ЕҢБЕК БАҒАЛАНУЫ ТИІС

596
0
Бөлісу:

– Ел астанасы Арқа төсіне көшкеннен кейін тәуелсіз Қазақстанның Астанасын көркейту мә­селесі күн тәртібінде тұрды. Елбасы Астананы тамаша қала жасауымыз керек деп күндіз-түні тыным көрмеді. Н.Назарбаев Астананы дүниежүзі халқы қызығатындай қалаға айналдыруды арман етті. Армандап қоймай, өзі білек сыбана іске кірісті.
Тәуелсіздік алған жылдан бастап Нұрсұлтан Әбішұлының жанында қызмет істегендіктен, ол кісінің қай уақытта көз шырымын алғанын, қай кезде оянып жұмысына кірісетінін жақсы білемін. Соның бәріне куә болған соң, Қазақстанның жаңа астанасының қандай қарқынмен, қандай қажырлы еңбекпен өсіп келе жатқанын білгеннен кейін, әрбір адамның еңбегі көзі тірісінде бағалануы керек деген ұстаныммен Астананы Н.Назарбаев атымен атауды ұсынған едім. Нұрсұлтан Әбішұлы – қазақ халқының адал ұлы, аяулы перзенті, шын патриоты. Ұсынысымды Парламент депутаттары бір кісідей қолдады.
Әрине, ұсыныс жасамас бұрын тарихқа жүгіндім. Тарихта мұндай жағдай болған, алысқа бармай-ақ І Петрді алайық. Санкт-Петербор сол кісінің атында. АҚШ-та Джордж Вашингтонның атындағы қала барын әлем біледі. Сол сияқты қала көп.
Астана топырағы жаңбыр жауса, балшығы аяқкиімнің табанын жұлып алардай жабысып алады. Әлі есімде, қалалық әкімдіктің жиналысына үкімет мүшелерін алып барды. Сол жиында «аяқтарыңда туфли, көлікпен жүресіңдер, ең болмаса бір рет көшеде көліксіз жүріп көріңдерші, сонда қарапайым жұрттың жұмысқа қандай жолмен қиналып баратынын білер едіңдер», – деді. Ол кезде Астананың әкімі Әділбек Жақсыбеков еді. Ертеңіне Әділбек 50 метрлік жерден 17 машинаны балшықтан алып шыққандарын айтты. Осындай далада астана салу, дүниежүзі білетін қала тұрғызу жеңіл болған жоқ. Нұрсұлтан Әбішұлы прораб сияқты жұмыс істеді, құрылысқа пайдаланатын шеге мен ағашына дейін қадағалап отырды. Әсем Астана салынды, бұл қаланы бір адам ғана салды деуден аулақпын,
Н.Назарбаев – бастамашы, ұйым­дас­тырушы, жол сілтеуші болды, ол кісі тіпті Океанариум салып, теңіз бен мұхиттарда тіршілік ететін балықтар мен су жәндіктеріне дейін алдырды. Сондағы ойы балаларымыз жануарлар әлемімен таныссын, білсін деген ниет. Соның барлығын көзіммен көрген соң еңбегін неге уақытында ескермеске деген оймен ұсыныс жасадым.
Апта басталғалы елімізде үлкен саяси өзгеріс болып жатыр. Нұрсұлтан Әбішұлы өз еркімен билікті тапсырып, басқа қызметке ауысты. Ешқандай у-шусыз билікті беріп, тағы да өзінің халық патриоты екенін көрсетті. Жаңа Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Астананы Нұрсұлтан деп атау туралы ұсынысты жаңғыртқаны көңілімізді көкке көтерді.

Сәт ТОҚПАҚБАЕВ,
мемлекеттік қайраткер

Бөлісу: