Адастырмас темірқазығым – халық

430
0
Бөлісу:

Қабдеш ЖҰМАДІЛОВ,
Қазақстанның халық жазушысы:

– Қазіргі кезді естеліктер мен мемуардың заманы деп жатады. Сіздің талайлы тағдырыңыз мемуар жаз­басқа, жазушы болып, шы­ғар­ма­­ш­ылыққа бет бұрмасқа қоймаған сияқты. Бұл өзі қалай басталды?
– Жалпы, мемуар – бізде дамы­маған жанр. Алғашқы «Өмір мектебі» мемуарын Сәбит Мұқа­нов жазды. Әбділда Тәжібаев, Ғабиден Мұстафин осы жанрда аздап қалам тербеді. Мемуар жанрының дамымай қалуының себебі – мұнда шындық, бастан өткен нақты фактілер жазылады. Ал шындықты тайсалмай жазып, қаз қалпында қағазға түсіруге екінің бірі бара бермейді. Ол үшін сенің өмірбаяныңда ел ғибрат ала­тын, үлгі-өнеге болатын жай­лар көп болуы керек. Өмірбаяның шатысып, былығып жатса «Өзің диуанасың, кімге пір боласың?» дегендей, ондай адамның өмірі кімге дәрі? Соны біледі де, жұрт­тың көбі ол жаққа бара қоймайды. Елдің қазіргі жазып жүргені, өзі жаза алмаса қаламы жүйрік жур­на­листерді жалдап ата-бабасы тура­лы жазғызып, ішіне қаптаған фото салып кітап шығар­ғаны мем­уар емес. Ондайлардың бірнешеуі әне бір жылдары материалдық жағынан қысылып жүргенімізде «Пәленбай мың доллар береміз, осыны сіз жазып берсеңіз» деп маған да қолқа салған. Олардың бірде-біреуін қабыл алған емеспін. Өйткені тапсырыспен шығарма жазып көргем жоқ. Тіпті үкіметтің, қоғамның тапсырысымен шығар­ма жазған емеспін. Жүрегім нені қалайды, соны жазам.
«Түбінде бір мемуар жазатын шығармын» деген ойым болған. 1996 жылы 60 жасқа келдім. Тойым – Алматыда, Семей облысының Мақаншы ауданында өтті. Қатын­су­дың бойында жиырма-отыз үй тігілді. Үй басы жылқы жығылды. Той тура шекараның түбіндегі Ақ­шоқы ауылында жалғасты. Ке­зін­де өзімнің Қытайдан шек­арадан өткен жерім. Ар жағында менің қыстауым, Етікші шыңы, Берік­қара­ның биігі, мына жақта Шәуешек шаһары көрініп тұр. Бірге барған ақын-жазушыларға соны айтып тұрып, «Мемуар жазуым керек екен» деген ой келді. Есейгенде жазам деп арқаны кеңге салып жүргем, есейген деген осы емес пе? Алпыс жас аз ба? Қашанғы елді әкеліп, шекараның арғы жағындағы анау қыстауым, мынау жайлауым деп саусағыммен көрсетіп тұрам? Мемуарды біреу жазар, біреу жазбас, бірақ дәл мен жазуым керек. Өйткені менің өмірім екіге бөлініп жатыр. Жар­ты­сы шекараның арғы бетінде, қалғаны бергі бетінде. Кейін соның бәрін кім зерттейді? Тіпті фанатик біреу табылып, менің ізіме түсіп, зерттесін дейік, бастан кешкен жайларды, сезімдерді, менің сол кездегі ойларымды оған кім айтып береді? Сол үшін өз жайымды өзім ғана жазуым керек. Сөйтіп көп ұзатпай осы іске кірі­сіп кеттім. Ол кітапқа «Таңғажайып дүние» деп ат қойдым.
– Сіз Қытайдың Гомендаң үкіме­тін, Шығыс Түркістан үкіме­тін, Кеңес Одағы мен Қытайдың коммунистік үкіметін, Тәуелсіз Қазақстан үкіметін көрдіңіз. Осын­дай бес үкіметті көру екінің бірінің маңдайына жазылмаған. Бір басыңыздағы соншама өзгерістер сіздің өмірлік ұстанымыңызға қанша­лықты әсер етті? Нені темір­қазық еттіңіз?
– Мұның бәрі рас. Сен өзің кім­нен туу керектігін, яғни ата-анаң­ды таңдай алмайтының секіл­ді, туатын жеріңді де таңдай алмайсың, ол тағдырдың бұйыр­ғаны. Сол бойынша арғы бетте, Шығыс Түркістанның Тарбағатай уәлаятында тудым. Қазір бұл жерді Шыңжаң деп жүр. Бұл – Шәуешек шаһарына жақын жер. Жаңағы үкіметтердің бәрін бала кезімізде, ересек шағымызда көрдік. Шәуе­шек гимназиясын үздік бітіргенім үшін Қытай үкіметі 1956 жылы Алматыға оқуға жіберді. Шыңжаң­нан қырық бала Ташкентке, он бала Алматыға оқуға келдік. ҚазҰУ-дің филоло­гия факуль­те­тін­­де екі баланың бірі боп оқу бақыты бұйырды. Үшінші курсқа көшкенімізде екі елдің арасы шие­ле­нісіп, тарихшылар мен әдебиет­шілерге неше түрлі мін тағылып, оқытпай алып кетті. Ауыр күнә арқалап, төрт жыл сүр­гінде жүр­дім. Жиырма екі жасым­да Қытай империясы тара­пынан «оңшыл-ұлтшыл» деген ат алдым. Осы атағымды әлі күнге далаға таста­ғым келмейді, мен расында да ұлтшылмын. Ұлтшыл деген сөзді жексұрын қылып шығарған – Кеңестік империя. Өйткені Алаш қайраткерлерінің бәрі түгел ұлтшыл болды. Соларды құбыжық етіп көрсету үшін «халық жаулары» әрі «ұлтшылдар» деп шығарды. Ұлт­шыл болсаң – халық жауы болғаның. Төрт жылдан соң қайтып келіп, бітпей қалған ҚазҰУ-дегі оқуымды жалғадым. Менімен бірге оқыған Әбіш Кекілбаев, Мұхтар Мағауиндер қызметке шығып кетіпті. Көп нәрседен артта қалып, қарайып қалыппын. Өзімді-өзім қайрап, қамшыны қайта бастым. Бұрын оқымаған, тісім батпаған батыс­тың орыс тіліндегі кітаптарына ден қойдым. Бір жыл бойы кітаптан бас көтермедім. Бірақ негізгі сара жолдан айнығам жоқ. «Нені темірқазық тұттыңыз? Ұстаны­мыңыздан тайдыңыз ба?» дейсіз, тайғаным жоқ. Менің сол кезде жазған әңгіме, повестерім бар. Әне бір жылы 12 томдық шығармалар жинағым шықты. «Соңғы көш» пен «Дарабоз» қайта басылды. Бұл кітаптар жазылғалы көп болды. Көптомдықты қайта шығарарда «Дүние өзгеріп жатыр, бір кезде Кеңес үкіметі мен Қытай қас болса, қазір Қазақстан мен Қытай дос. Қазақстан – Тәуелсіз мемлекет. Жаңа көршілес мемле­кет­піз. Көзқарасым ескіріп қалма­ды ма? Қазіргі кез бен қилы заман арасында қарама-қайшылық туған жоқ па?» деп қадағалап оқыдым. Сенсеңіз, бір жолына да тиіскем жоқ. Өйткені әу бастағы нысанам дұрыс болған. Нысанаға алған темірқазығым адастырмаған. Менің темірқазығым – халық. Қандай үкімет болса да, халық жағында болдым. Міндетім – халықтың мұң-мұқтажын айту. Алла Тағала не үшін бізге тіл, дарын, талант берді? Өз халқының мұңын мұңдап, жоғын жоқтасын деп берді. Сол үшін жазушы боп жүрміз. Менің айнымас темір­қазы­ғым – осы.
– Жиырмадан жаңа асқан шағы­ңызда Кремльге қайта-қайта хат жазып, Алтайдың арғы жағын­дағы қандас бауырларымыздың Ата­жұртқа қоныс аударуына себеп­кер болдыңыз. Кейіннен «Соңғы көш» деп кітап жаздыңыз. Бұл Тәуелсіздік алғаннан кейін Ұлы көш­ке ұласты. Дүниенің төрт бұры­шынан бауырларымыз келді. Әлі де Қазақстанға қоныс аударғы­сы келетін сыртта жүрген ағайын көп. Оларға не дейсіз? Олардың елге қарай бет түзеуіне себепкер болатын билікке айтарыңыз бар ма? Шет ел­дердегі қазақ диаспорасының бү­гінгі жағдайынан хабардарсыз ба?
– Алматыда екі жылдан астам уақыт оқып, 1957 жылы Мәскеу­дегі Жастар мен студенттердің бүкілодақтық VI фестиваліне қаты­сып, көп нәрсені біліп, көңіл­ге түйіп қайттым. Одан төрт жыл сүргінде жүрдім. Есіл-дертім Алматыға қайту болды. Үзіліп қалған оқуымды жалғағым келді. Алматы түсіме кіреді. Қытайда «Ауыр еңбекке салса, адамның идеясы өзгереді» деген түсінік бар. 1958-1959 жылдары құрыш қорыту деген ақымақтық іс болған. Бізді соған апарып салды, ауыр жұмыс­тарға жекті. Содан жанталасып Шәуешекке келдім. Бұл жерге қызыққан себебім – Қазақстан шека­расына жиырма-ақ шақы­рым. Реті келсе, бері қарай өту. Шәуешекке келсем, дүние өзгер­ген, Коммуна құрылған. Жұрттың бәрін бір қазанға қаратып қойған. Ашаршылық басталған. Жұрт құрыш қорытамыз деп тау-тасты кезіп кеткенде егін жиналмай қалған. Ашаршылықты өздері қолдан жасаған ғой. Қытай өзі ақылды халық, онда шаруам жоқ, дегенмен қытай билеушілері ауық-ауық ақымақтық істер істеп отырады. Зиялыларды жазалау – бір ақымақтық. Екіншісі – құрыш қорытамыз деп ашаршылыққа ұрындыру. Сосын «мәдениет төңкерісін» жасаймыз деп, масқа­ра болды, өз халқын да, аз ұлттарды да қорлады.
Шәуешекке келсем, жастар мені қоршап алды. «Қайтсек шек­арадан өтеміз? Қайтсек Қазақ­стан­ға жетеміз?» Мен, тіпті, еште­мені қоспай, болған жайтты айтып берсем, ауыздарының суы құриды. Шәуешекті аштық жайлап отыр. Ол кезде Қазақстан жылара миллиард пұт астық алатын. Соны айтсам да жетіп тұр. Студенттік асханаларда нан тегін болатын. Өзім Қазақстанға өтіп тұрмын, төс қалтамда – студенттік билетім мен сынақ кітапшам жүреді. Шекара­дан өтсем ешкім ұстай қоймайды. Ал Қазақстанға қарап мойнын созып отырған халықты, туыста­рым мен жерлес­те­рімді қалай тастап кетем? Мек­тепте мұғалім болып істеп жүрдім. Өйткені жұмысқа тұрмасаң азықтық талон бермейді. Кімге масыл боласың? Жастар төңіре­гімде үйіріліп жүреді. Содан Ата­жұртқа жалғыз өзім емес, халықты бастап өту деген ой туды.Кремльге – КОКП бас хатшысы Никита Хрущев­ке, Жоғары кеңес прези­диу­­мының төрағасы Климент Ворошиловқа хат жаздым. Қытай­дағы бар жағдайды ашып айттым. Түпкі шыққан жеріміз Қазақстан екенін, елімізге қайтқымыз келе­тінін жаздым. Мен аңдудағы адам­мын. Басқалардың, көбінесе наға­шым, мұғалім Шәріп Ақыш­ұлы­ның атымен жүздеген хат жолда­дым. Қызығы – «хаттарыңызды алдық» деген жауап келді. Сосын Кеңес үкіметі Құлжадағы консу­лын жіберіп біздің жағдайымызбен танысып қайтты. Консулға Ата­жұртымызға өткіміз келетінін айттық. Ол қоштасарда қолымды алып, «Жалпы дұрыс жолды таңдапсыңдар. Сәттілік тілеймін!» деп кетті. Көктемді күттік. Сол жылы көктем ерте шығып, жер ерте дегдіді. 1962 жылы сәуір айы­ның басында көш басталды. Тарбағатайдың тұсынан бес застава есік ашты. Ел күндіз-түні Атажұртқа қарай ағылды. 1 ма­мыр­да ғана шекара жабылды. Өйт­кені Қытай үкіметі «Халқы ашаршылықтан босып жатыр» деген атаққа қалғысы келмеді. Небәрі бір айдың ішінде бері қарай 200 мың адам өтті.
Еліміз Тәуелсіздік алған соң сол көш жалғасты. Моңғолия, Қытай, Ресей, Түркия, Өзбек­стан­нан біраз ағайын келді. Көшті дайындау үшін делегацияның құра­мында Моңғолия мен Түр­кия­ға бардым. Істің басы-қасында жүрдік. Қытайдан келген қандас бауырымыз Алмас Ахметбектің
«Таласқа түссе, жан мен ту,
Жан емес маған керегі,
Көк тудың желбірегені» деген әні ұранға айналды. Өкініштісі оншақты жылдан кейін көштің соңы сұйылып кетті. Оның бұлай болғанына шеттегі қазақтардың еш кінәсі жоқ, әлі күнге дейін елге келгісі бар. Олардың Атажұртқа келуге ынтасы жақсы еді, амал не, көш тоқтап қалды. Біз өкіметтің салғырттығынан, немқұрайлылы­ғы­нан, онша құлшынбауынан көш­ті тоқтатып алдық. Кейін билік бұл сауалға қалай жауап берер екен? Неге осындай іске сал­­ғырт қарайды? Көш неге тоқ­тап қалуға тиіс? Менің кітап­та­рым­да – повесть, әңгіме, сұқ­бат­­тарымда осы мәселе ылғи айты­ла­ды. Өйткені менің көшке тікелей қатысым бар.
Қытайдан алғашқы 200 мың адам келгенде бір айдың ішінде жұмысқа орналастырып, екі айда түгел қызыл төлқұжат берді. Адам­дар құжат жасатамыз деп ауданға да, басқаға да барған жоқ. Арнайы өкілдер келіп, журналға аты-жөндерін жазып әкетіп, арада екі ай өткенде төлқұжатын әкеліп берді. Ешқандай мәселе болған жоқ. Мамыр айында Семей облы­сына келіп орналастық, шілде айында қалтамда қызыл төлқұжат бар, Алматыға жол тарттым. Соны үнемі мысал етіп айтам. Кеңес үкіметінен сақ мемлекет, Кеңес үкіметінің КГБ-сынан (Мемлекет­тік қауіпсіздік комитеті Г.Ж.) сақ мекеме болған емес. Солар сенді ғой. Өз қандаста­ры­мыз көшіп келіп жатқанда біз неге сенбеске?! Жеке куәлікті бес-он жылға дейін ала алмай жүргендер бар. Осындай жағ­дайлар көшке кері әсерін тигіз­бей қоймады. Екіншіден, мұны пайдакүнемдікке, жемқор­лық­­қа айналдырды. Ақша берсең құжат аласың, бермесең алмайсың. Бұл не масқара?!
Қытайда 1,5 миллион қазақ диаспорасы бар. Өздері 2 мил­лион­быз дейді. Екі жылдан бері Шыңжаң қазақтарына зорлық жасалып жатыр. Бала-шағасы мұнда, өзі анда қалып, бір-бірімен табыса алмай жүрген­дер көп. Осыған ара түсіп бір ауыз сөз айта алмай отырмыз. Қытай Қазақстанмен жақсы болғысы келе­ді. Біздің газ, мұнай, ет, асты­ғы­­мыз жақсы, неге диаспорамыз жаман? Егер бізді дос санаса олай жасамауға тиіс. Қазақта «Иесін сыйласаң итіне сүйек таста» деген сөз бар. Мен ұлтшыл адаммын ғой, басқаша ойлай алмаймын. Дүниежүзіндегі 15-16 миллион қазақты түгел бірге санаймын. Ма­ған мұндағы қазақ та, Моңғо­лия мен Өзбекстандағы қазақ та – бірдей. Солардың бәрі үшін қуанам, солардың бәрі үшін күйінем.
– Өмір тарихыңызға көз жү­гірт­сем, 1981 жылдан кеңсе қыз­ме­тін тастап, бірыңғай шығармашылық жұмысқа көшкенсіз. Кейде адам бос уақыты көп болса бойкүйездікке салынып, не істерін білмей, уақы­тын тиімді пайдалана алмай әрі-сәрі күйге түсіп қалады. Сіз осы қырық жылға жуық уақытта өндіртіп еңбек еттіңіз. Қаншама дүниені оқырманға жеткіздіңіз. Еңбек етуге, жазуға өзіңізді-өзіңіз қалай қамшылайсыз?
– Өзі екі-үш жерде ғана қызмет етіппін. Университет бітер­ген соң «Қазақ әдебиеті» газетінде – үш жыл, «Жазушы» баспасында – он жыл, «Госкомиз­дат­та» – бес жыл. Бәрін қосқанда он сегіз-жиырма жылдай ғана. Романдарым шыға бастады. Кеңес үкіметінің жақсы жері – бір романыңның ақшасы келесі романың шыққанға дейінгі үш-төрт жылға жететін. Сенім пайда болды да, кеңсе қызметіне қызықпадым. Оның екінші себебі де бар. Шериаздан Елеукенов «Жасың қырыққа жаңа келді. Неге кетесің? Қайда асығасың?» деп сұрады. Әзіл-шыны аралас «Маған бірегей жұмыс бермедің­дер, плебей боп жүргім келмейді» дедім. Жиырма жылға жуық уақыт бойы қызметім аға редакторлықтан өзгермей қойды. Өсу жоқ. Сөйтсек бұл сол кездегі КГБ-ның тапсыр­масы болып шықты. Шеттен келгендерді өсірмеу – жазылмаған заң екен. Жанына батып кеткен Шериаздан аға «Кінә бізде емес, осыны сезесің бе?» деп өзіме сұрақ қойды. «Сезем. Қалжың ғой» дедім де, кеттім. Ол кезде жазуға төселгем, жазатын дүниемнің бәрі тізімде тұрған, бағытым айқын, тәжірибем бар. Қызметте жүргенде шығар­маларымды ұйқының, ден­саулықтың есебінен жазатын­мын. Бес балам болды. Олардың да кішкентай кезі. Солар ұйқыға кеткенде жазу үстеліне отыратын­мын. Кейде таңға дейін жалға­сатын. Екі-үш сағат ұйықтап, одан қызметке жүгіресің. Ол енді қиын шаруа. Қызметті қойған соң бірыңғай күндіз жұмыс істеуге көштім. Бәйбішем Сәуле ҚазПИ-ді бітіріп, зейнетке шыққанша сонда жұмыс істеді. Балалар оқуға кетеді. Тыныш. Бар билік өзімде, уақыт та өзімдікі. Төрт-бес сағат тапжылмай отырып жазу жазам.
«Таңғажайып дүниеде» өзімнің лабораториямды аштым. Сонда «Қаламым жүрді екен деп жаза беруге болмайды. Шамаң келсе, бір отырғанда мөлшеріңді төрт-бес беттен асырма. Роман жазып отырған прозаик алыс жолда арбамен келе жатқан жолаушы секілді. Керуен тоқтағанда жолаушы арбасын бір дөңестеу жерге тоқтатып қояды. Ол ертең аттың мойны қызғанша жүріп кеткенге жақсы» деген сөзім бар. Мен де жазып келе жатқанда ертең іліп әкететіндей етіп қоюшы едім. Таңертең шайға қанып алған соң кешегі жерден әрі қарай жалғай жөнелем. Бәрі көңілде сайрап тұр. 2003-2005 жылдың арасында он екі томдық таңдамалы шығармалар жинағым шықты. Сонан кейін 80 жасқа дейін тағы он том кітап жаздым. 80-ге толып, өз-өзіме есеп бергенде, 10 роман, 21 повесть, 70-тен астам көркем әңгі­ме жазыппын. Бұл – таза көркем шығарма. Бір қазақ жазушысына аз дүние емес. Өйткені бірталай уақытым шығын боп кетті. Сүргінде кеткен уақытымды айтыңыз. Бір жаман­дықтың бір жақсылығы бар, ана жақта төрт жыл сүргінде жүріп екі романның материалын алып келдім. Оның бірі – «Соңғы көш», екіншісі – «Тағдыр». Жұмыстан қолым босаған соң бірыңғай шығарма­шылыққа көштім. Оның үстіне мансап іздеп иегім қышымайды, өйткені мансап бермейтінін білем. Жеңсем, осы шығармашылықпен жеңетінімді білдім. Теңелсем – осымен теңелем. Мені аяқтан шалушылар көп болды. Соларға өзімнің кім екенімді, солардан кем емес, тіпті артық екенімді дәлел­деуім керек болды. Маған шарапаты тиген жақсылар да, кесапаты тигендер де көп кездесті. Аяғымнан шалғандарға да рақмет айтам. Өйткені соларға ерегес­песем, мынадай биікке көтеріле алмас едім. «Ер қайрағы – намыс». Түрлі қиындықтан мені сол намыс алып шықты.
– Кейде қазақы менталитет деп қаламыз. Ол қандай? Әрине, дүниеде қанша адам болса, сонша мінез болады. Дегенмен жалпылама қазақы қалып қандай болуы керек? Бүгінгі жастар кімнен үлгі алса игі?
– Біз ұлтымызды жақсы көреміз. Қазақ қонақжай, бәлен-түген деп мақтанамыз. Сол қонақжай дегеннің де шегі бар. Елімізге кім келсе де тойтаңдатып төрге шығардық. «Жаман үйді қонағы билейді» демекші, солар келіп шетімізден сабап жатса да үндемейтін күйге жеттік. Қазақтың осындай көп кемшілігі, балтамен шауып тастайтын міндері бар. Қаныш Сәтбаев туралы «Акаде­миктің көз жасы» деректі повесін жаздым. Ол жай академик емес, Ғылым академиясының прези­денті. Бес рет Ленин орденін алған. КСРО Жоғары кеңесінің депутаты, Ресей академиясының бас алқа мүшесі. Осы адам неге жылайды? Парадокс! Нөмірі бірінші қазақ! Оның деңгейіне ешкім көтерілген емес. Сол адам жылаған. Менің ұстаған жерім – осы. Әкесі, ешкімге қылдай қиянаты жоқ Имантай би 1932 жылы Баянауылдың түрмесінде аштан өледі. Бар малын тартып алып, өзін қамаған. Ағалары Әбікей, Ғазиз, Әбдікерім Сәтбаев­тарды 1937 жылы ұстап, Халық жауы деп атып жіберген. Үшеуі де ешкімге қастығы жоқ, жай ағартушылар. Әбікей жаным қалсын деп қауіптеніп, Қырғыз­станға өтіп кеткен. Ғазиз Омбы­дағы қазақтарды паналаған. Солар­ды іздеп жүріп тауып әкеп атқан ғой. Жылайтын нәрсе ме? Жылайтын нәрсе! Ал Қанышты неге атпады? Өйткені оның басы керек! Жезқазғанның мысы, алтыны, хромы керек! Жер астын­дағы кеніштің картасы керек! Оның бәрі Қаныштың басында! Оны сол үшін сақтап келді. Қаныш оны іштей сезеді. 1952 жылы ұлтшылдыққа қарсы тағы кезектен тыс науқан жүреді. Бюрода мәселесін қарап, Академияны тартып алады, енді Қаныш керек болмай қалды. Оны ұстап, итжеккенге айдамақ болады. Соны КГБ-дағы жанашыр адамдар келіп айтады. Нешитайло дейтін Академияның іс жүргізушісінің естелігі бар. «Бізді бақылап жүрген КГБ-ның майоры маған жақын еді. Сол бастығыңа айт деп хабарлады. Сөйтіп «Сіз бүгіннен қалмай Мәскеуге кетіп қалмаса­ңыз болмайды» дедім. Әйелі Таиса Алексеевна екеуін екі үлкен шабаданымен пойызға шығарып салдым. Жанында бір қазақ жоқ. Пойыз жүрердің алдында әлде маған айтқан рақметі, әлде сол кездегі ыза, академик екі иығым­нан ұстап тұрып еңіреп жылады» дейді. Бұл қоштасып қала береді.
Қаныш содан төрт жыл бұрын КСРО депутаттарының құра­мында Лондонға барып, Черчиль­дің қабылдауында болады. Черчиль «Сіздің түр келбетіңіз орыс­қ­а ұқсамайды ғой?» деп сұрай­ды. «Мен қазақ деген халықтың өкілімін. Қазақстан деген елді естуіңіз бар шығар? Білесіз, өйткені ағылшынның капиталы қазақ даласына да жеткен» дейді. Черчильдің «Қазақ­тардың бәрі сіз сияқты бойшаң ба?» деген сұрағына «Жоқ, мен орташа ғана қазақпын. Халқым менен әлдеқайда биік» деп тауып жауап берген. Ол сөз кейін көпке тарайды. Повесте пойызда кетіп бара жатқан Қаныш «Осы біздің халықтың биік екендігі рас па өзі?» деп ойланады. Өйткені қанша зиялы қазақ билікте отыр. Шаях­метовтың өзі – бірінші хатшы. Соған билік бермей Академияны тартып алғанда зиялы қауымның арасынан ара түсетін бір адам шықпады. Мен де солай ойлай­мын. Бізде халық үшін жанын беретін жақсы азаматтар бар. Бірақ өз азаматын қорғау дәре­жесіне біздің халық әлі жеткен жоқ. Әлі күнге дейін «Тарт қолың­ды біздің азаматымыздан!» деп айта алмайды. Сейфулиннің де, Майлиннің де, Жүргеновтің де – ешкімнің де арасына түсе алған жоқ. Қазақ әлі құлдық санадан арыла алмай келеді. Міне, біздің халықтың менталитеті. Бұл – үлкен мін. Шама келсе осыны өзгерту керек. Рухани жаңғыру осы бағытта жүруі тиіс. Жастардың бойында еттен өтіп, сүйекке сіңіп кеткен құлдық мінез жоқ. Жастар азаттыққа құштар. Олар мұны 86-да, одан кейін де көрсетіп келеді. Бірақ жастар жоқтан өзгеге алданбау керек. Партияларға кіргенде де байқау керек. Халық жағында болуы тиіс. Жастар қазақ деген халыққа қызмет етсін! Темірқазық сол болсын! Мен маңдайыма темірқазықты қалай ұстасам, жастарға да соны үлгі етем. Адаспайтын жол – сол халық деген қазыққа байланады! Жастар Алаш қайраткерлерінен үлгі алсын!
– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан
Гүлнар ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ

Бөлісу: