тегеуріндерді таптап өтті

– Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының, Тұңғыш Президентіміздің тәуелсіз Қазақстанды аяққа тұрғызып, қалыптастырудағы рөлі айрықша. Оны дәл бағамдау мүмкін емес. Шынында, Елбасы – тарихи тұлға. Дана әрі көреген қасиетімен, жан-жақты саяси білігімен күллі әлемге, соның ішінде өз халқына ұзақмерзімді әрі анық жоспарлай білген жағдайда кез келген сын-тегеуріндерден өтуге, қиындықтарды еңсеруге болатынын дәлелдеп берді.
Нұрсұлтан Назарбаев билік құрған жылдар ішінде қол жеткізген басты жетістігі­міз – қоғамдық келісім мен бейбітшілік. Кеңес Одағы құлаған соң, сарапшылардың басым көпшілігі Қазақстанда ұлтаралық және діни негізде қақтығыстар болады деп болжаған еді. Сол болжамдар жасалып жатқан кешенді шаралардың арқасында орындалмай, бірлігіміз сақталды. Этносаралық және конфессияаралық келісімнің қазақстандық моделі күллі әлемде жоғары бағаға ие.
Бүгінде біз жас әрі болашағы жарқын Астанамызбен мақтанамыз. Әу баста бұл идея пайда болған шақта түрлі сындар айтылған еді. Мақсатын анық көруі, соған жету жолында нық қадам басып, түбі жетістік әкелеріне сенімді болуы сол идеяның қазір адам сенгісіз кейіпте орындалып отыр. Астана аз ғана уақыт ішінде миллион тұрғыны бар қалаға айналды. Өмір сүруге қолайлы, туристердің көзін тартатын, ірі білім, мәдени, сауда және әкімшілік орталық болып шыға келді. Сонымен бірге, бүгінгі таңда белсенді дамып, күн өткен сайын өсіп жатыр.
Тағы бір айта кетерлігі, Қазақстан үшін ғана емес, барша әлемге жаһандық экономикалық дағдарыс пен халықаралық нарықтағы тұрақсыздық сынақ болды. Десек те, біздің дағдарысқа қарсы жоспарларымыз бен стратегияларымыз ірі жаһандық тегеуріндерге төтеп беруге әрі дамудың жаңа сатысына көтерілуге мүмкіндік берді. Қазір Елбасы көздеген мақсатты біз де анық көріп отырмыз. Ол – әлемнің бәсекеге қабілетті отыз елінің сапына ену. Ол мақсатқа да жақындап келеміз.
Тұңғыш Президент мемлекеттік аппараттың жұмысын бір жүйеге, ізге салып берді. Бүгінде құрылым уақыт талабына сай жұмыс атқарып, қоғамның сұрауларына жауап беріп отыр. Нағыз көшбасшы ретінде ол жолдаулар мен мақалаларында қазақстандықтардың алдына даму бағыттары мен нақты шараларды белгілеп берді. Сол айтылған дүниелерге баса мән беріп, тапсырмаларды атқарғанның арқасында халықтың әл-ауқатын қамтамасыз етіп, жетістіктерге қол жеткізе аламыз.
Елбасы – үлкен мақсат қоюды және соны жүзеге асыру жолын өз үлгісімен көрсете білген азамат.

Жаңабай БИСИМБАЕВ,
Nur Otan партиясы Қостанай облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары:

Қазақстанның негізін қалады

– Нұрсұлтан Назарбаев президенттік өкілеттігін тоқтату жөнінде шешім қабылдады. Тарихи сәттің куәсі болдық.
Елбасы қиын кезеңде Тәуелсіз Қазақстанның негізін қалап, әлемдік кеңістікте өзіндік орнын айшықтап берген еңбегі қаншалықты зор екені баршаға аян.
Президенттік өкілеттікті тоқтату – бір күндік шешім емес. Елбасы әрқашан халық пен ел мүддесі тарапынан маңызды шешімдер қабылдап келді. Осыған орай, біз Президент айқындап берген бағытты ұстанып, осы мақсатта күш біріктіруіміз керек. Менің және замандастарымның еңбек жолы, Нұрсұлтан Әбішұлының президенттік кезеңімен тұспа-тұс келді. Елбасы тәуелсіздіктің алғашқы жылдары мемлекет ретінде бедерленбеген Қазақстанды әлем картасына енгізді. Бұл – ерен еңбек, биік мәртебе.
Тұңғыш Президентіміз үнемі халықтың әл-ауқатын жақсартып, жастарды қолдауға, білім мен денсаулық сақтау салаларын дамытуға ерекше көңіл бөлді. «Болашақ» бағдарламасымен мыңдаған жас студент білім алып, бүгінде елдің жарқын болашағы үшін қызмет етіп жүр.
Зу ете қалған ширек ғасырдан астам уақытта реформалар, жолдаулар сәтті іске асырылды. Президент бағыт-бағдар сілтеді. Халықты, Тәуелсіз Қазақстанымызды, ортақ Отанымызды, мәңгілік елімізді сақтай білуге шақырды. Осы құндылықтарымызды бағалай біліп, оны кейінгі ұрпаққа мирас ету – біздің басты парызымыз!

Қайрат БАЛАБИЕВ,
Түркістан облысы мәслихатының хатшысы, Nur Otan партиясының мүшесі:

Әлем мойындаған қайраткер

– Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өкілеттігін тоқтатты. Бүгін бе, ертең бе, әйтеуір бұл оқиғаның болатынын білсек те, бұлай тез шешім қабылдайды дегенге сене алар емеспіз.
Халық та дағдарып қалғандай. Расында, Алаштың ардақтысы болған Елбасымен қазақтың кейінгі тағдыр-талайы тікелей байланыста болғандықтан, «ендігі өміріміз қандай болады?» деген алаңдаушылығын әбден түсінуге болады.
Нұрсұлтан Назарбаев – әуелі қазақ баласы, содан соң әлемдік тұлға. Өйткені өз ошағының жағдайын жасамай тұрып, өзгенің түтінін дұрыс ұшыруға септесу мүмкін емес дүние.
Ата-бабамыз ат үстінен түспей, бес қаруын жастанып ұйықтаса да анталаған жау кәрінен құтыла аламады. Теңдікті, тәуелсіздікті нақ осы Нұрсұлтан Назарбаев алып бергенін біз ешқашан ұмытпақ емеспіз. Тәуелсіздік алу бар да, оны сақтап қалу – қиынның қиыны.
Осындай ауыр өткелектен Нұрсұлтан Назарбаев халқын аман алып шықты. Жер тұтастығын сақтап қалды. Қазақ үшін ежелден қауіпті көрші болып келген алып Ресейдің де, Қытайдың да Қазақстан жерінен дәмесі болғанын көне тарих көз алдыңызға жайып салады. Тұңғыш Президент осынау аса қиын жағдайдан қазақ жерін тұтастай шегендеп алды. Нұрсұлтан Назарбаевтың сындарлы саясаты ұлан-ғайыр жеріміздің тыныштығын, тұтастығын сақтауға қол жеткізді. Ал осы мәселені кейінге қалдырған, тіпті түбі бір делінетін Ресей мен Украинаның текетіресін әлем көріп, араша түсе алмай отыр. Осындай түйткілдер Әзірбайжан мен Армения, тіпті қоңсы туысқан мемлекеттерімізде орын алып жатыр. Бұл – Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың халқы үшін жасаған мыңдаған, миллиондаған жұмысының бір қыры ғана.
Ұлт Көшбасшысы тоталитарлық биліктен демократиялық мемлекет құру ісінде әлем мойындаған жетістіктерге жетті. Әлем тарихында «Назарбаев феномені» деген термин, түсінік пайда болды.
Бұл жағынан алғанда Нұрсұлтан Назарбаев АҚШ-тың негізін қалаған Джордж Вашингтон, құрдымға кетудің аз-ақ алдында тұрған Ресейді ұлы империяға айналдырған І Петр, Түрік мемлекетін дүние жүзіне мойындатқан Мұстафа Кемал Ататүрік, Қытай экономикасын нығайтқан Дэн Сяопин сияқты әлемдік тұлғалардың қатарына әбден жатқызуға болады. Бұл – біздің ғана пікіріміз емес, әлемдік саясат­керлердің мойындаған қағидасы. Дүниежүзі аспанын қара бұлт торласа, азуын айға білеген мемлекеттердің өзі «Назарбаев не дейді, қандай кесім айтады» деп күтеді. Міне, осындай тұлға, қазақ үшін ғана емес, әділетті, бейбітшілікті сүйетін әлем халқы үшін ардақты тұлға өз өкілеттігін тоқтату туралы шешім қабылдады. Бұл қадам – Орта Азия мемлекеттері басшылары ішінде де ең алғашқы шешім болды.

Бөлісу: