Мадрид әріптестікті тереңдетуді қолдады

383
0
Бөлісу:

Қазақстан Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко және Испанияның Сыртқы істер жөніндегі Мемлекеттік хатшысы Фернандо Валенсуэла 2019 жылғы 29 наурызда Мадридте өткен қазақстан-испан саяси консультациялары барысында екі ел арасындағы стратегиялық әріптестікті тереңдетуге бет бұруды уағдаласты.

Кезекті саяси консультациялардың негізгі тақырыптары саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық блоктың мәселелері, құқықтық базаны кеңейту, сондай-ақ халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша пікір алмасу болды.

Консультациялар Қазақстан мен Испания арасындағы стратегиялық серіктестік туралы шарттың 10 жылдығы қарсаңында өткізілді. Аталған уақыт аралығында екі ел арасындағы қарым-қатынастарда айтарлықтай жетістіктер байқалуда. Атап айтқанда, тұрақты түрде орын алатын ең жоғары деңгейдегі іссапарлар, әріптестіктің маңызды шарттық-құқықтық базасы, бірнеше есе ұлғайған екі жақтық сауда айналымы және халықаралық құрылымдар шеңберінде орнатылған өзара қолдау механизмі.

Тараптар ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың екі ел арасындағы стратегиялық серіктестіктің бастамасын құрудағы тарихи рөлін атап өтті. Н. Назарбаевтың Испанияға сапарлары және Хуан Карлос І мен Фелипе VI Қазақстанға сапарлары екі жақтық қатынастардың қарқынды дамуына себеп болды.

Испан тарапына Король Фелипе VI Елбасының атына Мемлекет басшысы ретінде жұмысын аяқтағанына қатысты жылы хатына және Қасым-Жомарт Тоқаевтың ҚР Президенті лауазымына кіріскеніне орай құттықтау хаттары үшін алғыс айтылды. Мадрид Ақорданың елдің сыртқы саясаты үздіксіз болатыны туралы хабарын оң қабылдады.

Ф. Валенсуэла Қазақстанның аймақтағы өңірлік және жаһандық қауіпсіздікті нығайтуға бағытталған бастамалардың маңыздылығын атап өте отырып, Қазақстанның сындарлы және халықаралық аренадағы белсенді рөліне тоқталды.

Тараптар 19-20 наурызында Мадридте 80-ге жуық испан компаниялары қатысқан қазақ-испан «роуд-шоуының» табысты өткенін атап өтіп, онда екі елдің іскер топтары арасындағы ынтымақтастықтың перспективалық жобалары талқыланғанын қоштады. Саяси консультацияларда цифрландыру, инфрақұрылымдық жобалар, ауыл шаруашылығы және агроөнеркәсіптік кешен, жаңартылатын энергетика, құрылыс, инженерлік, қорғаныс және аэроғарыш салаларындағы ынтымақтастықты тереңдетудің кең әлеуетін атап өтті. Испан серіктестерінің назары Қазақстанның географиялық орналасуын және еліміз арқылы өтетін көлік-логистикалық бағыттарын ескере отырып, қосымша құнмен бірлескен өнім өндірісін құрудың тартымдылығына баса назар аударылды. Қазақстан делегациясы «Астана» Халықаралық қаржы орталығы базасында іскерлік қатынастарды дамыту перспективаларына ерекше назар аударды.

Мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайту туралы айта келе, испан тарапы испан тілін үйренуге мүмкіндік беретін Испания Елшілігінің Нұр-Сұлтандағы жаңа ғимаратында «Сервантес бұрышының» жақын арада ашылуын жариялады.

Өз кезегінде Р. Василенко Мадридте испан тіліндегі Елбасы Н.Назарбаевтың «Тәуелсіздік дәуірі» кітабы және қазақ прозасы мен поэзиясының антологиясын ұсынылатының жеткізді. Сәуірдің соңында Мадридте «Equus: Жылқы Тарихы» деректі фильмінің премьерасы өтеді.

Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі басшысының орынбасарымен бірге Испания астанасына Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Талғат Ластаев, ұлттық экономика, цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш министрліктерінің өкілдері, сондай-ақ «Қазақстан Инжиниринг» ұлттық компаниясы өкілдері келді.

Сапар аясында Қазақстан мен Испанияның авиациялық биліктері арасында ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылып, әуе қатынасы туралы үкіметаралық келісімнің мәтініне қол қойылды. Қол қойылған меморандум екі ел арасында тікелей әуе рейстерін ашу үшін құқықтық негіз қалауда.

Келіссөздердің соңында Р. Василенко «EFE» жетекші испан ақпараттық агенттігіне сұхбат берді. Сұхбат барысында екіжақты ынтымақтастықтың жай-күйі мен перспективалары туралы өзекті сұрақтарға жауап берді, сондай-ақ Қазақстанның ішкі саяси өміріндегі соңғы өзгерістер туралы хабардар етті.

Елдар Қаба

Бөлісу: