Мәдениетті жаңғыртудағы әйелдің рөлі

576
0
Бөлісу:

«Ұлы дала» және бүгін

Олжас Сүлейменовтің: «Біз жанымызға қымбат дүниенің бә­рін, ардақты Әйел қауымы, саған теңейміз: Отан – Ана, Тарих – Ана. Ерлік пен Ар. Тіпті өлеңнің өзін саған телиміз» деген мазмұн­дағы өлең жолдары бар.
Қай дәуір, қандай заманда да поэзияның Әйел-Ананы жырлауда жастығына жантайып дамылдаған кезі болған емес, сұлулығы мен жылулығы үшін де, әйел атаулы­ның сүйгенін де, махаббат жолын­да от-жалынға күйгенін де ғашық көңілмен өлеңге қосты, ынтазар жүрекпен ән қып шырқады. Ақбас тарихтың қойнауынан мысал іздесең, қадам басқан сайын сүрі­не­сің, қазіргі заманауи Қазақ­станымызға қарай ат басын бұрсаң да, айдап отырып айдала тақырға шық­пайсың: айнала – құдды ну орман, жынысты тоғай, гүлзарлы бақ іспетті. Көп алысқа бармай-ақ, Тұмар ханымды еске алсақ жетеді. Парсылардың ешкімге бас имеген ІІ Ұлы Кир секілді көш бас­таушы серкесінің жауырынын жерге қадаған жоқ па?! Күллі Месо­по­тамия мен Вавилонды тізесінің астына басып, аузына қаратқан қандықол қолбасшы, Ахеменид державасының негізін қалаушы осындай алпауытпен жекпе-жек жаға жыртысуы былай­ғы кезде көздің жауын алып жүрген құмырс­қа бел құралай сұлудың ең қымбат қазынасы – отбасы мен Отанына қауіп төнген кезде аяқ астынан көзіне қан толып, арыстандай ақыр­ған жаужүрек жауынгер бо­лып шығарына куә болмай ма, сірә?!
Сөз арасында айта кетейік, Ұлы дала әйелдерінің басқа шығыс қыздарынан басты айырмасы – жастайынан жеке бас еркіндігі мен бұла еркелігін қатты қадірлеген, қа­жет жерінде ерлермен иық қа­ғыс­т­ыра отырып, ел мен жер тағ­дырына қатысты келелі кеңесте қамшы тастап сөз ұстаған. Тарих­шы­лар айтып жүргендей, әйел – үзеңгі жолдас, хан кеңесшісі, ру басы, сөз тапқыш шешен, ең ақыр аяғы әйел – жауынгер деген ұғым алғаш рет осы Ұлы дала бесі­гінде тербелген.
Сөз арнасын сезімнен сәл бері бұрсақ, әйел – бір ғана отбасының тірегі, ошақ отын сөндірмей ұстау­шы шырақшысы емес, Отанының да қоғамдық өміріне бел шешіп белсене кірісіп кететін қайраткер, әрқашан қоршаған ортаны жаң­ғыр­туға әрекеттеніп отырған. Тіпті күні бүгін әйелдердің өмірдегі орнына қарап қоғамның қанша­лықты өркениет деңгейіне көтеріл­генін, сонымен бірге қоғам мүше­ле­рінің ізгілік, теңдік пен қайы­рым­дылық ұстанымдарына қан­ша­лықты берігін көз жұмып тұрып айқындауға болады.
Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы осындай ойға жетелейді. Тұң­ғыш Президентіміздің бұл жаңа жұмы­сы оның кең ғылыми мағлұ­ма­т­ы­мен тәнті қыла­тын ұзақ жылдарғы тарихи-сараптамалық моно­графиясын жалғастырып қана қоймайды, болашаққа ба­ғыш­талған идеялық ұшқырлы­ғымен, толыққанды қолданбалы бағыты­мен ерекшеленеді.
Ақиқат үшін айтып өткен парыз, Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласын «ұлттың қайталанбас манифесі» деп атауға болады. Өйткені мұнда рухани-зияткерлік саланың ең маңызды дегендері сөз болады. Алыс және жақын тарихи келешекке байла­ныс­ты нақты іс-әрекет жоспары жасақталған.
«Жеті қыр» қазақ халқының тасқа қашалған жазу, атты-көшпелі өркениет құбылысы, халықтық музыка мен құдіретті сөз кені секіл­­ді аса сирек кездесетін ұлы мұраларын күнделікті өмірге ұлас­тыру, ұрпаққа жалғастыру, қол­да­нысқа енгізу құқығымен бірге қарастырады.
Әдетте ерлердің ғана еншісінде деп есептелетін қиындықтар мен ауыртпалықтарды адамзаттың «нә­зік жанды екінші бөлігі» деп сана­латын әйелдер қауымы еш қиын­дықсыз иығына арта алаты­нын дәлелдеді. Бүгінгі таңда әйелдің президент, саясаткер, әске­ри қызметкер, ғалым, жазушы болып жүргені ешкімге таңсық емес… «Темір ханшайым» Маргарет Тэтчер бір кездері былай деп тегін айтпаса керек: «Егер тапсырылған іс туралы пікір естігіңіз келсе, ер­кек­ке жүктеңіз, ал сөзсіз орын­дал­ғанын қаласаңыз, әйелге тапсы­ры­ңыз».
Шын мәнінде, әйелдер билікке келген жердің бәрінде олар нәзік жандылардың темірдей берік тұстары жеткілікті екенін іс жүзін­де көрсетіп келеді. Тіпті жаһан­дық деңгейдегі ауыртпалықтардың өзі ер адамның қатал, сыни және тегеурінді ойлау жүйесіне ғана емес, әйелдің нәзік те сезімтал жүрегіне мойынұсынып бағынаты­нын дәлелдеді. Біздің Қазақстанда да әйелдер қауымы ерлермен бір сапта мемлекеттік мекемелерде, заң шығарушы органдарда, министрліктерде, қоғамдық ұйымдар мен партияларда, білім мен денсаулық, мәдениет пен спорт, бизнес салаларында жемісті еңбек етіп келе жатыр.

Ел есіндегі есімдер

Нұрсұлтан Назарбаев өзінің аталмыш мақаласында атап көр­сет­кендей, «Көпшіліктің сана­сын­да тарихи үдерістер, негізінен, тұл­­ғаландыру сипатына ие бола­ты­н­ы белгілі. Көптеген халық өз елінің ерекше елшісі сынды ұлы бабалары­ның есімдерін мақтан тұтады.
Мысалы, өткен дәуірлердегі Тутанхамон, Конфуций, Ескендір Зұлқарнайын, Шекспир, Гете, Пушкин және Джордж Вашингтон сияқты дүниежүзіне белгілі тұл­ға­лар бүгінде «өз мемлекеттері­нің» баға жетпес символдық капи­талы саналады әрі сол елдер­дің халық­аралық аренада тиімді ілгерілеуіне септігін тигізіп отыр».
Ұлттық мәдениетіміздің ал­ғаш­қы қарлығаштары болған әйел­дердің есімі ел тарихында ал­тын әріптермен жазылды. Мәсе­лен, қазақтың кәсіби суретші қызы Гүлфайрус Исмаилова, Қазақ­стан­ның халық суретшісі атағына ие болған, ҚазКСР еңбек сіңірген өнер қайраткері. Қазақстанның халық әртісі Бибігүл Төлегенова мен қазақ қыздары арасынан шыққан тұңғыш суретші Айша Ғалымбаева тұтас бір дәуірдің айнасына айналды.
Шара Жиенқұлова – қазақ кәсіби би өнерінің бастауында тұр­ған адам және актриса. М.Әуезов­тің «Айман-Шолпан» дра­ма­сында, Евгений Бруси­ловский­дің «Қыз Жібек», «Жалбыр» және «Ер Тар­ғын» операларында халық билерін орындады, «Қалқаман – Мамыр» тұңғыш ұлттық балетінде Мамыр­дың партиясын билеп, «Амангелді» кинофильмінде Балымның рөлін ойнады. Шара Жиенқұлова Қазақ­стан музыкалы-пластикалық өне­рінің жауһары. Заман­дас­тарының айтуына қарағанда, тамаша гра­ция, қол қимылдарымен сурет салу, бас және саусақтар арқылы сөз ұғындыру сияқты айрықша қасиеттерімен көзге түскен. Гүл­файрус Исмаилова «Қазақ вальсі» деген картинасын арнады.
Күләш Байсейітова – кәсіби опе­ра өнерінің алғашқы қарлы­ға­шы, Сталиндік сыйлыққа екі мәр­те ие болған, сонымен қатар КСРО халық әртісі. Ұлы Отан соғысы жылдарында Күләш Байсейітова майданның алғы шебінде өнер көрсетті, осындай ерлігі үшін «Ұлы Отан соғысындағы ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған. 1949 жылы Кеңестік бейбітшілікті қорғау комитетінің құрамына енді. Бейбітшілікті жақтаушылардың ІІ Бүкіләлемдік Конгресінің жұмы­­сына қатысты.
Әншінің есімін ел есінде мәңгі қалдыру мақсатында Қазақ­стан­ның Мемлекеттік сыйлығы та­ғайындалған. Қазақстанда Күләш Байсейітова атындағы әншілер бай­­қауы жыл сайын ұйымдасты­ры­лады. Есімі Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларының көшелеріне берілген.
Роза Бағланова – өнер көгінде өз алдына дара жұлдыз, Абай атын­дағы Қазақ мемлекеттік акаде­мия­лық опера және балет театрының, одан кейінгі жылдары Қазақ мем­ле­кеттік филармония­сының әнші­сі. Бағланованың репертуары­на әлем халықтарының әндері, клас­си­калық және эстрадалық шығар­мал­ар енген. Әртістер бри­га­дасы­ның құрамында соғыс жылдары алғы шептегі Кеңес әскер­лерінің алдында өнер көрсеткен. Оның шығармашылы­ғының шырқау шыңы «Ах, Самара қаласы» әнін шырқаған өткен ғасырдың 60-шы жылдарына келеді.
Роза Бағланова «Ленин», «Ең­бек Қызыл Ту», «Халықтар досты­ғы», «Құрмет белгісі» және басқа да ордендердің кавалері, 1945 жылы «Әскери ерлігі үшін» медалі­мен марапатталған. Қазақ­стан Рес­публикасының «Халық қаһар­маны» ең жоғары атағына ие бол­ды. Роза Бағланованың есімі әлем әйелдеріне арналған алғашқы «Кто есть кто» ағылшын-амери­кан­дық энциклопедиясына енгізілген.
«Қазақтың бұлбұлы» Бибігүл Төлегенова – Құрманғазы атын­дағы Мемлекеттік академиялық халық аспаптары оркестрінің ән­ші­сі ретінде Қазақстанның ұлттық өнерін одақ көлемінен асырып жер жүзіне насихаттады.
Атап өткен ләзім, Бибігүл Төлегенова – КСРО халық әртісі атағына ие болғандардың ішінен бүгін көзі тірі жалғыз қазақ әйелі.
КСРО халық әртісі Хадиша Бөкеева М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының сахнасында жарқырай өнер көрсетті. «Ленин», «Халықтар достығы» және «Құрмет белгісі» ордендерінің иегері болған өнер майталманы көркем сөздің құді­рет­ті шебері болып танылды.
Тума дарын қазақ киноактри­са­лары талантының арқасында шетелдік экран жұлдыздарынан бір мысқал кем қалып көрген емес. Мысалы, Қазақ КСР халық әртісі Әмина Өмірзақова А.Қарпықов­тың «Ана туралы аңыз» фильмінде сомдаған бейнесі арқылы қазақ әйелінің экран мен сахнадағы кесек образын қалыптастырды.
Меруерт Өтекешева «Қыз-Жібек» картинасындағы тамаша рөлінен кейін өнер көгінде жұлдыз болып жарқырады. Сол кезде Қазақстанның түгел ерлер қауымы маржан тісі жарқырай күлген сұлу қызға, сыр-сымбаты келісті аруға ғашық болған еді.
Актриса Раиса Мұхамедиярова – «Ән шақырады», ал Наталья Аринбасарова – «Алғаш­қы ұстаз» кино­картиналары экранға шық­қан­нан кейін үлкен танымал­ды­лық­қа ие болды. Аринбасарованың осы фильмдегі басты рөлі Вене­циан­дық кинофес­тивальдің жүл­де­сін жеңіп алды. Кейін бірнеше мәр­те басқа да кинофильм­дерге түс­ті, дарынды актрисаның өнер жолы 60 шақты фильммен толық­ты.
Қазақ әйелдері музыка өнерін­де де өзінің айшықты қолтаңбасын қалдырды. Бір ғана КСРО халық әртісі, Қазақстандағы композитор­лық мектептің негізін қалаушы­лар­дың бірі Ғазиза Жұбанованың есімін атасақ жеткілікті. Ол соңына 3 опе­ра, 4 балет, 3 симфония, 3 концерт, 6 ораторий, 5 кантата, 30-дан астам камералық музыка туындылары, әндер мен хорға арналған шығармалар, сонымен қатар спектакльдер мен кино­фильмдерге арналып жазылған музы­калар, халық әндерінің өңдел­ген нұсқаларын қалдырды.
Қазақтың тамаша қызы Айман Мұсаходжаеваның есімін қазақ­стан­­дық мәдениеттің ұлттық брен­ді деп атауға толық негіз бар, өйт­кені еліміздің атауын шар­та­рап­­қа жайды деуге болады. Оның талан­ты­на әлем қол соққанына Еуропа, Азия мен АҚШ-тың ең үздік концерт залдары куә болды. Музы­ка сын­шы­лары Айманның қайта­ланбас дарыны мен Қазақ­станның музыка мәдениетінің дамуындағы тың бағыттарды айқын­даудағы батыл жаңашыл­ды­ғын айрықша таңда­ныс­пен жазады.
А.Мұсаходжаева шығар­ма­шылық өміріндегі жарқын белестің бірі 1998 жылы Нұр-Сұлтан қала­сын­да Қазақ Ұлттық музыка ака­демиясын (қазіргі Қазақ ұлт­тық өнер университеті) ашуы еді – музы­калық білімнің барлық бас­пал­дақтарын: мектеп, колледж, ЖОО, бакалавриат, магистратура және докторантура­ны қамтитын өте сирек кездесетін жоғары оқу орны.
Бүгінгі таңда елордалық Өнер университетіне табысты басшылық жасап келеді.
Айман Мұсаходжаева – дүние­жүзі мемлекеттері арасындағы мәде­ниет және өнер саласындағы ын­ты­­мақтастықты нығайтуға үлес қоса­тын мәдениет елшісі. Қазақ­стан Республика­сының халық әртісі, халықаралық шығармашы­лық академиясының академигі, ЮНЕСКО-ның «Әлем әртісі» құрметті атағының иегері. 2000 жылы Айман Мұсаходжаева Қазақ­стан Республикасының әдебиет, өнер мен архитектура саласындағы Мемлекеттік сыйлы­ғының лауреаты атағына ие болды, аса үздік жетістіктері үшін 2014 жылы – еліміздің ең жоғары атағы «Қазақстанның Еңбек Ері».
Роза Рымбаева – қазақ эстрада­сы­ның жарқын өкілі, Қазақстан­ның халық әртісі, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты. Ол халық­аралық конкурста КСРО атынан шыққан алғашқы қазақ қызы болатын. 1977 жылы Рымбаева Бүкілодақтық «С песней по жизни» телевизиялық конкурсында бас жүлдені жеңіп алды, сонымен бірге Болгарияда «Алтын Орфей» фес­ти­валінде бас бәйгеге ие болды. Польшада Сопот қаласындағы халық­­аралық фестивальде Гран Приді қанжығасына байлады. Роза Рымбаеваның кең тынысты дауы­сы (лирическалық сопрано) төрт октаваны қамтиды. «Қазақстанның алтын дауысы» деп тегін атамайды, 2005 жылы Мәскеу қаласындағы эстрада жұлдыздарының алаңында Роза Рымбаеваның жұлдызы жан­ды.
Қазақстанның түкті кілемдей жарасып тұтасқан мәдениетінің сан түрлі бояуын республикадағы ұлт­тық театрларсыз елестету мүм­кін емес. Олардың ішіндегі жасы үлкені – Мемлекеттік республика­лық корей музыкалық комедия театры. Бұл біздің мемлекетіміздің этномәдениет саясатының жарқын жемісіндей болған, этникалық атажұртынан тыс жердегі әлем бойынша құрылған бірінші және әзірге жалғыз театр.
Осы театрдың әншісі Зоя Кимнің сылдырлаған күміс дауысы барлық қазақстандықтарға таны­мал. Ол бүкіл КСРО бойынша КХДР мен Корея Республикасына таныл­ған жалғыз әнші. Мәде­ние­ті­мізге сіңірген еңбегі еленіп, ҚР еңбек сіңірген әртісі атанды.
Опера әншісі Мария Мудряк – қазақстандық әртістер­дің жаңа толқынының өкілі. Бала күнінің өзінде, бес жасында өзінің жеке дискісін жаздырып, жер шарын­да­ғы ең жас әнші ретінде Гиннес рекорд­тар­ кітабына енді. Одан кейін он жасында – Ла Скала жанын­дағы Милан музыка жоғары ака­демиясы, 12 – «Болашақ» сти­пен­диясы, 14 – Миландағы Верди консерваториясына оқуға түсіп, 18 жасында аяқтап шықты. Мария Мудряк қазір әлем бойынша гастрольде жүр.
Бұл қыздардың есімдері Қазақ­стан мәдениетінің тарихына қаша­лып жазылды. Бұлар – бір-біріне мүлдем ұқсамайтын жеке тұлғалар тарихының ортақ Отанымыздың тарихын құрайтындығына дәлел. Әркім өз саласында, өз дәуірінде тұрып-ақ Қазақстанымыздың да­муы­на мәңгі қызмет жасай береді.
Сірә, пайдалы бола білу, ұдайы іздену, тәжірибемен бөлісу және шабыт беріп қанаттандыру, махаб­бат сыйлау, жарасымды ынтымақта өмір сүру – әйелдің пешенесіне бұйырған қасиет шығар.

Ұрпақ ұмытпасын десек

Тұңғыш Президентіміздің «Ұлы даланың жеті қыры» мақала­сына қайтып оралар болсақ, «Ұлы даланың ұлы есімдері» атты оқу-ағарту энциклопедиялық саябағын ашу мәселесін ерекше атап өтуге тұрады, Нұрсұлтан Әбішұлы атап көрсеткендей, қазақстандықтар­дың жаңа буыны ғана емес, күллі әлем біздің тарихи атақты тұлға­ла­ры­мызды білгені жөн, соның ішін­де, әрине, ұлттық мәдение­ті­міз­­ді айдай әлемге танытқан әйел­дер­ді де.
«Мақсатты мемлекеттік тапсы­рыс ұйымдастыру арқылы қазіргі әде­биеттегі, музыка мен театр сала­­сындағы және бейнелеу өне­рін­дегі ұлы ойшылдар, ақындар және ел билеген тұлғалар бейнесі­нің маңызды галереясын жасауды қолға алу қажет.
Сондай-ақ бұл жерде классика­лық қалыптан тыс, баламалы жас­тар өнерінің креативті әлеуетін де пайдаланудың мәні зор. Осыған орай, бұл іске тек отандық қана емес, сонымен бірге шетелдік ше­бер­лер мен шығармашылық ұжым­дарды да тартқан жөн» деп ескертеді Елбасы.
Бұдан басқа Н.Назарбаевтың пікірінше, жоба аясын­да бізге «Дала фольклорының антология­сын» жасау керек. Мұнда Ұлы дала мұрагерлерінің өткен мыңжылдық­та­ғы халық ауыз әдебиетінің таң­дау­лы үлгілері – ертегілері, аңыз-әфсаналары, қиссалары мен эпос­тары жинақталады.
Сонымен қатар қазақтың қо­быз, домбыра, сыбызғы, сазсыр­най және басқа да дәстүрлі музы­ка­лық аспаптарымен орындауға арналған маңызды туындылар топтамасын – «Ұлы даланың көне сарындары» жинағын басып шығару қажет.
Сондай-ақ аталмыш мақалада «Ұлы Даланың фольклоры мен әуендері заманауи цифрлы фор­мат­та «жаңа тыныс» алуға тиіс. Бұл жобаларды жүзеге асыру үшін көш­пенділердің бай мұрасын жүйе­леуге қабілетті ғана емес, сон­дай-ақ оның өзектілігін арттыра ала­тын отандық және шетелдік кәсі­би мамандарды тарту маңыз­ды» делінген.
Біздің мәдениетіміздің негізгі сюжеттерінде, кейіпкерлері мен сарындарында шекара болмайды, сол себепті оны жүйелі зерттеп, бү­кіл Орталық Еуразия кеңістігі мен барша әлемде дәріптеуге тиіс­піз», – деп баса айтты Елбасы.
Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев рухани және адамгерші­лік мәселелерінің маңызы эконо­ми­­ка немесе материалдық сұрақ­тар­дан бір мысқал да кем емес деп ылғи айтып келеді.
Шынтуайтында, егер мәдениет дамымайтын болса, ешбір эконо­ми­калық және әлеуметтік жетіс­тік­тер мемлекетті күшті және гүл­­­ден­ген дәрежеге жеткізе алмай­ды. Сондықтан барша мәдениет қай­раткерлеріне, мәдени құнды­лық­­тарды қалыптастыру деп ата­ла­тын осы ізгілікті іске қатысы бар әрбір адамға көп нәрсе байла­ныс­ты.
Әлемнің әр жерінен бір нара­зы­­лық бұрқ ете қалып жатқан бүгін­гідей алмағайып заманда қайы­­рымдылық, ізгілік және толеранттылық негізінде адамзат­тың қолы жеткен бар жақсыны сақтап қалу – аса маңызды.
Бар жылулықты бір бойына сыйдырған поэзия немесе әдебиет­тің басын біріктірген мәдениеттің бұл бағыттағы қуатты күші саясатта да, экономикада да, тіпті идеоло­гия­да да жоқ. Бақай есеп етекбас­ты­лықтан ада, ұрпақ сабақтастығы негізінде адам жанына ізгі әсер етіп отырады Түйіндеп келгенде, мұның
бәрі – адам мен қоғам өмірінің бар­­лық қыз­меті мен өмір саласын қамти­­тын «мәдениет» деп атала­тын ұғым­ды құрайды. Басқаша айтқан­да, мәдениет – қоғамның жаны, негізі, ядросы. Оның басты мұраты – адамды Адам жасау. Елбасының мәдениетті сақтап, жетілдіріп оты­руға тиіс ұлттың ге­не­тикалық коды ретінде қарас­ты­руы тегін емес.

Қарапайымнан – күрделіге қарай жүру керек

Халқымызда алғаш тәй-тәй қадам басқан баланың жолын ашу мақсатында қолданылатын «Тұсау­кесер» деген тамаша дәстүр бар. Сәби кезден бастап оның бойында адами мәдениеттің алғашқы негіз­де­рі қаланады әрі бұл белгілі бір білім мен машықтың жиынты­ғы емес, бірінші кезекте адам жаны­ның қалыптасуы. Бұл орайда басты рөл әйел-Анаға жүктеледі. Әуелі баланы үлкендер жақын туысты жақсы көріп сыйлауға үйретеді, көмекке ділгер адамға қол ұшын беруге тәрбиелейді. Есейе келе ар деген не, намыс пен құрмет, өзге адамның қиындығын бөлісу деген сияқты дүниелерді адам өзі ұғады.
Біз қазір бүкіләлемдік эконо­ми­­калық дағдарыс туралы ғана айтып жатқамыз жоқ, адамшы­лық­тың азайып бара жатқаны тура­лы да дабыл қағамыз, ал мұ­ның тамырын жас балаға жөр­гек­тен бастап мәдениет ұрығын еге алмағанымыздан іздеу керек, адамның жадын ұмыттырмайтын, жақсы қасиеттерді насихаттайтын тәрбие ғана мәңгілікке бастайды.
Әлем рухани құндылықтарсыз өмір сүре алмайды, осы аксиома бала күнімізден санамызға сіңіп өссе, қанекей.

Ақтоты РАЙЫМҚҰЛОВА,
Мәдениет және спорт вице-министрі

Бөлісу: