ТҮРКІСТАНДА ЖАҢА ТӨРАҒА САЙЛАНДЫ

899
0
Бөлісу:

Түркістан қаласында Nur Otan партиясы Түркістан облыстық филиалының кезектен тыс ХХХVII конференциясы өтті. Жиынға Nur Otan партиясы Саяси кеңесі өкілдері және облыстық партия филиалы Саяси кеңесінің мүшелері, партия ардагерлері, барлық деңгейдегі мәслихаттардағы депутаттық фракциясының мүшелері, жергілікті билік оргадарының басшылары, бастауыш партия ұйымдарының төрағалары мен «Жас Отан» ЖҚ мүшелері бар ұзын саны 300 делегаттың 297-сі қатысты. Конференция барысында партияның облыстық филиалына жаңа төраға сайланды.

 

Конференцияның күн тәртібінде үш мәселе қаралды. Атап айтқанда, күн тәрті­біндегі басты мәселе – Nur Otan партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасын сайлау, Nur Otan партиясының Төрағасы Н.Назарбаевтың партияның кезекті XVIIІ съезінде берген тапсырмаларын талқылау, Nur Otan партиясы Түркістан облыстық филиалының Саяси кеңес құрамына өзгерістер мен толықтырулар енгізу мәсе­лелері. Конференцияны облыстық филиал төрағасының бірінші орынбасары Нұрмахан Жолдасов ашып, жүргізді.

 


Сөз алған Nur Otan партиясының хатшысы Қаныбек Жұмашев алдымен жи­налған баршаны Наурыз мерекесімен құт­тық­тап, жақсы тілегін жеткізді. Сөз ара­сын­да партия Хатшысы басқа қызметке ауы­суына байланысты Жансейіт Түйме­баев­ты облыстық партияның төрағалығы­нан шығарылатынын айтып, партия Төра­ғасы Н.Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес, Түркістан облыстық партия филиа­лының төрағалығына Түркістан облы­сының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің канди­датурасын ұсынды. Облыс әкімі Өмірзақ Естайұлының біліктігіне тоқталған пар­тия хатшысы:
– Сіз білімді, іскер, тәжірибелі басшы ретінде Төрағамыздың барлық маңызды тапсырмаларын орындауға, партия филиа­лының жұмысын одан ары күшейтуге ерекше ықпал етеді деп сенеміз, – деді Қаныбек Бекболатұлы.
Көпшіліктің қолдауымен Өмірзақ Естайұлы Түркістан облыстық партия фи­лиалының төрағасы болып бірауыздан сайланды. Қ.Жұмашев облыс әкіміне Түркістан облыстық партия филиалы төрағасының куәлігін табыстады.
Келесі кезекте сөз алған Түркістан облысының әкімі, облыстық партия филиалының төрағасы Өмірзақ Шөкеев Ұлыстың ұлы күні қарсаңында сенім артып, түркістан облысы бойынша Nur Otan партиясының төрағасы еткеніне сенім артқан баршаға алғысын айтты.

 


Облыстық филиалдың жаңа төрағасы күні кеше Елбасының тарихи шешім қабылдағанына тоқталып, елдің дамуы жолындағы Нұрсұлтан Әбішұлының ерен еңбегін ерекше атап өтті.
– Елбасының Жарлығымен Түркістан облысы құрылып, Түркістанның жаңа дәуірі басталды, – деген филиалдың жаңа төрағасы Елбасының тапсырмаларына орай облыста нақты жұмыстар жүзеге асатынын айтты.
Түркістан облысында нақты жұмыстар атқарылады деп сөз бастаған Өмірзақ Естайұлы баяндама жасап, елдің тұрмыс­тық жағдайын жақсарту бойынша атқары­латын тірлікті қысқаша баяндады.

 


«Елбасы халықты жұмыспен қамту жөнінде арнайы тапсырма берді. Бұл – Nur Otan партиясына, атқарушы билікке, жалпы баршамызға берілген тапсырма. Түркістан облысында осы бағытта жұмыс­ты күшейтіп, елдің тұрмыс жағдайын жақ­сартуға, табысын арттыруға күш саламыз. Ұлыстың ұлы күнінде маған сенім білдіріп, партияның облыстық филиалына төраға етіп сайлап, сенім білдіріп отырғанда­рыңызға алғыс айтамын. Үлкен се­німді ақтау үшін бар күш-жігеріммен жұмыс істеймін деп уәде беремін, – деді Өмірзақ Шөкеев.
Түркістан облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жеңісбек Мәуленқұлов, Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің президенті Болатбек Әбдірасилов, «Ордабасы құс» холдингі бас директорының орынбасары Бақтияр Тағаев баяндама жасап, Nur Otan партиясы тарапынан қолға алынған жұ­мыстар қоғамға үлкен оң өзгерістер алып келіп жатқанын жеткізді.

Тельман БЕЙСЕНОВ, Түркістан облысы

Бөлісу: