«Astana musical» театры Рей Кунидің пьесасын ұсынуда

428
0
Бөлісу:

«Astana musical» мемлекеттік театры  алғаш рет ағылшын драматургі Рэй Кунидің «№13» комедиясын ұсынуда. Қойылым кешеден бастап үш күн қатарынан кешкі сағат 19.00-де «Қазақстан» орталық концерт залының камералық залында өтуде.

«№13» пьесасы – соңғы онжылдықтағы ең үздік комедиялардың бірі. Рэй Кунидің бұл тырнақалды туындысы 1991 жылы ағылшын комедиясының үздігі деп танылып, Оливье Лоуренс атындағы сыйлықты иеленген.

Оқиға желісі қонақүйдегі №13 бөлмеде басталады. Сюжет негізінен үш кейіпкердің арасында өрбиді. Екеуі – беделді саясаткер мен оның хатшысы. Үшінші артық адам – екі көңілдестің кездесуін бұзған қарақшының мәйіті. Абыройына нұқсан келтірмеу үшін бас кейіпкер полицияға да хабарласа алмайды. Күтпеген жерден мәйітке тап болған көңілдестер одан құтылудың амалын іздейді.

Қойылымдағы қайталанбас сюжет, бір мезеттік үрей, мансапқорлықтың кесірінен орын алатын шексіз былық адам болмысының шынайылығын аша түседі. Комедияның қоюшы режиссері – Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы қоры сыйлығының иегері,PhD докторы Еслям Нұртазин болды.

«Айқын» ақпарат

Cуреттер: Советбек Мағзұмов

Бөлісу: