Жетісудың жолдарында соғыс жүріп жатқандай

319
0
Бөлісу:

Алматы облыстық полиция департаменті басшысының орынбасары Нұрлан  Алмасбеков пен жергілікті полицияның жетекшісі Марат Күштібаевтың қатысуымен ұйымдастырылған кезекті брифингте айтылғандай, биылғы бірінші тоқсанда облыс аумағындағы үлкенді-кішілі жолдарда тіркелген жол-көлік оқиғаларының саны былтырғыдан  біршама артып, оларда 100 адам қайғылы қазаға ұшырап, 700-ден астам жолаушы түрлі жарақаттар алыпты.

Осынау қорқынышты цифрларға үңілсек, жол үстінде көз жұмған жандар саны былтырғы осы уақытпен салыстырғанда 53 пайызға көбейіп кеткенін аңғарасың. Жол-көлік апаттарының 73 пайызы жергілікті маңыздағы жолдар мен елді мекендердегі көшелік-жолдар желісінде тіркелсе, қалғаны республикалық трассалардың үлесінде. Алайда адамдардың қазасы мен жарақаттануына әкеліп соқтырған оқыс оқиғалардың басым бөлігі осы республикалық маңызға ие жолдарда болған.

Полковниктердің айтуынша, Алматы мен Талдықорған, Алматы мен Тараз, Батыс Еуропа – Батыс Қытай автомагистралдарының Алматы облысына қарасты бөліктерінде  автокөліктердің жылдамдықты шамадан тыс асырып жіберуі, қатты келе жатқан автокөліктердің бірін-бірі баса-көктеп басып озуы  немесе алдын қиюы кесірінен тіркелетін жол-көлік оқиғалары жиілеген. Жолдардың жақсарғаны жақсы-ақ,  бірақ трасса тамаша екен деп шектен шығуға да болмайтыны анық. Сонымен бірге күре жолдар өтетін аудандардағы елді мекендер тұсында автокөліктердің малмен қақтығысуы да көбейіп кетіпті. Мұндай жағдайларға жолдарды төсегенде малдың өтуіне арналған өтпелердің дұрыс орналаспауымен бірге тұрғындардың төрт түлікті қараусыз қалдыруы да себеп болып жатады. Кейінгі кездері Талдықорған – Өскемен трассасында да жол-көлік апаттары жиілеп тұр. Бұған осы бағыттағы күре жолдың қайта төселуіне байланысты жұмыстардың да әсер етіп отырғаны анық.  Жергілікті жолдардың нашарлығы мен көшелерді жарықтандырудың сын көтермейтіндігі де өзінің кесірін тигізуде.

Қалай болғанда да, бірінші кезекте жауапкершілікті күшейткен жөн. Бұл талап  бірінші кезекте  жүргізушілер мен жолаушыларға, сондай-ақ жол сапасына жауап беретін мекемелерге қатысты. Алматы облыстық полиция департаменті бар мүмкіндікті қарастыра отырып, жолдардың қауіпсіз болуын, жол қозғалысы ережесі талаптарының сақталуын қамтамасыз етуге тырысуда. Түрлі акциялар мен алдын алу, сақтандыру шараларын тұрақты өткізіп тұрады. Соған қарамастан, дәл қазіргі кезде облыс жолдарындағы жол қозғалысы қауіпсіздігі алаңдатарлық жағдайда.

«Айқын» ақпарат
Фото: sputniknews.kz

Бөлісу: