21-ге толмаған жастарға ішімдік алып беру – заңсыз (видеоэксперимент)

382
0
Бөлісу:

Қоғамдық денсаулық сақтау мәселелерімен айналысатын «Аман-саулық» қоғамдық қоры, алматылықтардың 21 жасқа толмаған жасөспірімдерге алкогольді сатып алуға көмектесуге қаншалықты қолдайтындары туралы әлеуметтік эксперимент жүргізді.

Оқиға былай өрбіді: 21 жасқа толмаған жас жігіт, дүкен маңында жүрген жүргіншілерден өзіне алкогольді сатып алып беруге көмек сұрады. Тұрғындардың жартысынан көбі бірауыздан алкогольді сатып алуға көмектесуге келісетіндерін жеткізді. Тек бірнеше адам ғана азаматтық белсенділік танытып, бұл ұсыныстан түбегейлі бас тартты.

Бүгінгі таңда Қазақстан Орталық Азияда 15 жастан асқан адамдардың ішімдікті пайдалану көрсеткіші бойынша бірінші орында тұр.  Адам басына шаққанда 15 жастан бастап бір адамға алкоголь өнімдерін тұтыну жылына шамамен 9 литрді құрайды. Оның 65% күшті алкогольді сусындар.

Мәселен, 2019 жылдың басында «Аман-саулық» қоғамдық қоры Алматылық студенттер арасында сауалнама жүргізген болатын. Соның нәтижелері бойынша студенттердің 38 пайызы алғаш рет алкогольді 16 жасында, 37 пайызы 16-дан 18-ге дейін, 20 пайызы 18-ден 21-ге дейін, тек 5 пайызы ғана 21 жастан асқан соң ішімдікті пайдаланғандарын жеткізді.

«Аман-саулық» ҚҚ басшысы Бақыт Түменованың айтуынша, тәжірибенің міндеті қарапайым алматылықтардың жас жігіттің өтінішін қаншалықты қабылдайтынын және Қазақстанның ең ірі мегаполисінде 21 жасқа дейінгі алкогольді сату туралы заңнамалық шектеулердің қалай жұмыс істейтінін анықтау болды.

«Айқын» ақпарат

Бөлісу: