Зайсан көлінде адасып қалған екі балықшы құтқарылды

311
0
Бөлісу:

Зайсан көлінен балық ауламақ боп адасып қалған екі балықшы құтқарылды.

Күршім ауданы, Аманат ауылының бес бірдей тұрғыны балық аулаймыз деп іргедегі Зайсан көліне шыққан. Күн райының жылынып келе жатқанына қарамастан балықшылар ери бастаған мұздан қорықпай, жағадан 4-5 шақырым қашыққа қарай жүре береді.

– Балық аулаушылар жағадан 6 шақырым жерге дейін ұзап бара жатқанда мұздың жұқа екенін сезе бастайды, – деді құтқарушылар отрядының 9-ыншы бөлімше бастығы Талғат Нұржанов. – Үшеуі мұздың жұқа екендігін сезіп, кері қайтады. Ал екеуі тым алысқа ұзап кеткендіктен аяқ астындағы мұздың шытынай бастағанын кеш ұғады. Сөйтіп көмек сұрай бастайды. Олардың айналасындағы мұз жарыла бастайды. Ал күн болса ұясына батуға жақындайды. Нәтижесінде балық аулаушылар қайда барарларын білмей, бағыттарын жоғалтып алған.

Балықшыларға құтқарушылар уақытысында жетіп барады. Жарты жолын қайықпен, ал кейбір тұста мұз бөгет болғандықтан жаяу жүруге тура келген. Адасып кеткен екі балықшыны тауып алған құтқарушылар оларды аман-есен үйлеріне жеткізіпті. ТЖБ мамандары тұрғындарға әзірше балық аулау үшін көлге шықпауды сұрап отыр.

Раушан Нұғманбекова,
Шығыс Қазақстан облысы.

Бөлісу: