Саясат пен сатираның тартысы

352
0
Бөлісу:

31 наурыз күні Украинада президент сайлауы өтті. Ең көп дауыс жинаған екі кандидат – президенттік мерзімін жаңа аяқтаған Петр Порошенко және әзіл-ысқақ әртісі Владимир Зеленский 21 сәуірде сайлаудың екінші кезеңінде бақ сынайды.

Украина Орталық сайлау комис­сия­сының кеше кешкісін жариялаған де­регіне сәйкес, бюлле­тендердің 86,22% қаралып, нәти­же­сін­де Вла­ди­мир Зеленский – 30,32 %, Петр Поро­шенко 16,02% дауысқа ие болған. Үш­ін­ші орында – 13,30 % халықтың қолдауын алған Юлия Тимошенко тұр. Оппозиция басшысы Тимошенко өзі жүргізген есеп бойынша Петр Поро­шенкодан көп дауыс жинағанын, сай­лау қорытындысымен келіспейтінін білдірді. Сайлауда бақылаушы қызме­тін 17 ел өкілі мен украиналық 139 үкі­меттік емес ұйым мүшелері атқар­ды. Ресми Киев шешімі бо­йынша, ресейлік бақылаушылар сай­лауға қатысты­рылмады. Ресей аума­ғында тұратын украиналықтар дауыс беру құ­қығын пайдалану үшін көрші мемле­кеттерге баруға мәжбүр болды.
Шоумен, әзіл-ысқақ бағытына бү­кіл өмірін арнаған Владимир Зе­лен­скийдің тәжірибелі саясаткерлерді жолда қалдырғаны барлық шетелдік ақпарат құралдарына жаңалық болды. New York Times, Guardian басылымдары Зеленский өзінің қоғамдық ықпалы мен әлеуметтік желідегі аудиториясын ұтымды пайдаланды деп есептейді. Оның орыс және украин тілінде еркін сөйлеуі де елдегі орыс тілді қауымның сенімін иеленуге көмектескен болуы мүмкін. Зеленский өзге кандидаттар аса назар аудармаған жастар сана­тымен жақсы жұмыс істегенін оның қар­сы­ласы Петр Порошенко да мо­йындады. Ол сайлау нәтижесін «ауыр соққы» деп бағалап, келесі кезеңде жастармен бай­ланысын арттыруға күш салатынын жет­кізді. «Сіздер елдегі өзгерістерді кө­­ріп отырсыздар. Бірақ бұл процесс­тің тезірек, әлде­қайда сапалы жүр­генін қа­­лайды екен­сіздер. Мен сіз­дердің қар­­сы­лық­­та­ры­ңыздың мәнін түсіндім», – деді ол.
Петр Порошенко – Украинадағы ең бай адамдардың бірі. Кондитер магна­ты Украина НАТО және Еуро­одақпен интеграциясын арттыру жолында кү­ресті. Елдегі украин тілінің ықпалын күшейтуді қолға алып, Украинаның православ шіркеуін Ресейге тәуел­діліктен құтқару арқылы Порошенко Мәскеуге жалтақтамайтын дербес мемлекет құруға ынталы екенін көр­сетті. Бірақ Порошенконың Дон­бас­с­тағы әскери қимылдарды тоқтату ту­ралы уәдесіне қарамастан, ол елді бас­қарған соңғы бес жылда Украина­ның шығысында 13 мың адам қаза тапты. Өмір сүру сапасының төмендеуі мен жемқорлықтың артуы Зеленский сияқ­ты халықтың ортасынан шыққан, сая­си ортадан аулақ адамға зор мүмкіндік берді.
Петр Порошенко сайлауалды бағ­дар­ламасын «Әскер, Тіл, Сенім» деп ата­­ған. Оның бағдарламасында
2023 жы­лы Еуропалық одаққа кіруге өті­нім беру, НАТО-ға мүшелікке қа­былдану бойынша жоспарды орын­дау, оккупацияланған территорияларды саяси-дипломатиялық жолмен қайтару қамтылған. Порошенконың бағдарына сәйкес, Украина алдағы уақытта аг­рарлық және IT сектордың көшбас­шысына айналып, «Шығыс Еуропа­ның транспорттық хабы» атануы ке­рек. Мұғалімдер жалақысын көтеріп, білім сапасын арттыру үшін инвестиция салу да – бұрынғы президент жоспа­рының бірі.

Зеленский кім?
Владимир Зеленский орыс тілі ба­сымдыққа ие, өндірістік Днепропе­тровск облысында дүниеге келген. Бала күнгі достары мен студент жылдары табысқан жақындарының басын қосып, комедиялық труппа құрған. «Квартал-95» студиясы Украина сахнасында жылдар бойы сәтті жұмыс істеп келеді. 2015 жылы аталған студия «Слуга народа» фильмін түсірді. Тарих пәні мұғалімі аяқасты президент болып, жемқор жүйеге қарсы қалай күресетінін көр­сететін фильмде басты рөлді Владимир Зе­ленскийдің өзі сом­дайды. Көпшілік Зеленскийдің се­риал­дағы қоғамдық көлікпен жүретін, өз от­басына артық басымдық бермейтін, өте адал прези­дент образын шынайы қабылдайтынға ұқсайды. Осыған дейін екі маусымы жарық көрген сериалдың сайлау алдында үшінші маусымы телеарнадан көрсетіле бастады. Зелен­скийдің қарсыластары мұны «халыққа әсер ету әдісі», «саяси үгіт-насихат» деп тапты.
Gallup қоғамдық пікірді зерттеу институты наурыз айында жүргізген сауалнамаға сәйкес, украиналықтардың 9 пайызы ғана елдегі билікке сенім білдірген. Владимир Зеленскийдің саяси кеңесшісі Дмитрий Разумков комедия актерін халықтың қазіргі негативті көңіл күйін пайдаланған «популист» көретіндерге «Жүйеден бәрі шаршады және оған қарсы кү­рескісі келеді. Ал Зеленский – биліктен шаршаған халықтың жиынтық бей­несі» деп жауап берді.
Зеленскийдің сайлауалды бағдар­ламасының идеологиялық негізі – ха­лық билігі. Ол президенттік қызметін Украина президенті, халық депутатта­ры мен соттың жеке басына қол сұғыл­мауын қамтамасыз ететін заңды алып тастаудан бастағысы келеді. Оның пікірінше, қылмыс жасаған кез келген адам мансабына қарамай жазалануы керек. Ол сондай-ақ «Президенттің импичменті туралы заң қабылдаймын. Сонда менің жұмысыма көңілі толма­ған халық орнымнан алып тастай ала­ды. Бесжылдық мерзімнен кейін қайта сайлауға түспеймін» деді.
Халықтың басым қолдауын иелен­геніне қарамастан, батыс саясаткерлері мен шетелдік инвесторлар Владимир Зеленскийге күмәнмен қарайды. Оның кандидатурасына қар­сылық білдіру­шілер әдет­те оның саясатта тәжірибесі жоғын алға тартады. Оның те­ле­де­батқа қатыс­пауын, сай­лауал­ды нау­­қан ке­зінде өте аз сұх­бат бе­руін «то­сын­нан қойылған сұрақ­тарға жауап бе­руден тай­сақ­тауы» деп түсінгендер де та­был­ды. Петр По­ро­шенконың пі­кі­рінше, Вла­­димир Зеленский ха­лықа­ра­лық қарым-қаты­нас­тар­да Укра­и­наның аты­нан шешім қа­был­дау­ға, әсі­ресе, Ресей Президентімен ке­ліс­сөз жүргізуге дайын емес. «Путин әлсіз, жұмсақ, тә­жі­рибесіз, саяси ше­шім шығаруға қабі­летсіз адамның Украина президенті болғанын арман­дайды. Біз, шынымен, оған (Путинге – ред.) осындай мүмкін­дік беріп қоямыз ба?» – деді ол.
Зеленскиймен кездескен еуропа­лық дипломаттардың бірқатары Guardian басылымына пікір білдірген. Олар өз сөзінде Зеленскийдің бағдарламасы қағаз жүзінде ғана әдемі екенін, ал іс жүзінде кандидат өз ұсыныстарын түсіндіре ал­мағанын айтқан. Exotix инвестициялық банкінің өкілі Стюарт Калверхаус «Зеленский бизнес өкіл­дерімен кездесу кезінде өзін барынша кәсіби тұрғыдан көрсетуге тырысты. Бірақ сайлаудың екінші кезеңінде Зеленскийге өзі ұсын­ған бағдар­ламаларды нақтылап, эко­номикалық шараларды барынша түсіндіруге тура келеді» деп есептейді.
Украинаның бұрынғы экономика министрі Айварас Абромавичус Вла­димир Зеленскиймен кездесуден ке­йін туындаған ойымен бөлісті. Канди­датты «мақ­сатына берік», «жақсы тың­дау­шы» деп сипаттаған экс-ми­нистр: «Зе­лен­ский саяси жоспарлары және Ко­ло­мойскимен байланысы туралы сұ­­­­рақ­­тарда нақтылық танытқан жоқ. Көп нәрсеге қатысты сал­мақты көз­қа­расы жоқ сияқты. Бұ­дан ар­тық­шы­лық көремін. Прези­дент бол­са, бұл көз­қарастар қалыптасады. Он­ың жа­нын­да, сөзсіз, біреу бар. Бірақ ол тұл­ға­ның кім екені маңызды сұрақ», – деді.
Владимир Зеленскийдің қолдау­шысы – олигарх Игорь Коломойский болуы мүмкін деген болжам бар. Ол – «Квартал-95» студиясының бағдар­ла­малары көрсетілетін «1+1» арнасының басшысы. New York Times «Коло­мой­ский өзіне тиесілі «ПриватБанкты» мемлекет меншігіне алып қойғаны үшін Порошенкоға өкпелі, сондықтан оған қарсылас кандидатты қолдауы мүмкін» деп болжайды. 26 наурыз күні Петр Порошенко Игорь Коломойский басқаратын «1+1» арнасын өзінің ар-намысына нұқсан келтіретін жалған ақпарат таратқаны үшін сотқа бергенін хабарлады.
Сайлауалды бәсекеде ең жоғары қызметке таласушылардың бүкіл өмірі мен бұрын байқаусызда айтқан сөз­деріне дейін жұрт назарына ілінетіні белгілі. Осындай мәлімдеменің бірі Зеленскийдің де басына дау тудырды. Оның 2014 жылы «Путиннің алдын­да тізерлеп тұруға дайынмын» де­гені Ресейге қарсы көңіл күйдегі ха­лыққа кері әсер етті. Зеленский ойы халыққа бұрмаланып жеткенін, толық мәтінде «Керек болса, мені Путиннің алдына тізерлеп отырғызыңдар! Тек Украина ондай күйге түспесін» дегенін, ол ойы­нан қазір де бас тартпайтынын айтты.

Динара ТЛЕУБЕК

 

Бөлісу: