ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ ЖОБАЛАР ТИІМДІЛІГІН КӨРСЕТУДЕ

316
0
Бөлісу:

Тәуелсіз еліміздің әлемдегі ең дамыған отыз мемлекеттің қатарына енуіне ықпал ететін фактордың бірі – сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, оны мейлінше азайту. Бұл – мемлекеттік саясаттың да басым бағыттарының бірі. Соңғы жылдары елімізде, аталған індетті жою бағытында толымды тірліктер атқарылып, тың жобалар жүзеге асырылуда.

Елбасының 2018 жылғы 5 қазандағы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арт­тыру» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында «Сыбайлас жемқорлықтан ада өңірлер» жобалық кеңселерін құру жөнінде тапсырма берілген болатын.
Жолдаудан туындайтын міндеттерді орындау мақсатында Сыр өңірінде «Ақмешіт – адалдық алаңы» жобалық кеңсесі құрылды. Жобалық кеңсенің негізгі міндеті – аймақта тұрмыстық жемқорлықты жою, мемлекеттік қыз­мет көрсету барысында халыққа қо­лайлы жағдай жасау бағытында тиісті шаралар қабылдау. Тиісінше, жобалық кеңсенің құрамына мемлекеттік қыз­метшілермен қатар, қоғамдық ұйымдар өкілдері де енгізілді.
Жоба аясында республика бойынша ең проблемалық, сыбайлас жемқорлық белең алған 10 сала (денсаулық сақтау, білім, әлеуметтік қамту, сәулет, құры­лыс, коммуналдық-шаруашылық, ауылшаруашылығы, жер қатынастары, салық және құқық қорғау органдары) айқындалды. Аталған салаларда жүйелі түрде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл шараларын жүргізетін жоба­лық топтар құрылды.
Жобалық кеңсемен ақпан-наурыз айларында аймақтағы денсаулық сақ­тау саласында тұрмыстық жемқор­лық­ты жою және азаматтарға қызмет көр­сету үшін қолайлы жағдай жасау ба­ғытында мониторинг жүргізілді. Мо­ниторинг барысында қызмет көрсету сапасы, бизнес процестерді оңтай­ландыру, медициналық анықтамаларды беру, санитарлық кітапшаларға рұқсат алу мәселелері зерделенді.
Мониторинг нәтижесінде күмән тудыратын 50-ден астам №086 үлгісін­дегі жалған анықтама анықталып, құ­жаттар ішкі істер органдарына про­цессуалдық шешім қабылдау үшін жолданды. Сонымен қатар әлеуметтік желідегі медициналық анықтамалар мен санитарлық кітапша алуға кө­мектесемін деген хабарландыруларға зерттеу жұмыстары жүргізілді. Қоры­тындысында осындай жалған мөрлері бар санитарлық кітапшаны әзірлеудің бір фактісі анықталып, құжаттар Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Ұлттық бюросының облыстық департаментіне жолданды.
Сондай-ақ медициналық квота бе­ру тәртібіне зерттеу жүргізіліп, жол­дама алу барысында тәуекел көп екен. Мәселен, емханаларда квотаға жол­дама алған азаматтар осы анық­таманы қосымша растау үшін облыстық ден­саулық сақтау басқармасына келіп тіркеліп, басқарманың мөрін басты­рады. Осы бір мөр бастыру үшін облыс­тың аудандары мен шалғай ауылдық елдімекендерден халық облыс орта­лығына келеді. Зерттеу барысында квотаның жолдамасына мөр бастыруға және осы үшін денсаулық сақтау бас­қармасына алыстан келуге қажеттілік жоғы анықталды. Қазіргі уақытта бұл процедура жойылды. Облыстық ден­саулық сақтау басқармасының бұй­рығымен квота беру тәртібіне өзге­рістер енгізіліп, азаматтар медицина­лық ұйымдардан алған квота жолда­масымен тікелей емдеу ұйымдарына баратын болды.
Сонымен қатар қоғамдық ұйым өкіл­дерімен бірлесіп мамандан­ды­рыл­ған халыққа қызмет көрсету орта­лы­ғында, соның ішінде автокөлікке тех­никалық паспорт беру, оны байқау­дан өткізу, көлік құралдарын басқаруға құқық беру қызметіне мониторинг жүр­гізілді. Нәтижесімен техникалық байқаудан өткізу бойынша жалған куә­ліктер жасаудың 2 фактісі анықталды. Бұл фактілер бойынша да тиісті про­цессуалдық шешім қабылдау үшін құ­жаттар ішкі істер органдарына жол­данды.
Зерттеу барысында жалған техника­лық байқау куәлігін жасауға мүмкіндік беріп отырған мәселе – бұл көліктік бақылау инспекциясы мен полиция арасында ақпараттық базасының интеграцияланбауы екеніне көз жет­кізілді. Осыған сәйкес екі ведомство арасында ақпараттық базаны инте­грациялау қажеттігі туралы ұсыныс­тар енгізілді.
Білім беру процесін автомат­тан­дыру мен ондағы болуы мүмкін жем­қорлық тәуекелдерін алдын алу мақса­тында Қызылорда жоғары педаго­гикалық колледжінде «Е-колледж» электрондық жүйесі пилоттық режимде енгізілді. Білім беру процесі толық электронды тәртіпке көшті. Студент­тердің сабаққа қатысуы саусақ іздері арқылы расталады. Сабақтар онлайн режимде трансляцияланады.
Сонымен қатар Тасбөгет кентінің әкімдігі мемлекеттік органдардың ашық­тығын қамтамасыз ету мен бюро­кратиялық кедергілерді жоюға бағыт­талған Open space қағидасы негізінде жұмыс істеу тәжірибесіне көшірілді. Қазіргі уақытта қалалық бөлімдер осы жұмыс форматына көшуде. Өңірдегі барлық мемлекеттік органдар мен ауыл әкімдіктерін осындай жұмыс істеу форматына кезең-кезеңімен көшіру жоспарлануда.
Облыстың 335 білім беру ұйымы басшыларының қызметтік кабинет­те­ріне жүргізілген мониторинг нәтиже­сі­мен жалпы 230,6 шаршы метр белгі­ленген нормативтен артық алаң бар екені, 47 мектеп директорының каби­неттері 2-қабатта орналасқаны анық­талды. Берілген ұсыныстар нәтиже­сі­мен анықталған артық алаңдар сынып­тарға босатылып, мектеп директоры кабинеттері бірінші қабатқа ауыс­тырылуда.
«Ақмешіт – адалдық алаңы» жо­балық кеңсесімен мекеме басшы­ла­рының сыбайлас жемқорлыққа қарсы жеке жауапкершілігін арттыру мақса­тында білім, денсаулық сақтау, спорт, әлеуметтік қамту және құрылыс сала­ларында қарамағындағы қызметкер­лердің жемқорлық әрекеті үшін жеке-дара жауапкершілік туралы келісім­дерге қол қойылды. Мұндай келі­сімдер профилактикалық жұмыстар­дың тиімділігін арттыруға септігін тигізетіні сөзсіз. Алдағы уақытта бар­лық сала басшыларымен осындай келісімдер жасау жоспарланып отыр.
Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, оған деген төзбеушілікті қалып­тастыру бағытында жобалардың тиімділігін арттыру үшін қоғамның, әрбір азаматтың атсалысуы – бүгінгі уақыттың талабы және парызы екенін ұғынуымыз қажет.

Берікбол БАЙХОЖАЕВ,
Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы
іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары

Бөлісу: