Жауһар қала жаһанға танылды

708
0
Бөлісу:

– Сарыарқадай сайын дала төсіндегі Есілдің қос жағалауынан бой көтерген Елорданың кең қанат жая өркендеуін Нұрсұлтан Назарбаевтың ойға алған ісін орта жолда қалдырмайтын табандылығымен байланыстырамыз. Бұл қала Целиноград, Ақмола атанғанда қандай еді? Енді қазір қандай?! Көрген көз сүйсінетін, көңіл марқаятын, қазақпын деген әр азаматтың жүрегіне мақтаныш сезімін ұялататын
ХХІ ғасырдағы әсем елордаға айналып шыға келді. Оның құрылысын жүргізу барысында да қиындықтар аз болмағаны аян. Оның үстіне айналасында орманы жоқ, балшығы тобықтан келетін, жазда масасы арылмайтын, қыста ақтүтек бораны басылмайтын қалаға бұрын тұрмаған халықтың тез бой үйретуі де оңай емес. Бірақ бір таңданарлығы, Тұңғыш Президентіміз Астана құрылысын жүргізуде қолбайлау болған жайттарды халыққа ешқашан айтқан емес. Үнемі нар жүгін арқалаған ерге тән сабырлықпен, шаһарға көшіп келіп жатқан халықты салмақты мінезімен, парасатты пайымымен жігерлендіре білді. Тәуелсіз елдің ертеңіне деген сенімін қалыптастырумен бірге орнықтыра түсті. Еліміздің өзге өңірлеріне сапары кезінде қалаларды елорда үлгісімен дамытуды ұдайы айтып келеді. Енді жұрттың бәрі – Астанаға баруға асық, жауһар елордаға қоныс аударуды көксейді. Онда жұмыс істегенді мақтаныш етеді.
Міне, Қазақ елінің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қас қағым сәттей болып өте шыққан мерзімде Астананы қандай қалаға айналдырды! Көк тіреген сәулетті ғимараттарының бір-бірінен өтетін әсемдігін айтпағанның өзінде, Қазақ елі, Отан-Ана, Бәйтерек монументтерінің, Кенесары, Жамбыл Жабаев, Бауыржан Момышұлы секілді қазақтың біртуарларына орнатылған ескерткіштердің кейінгі ұрпаққа тағылымдық, өнегелік тұстары жетерлік. Астананы жағалай отырғызылған жасыл белдеуді табиғатқа жанашырлықтың үлгісі деу қажет. Енді Астананың таңғажайып кереметтерін тамашалауға тек өз еліміздің азаматтары ғана емес, алыс-жақын
шет елдерден де келушілер көбейе түсуде. Демек, Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың төл туындысы – жауһар елордамыз жаһан жұртының да көңілінен шықты. Шаһарды бір көрген адам одан Нұрсұлтан Назарбаевтың айшықты қолтаңбасын жазбай таниды.
Осындай орасан еңбекті, талмай, тынбай істеген тірлікті шын бағалап, мойындар болсақ, елорданы Нұр-Сұлтан деп атағанымыз заңдылық. Өскелең ұрпаққа Елбасының еңбегі өшпес өнеге-үлгі болып сақталары анық.
Махметқали САРЫБЕКОВ,
М.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің ректоры,
педагогика ғылымдарының докторы, профессор:

Бөлісу: