Техника түгенделмей, шаруашылық түзелмейді

224
0
Бөлісу:

Бекмырза СҰЛТАНҰЛЫ,
Ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты:

– Кең-байтақ жеріміз бола тұра, әлі күнге дейін өзгенің өнімін жеп келеміз. Неге?
– Біз мүмкіндігімізді пайдалана алмай келеміз. Ұлан-байтақ, құ­нарлы жерімізде экзотикалық және тропикалық жемістен басқа­сының бәрі өседі. Жеміс-жидек­терді, түрлі көкөніс түр­лерінің бәрін өзімізде өсіріп, жеп, тіпті, сыртқа, әлемдік нарыққа шыға­рып, байлыққа кенелетіндей мүм­кіндігіміз бар. Өкінішке қарай, оны қазір қолдан «мүмкін ете алмай» отырмыз. Өздерінде өсетін жеміс-жидек өнімдерін сыртқа шығару арқылы табыс тауып отырған ел көп. Мысалы, Түркия осы сала арқылы жылына 2 мил­лиард доллардан артық пайда табады. Қытайдың да табысы аз емес. Бір ғана алма жемісінің
1,33 млн тоннасын сыртқа шыға­рып, 1,46 млрд доллар пайда тап­қан. Сөйтіп, олар әлемдегі алма шы­ғаратын елдердің арасында оқ бойы озық тұр. Өзбекстанды алайық. Олар жеміс-жидектің 180 түрін әлемнің 80 еліне сатып, пай­да тауып отыр. Былтырғы табыс­тары – 708,8 млн доллар. Міне, алысқа бармай-ақ, өзімізді осы елдермен салыстырсақ та жетіп жатыр. Шындап келгенде, біз де осы жеміс-жидек, көкөні­сімізбен әлемдік нарыққа шығып, кез кел­ген мемлекетпен иық тірес­тіре ала­мыз. Экзотикалық, тро­пика­лық жеміс-жидектерден өз­гесін елімізде өсіруге жағдайымыз бар. Алматының апортын айтып, аузы­мыз­ды ашып қана отыра береміз. Оны шындап қолға алсақ, Қытай­ды да ығыстырып кете аламыз.
– Сөзіңіз аузыңызда, ішкі на­рықты шетелдің өнімдері жаулап алған. Бірақ бүгінде елімізге сырт­тан келетін тауарлардың арасында зияндылары да кездесіп жатады емес пе?
– Дұрыс айтасыз. Мәселен, былтыр ел аумағына жоғары фитосанитариялық қаупі бар ка­рантинге жатқызылатын өнімдерді әкелу кезінде өсімдіктер карантині саласындағы заңнаманы бұзудың қаншама фактісі тіркелді. Әсіресе, оның дені Қырғызстаннан жет­кізілген өнімді тексеру кезінде белгілі болған. Қалай болса, солай кіргізіле беретін өнімдердің са­пасы да сын көтермейді. Міндетті ілеспе фитосанитарлық сертифи­катсыз ішке мұндай өнімдерді кіргізбеу керек. Ал олардан кар­топтан комсток сымыры, жұмыр­құрты, арам сояулар, шығыс жеміс жемірі, азиялық жеміс шыбыны, картоп күйесі атты карантиндік зиянкестер табылады. Ал осыдан кейін оларды жеп көр?
– Тиімді технологияларды дұрыс игеріп, кәсіпкерлікті дамыта білсек, агробизнесті өркендетуге мүмкіндік бар деп, осыдан он жыл бұ­рын армандап едік. Баяғы жартас – сол жартас екен ғой.
– Иә, солай. Шыны керек, өсімдікті қорғау жылдан-жылға қиындап бара жатыр. Ауыл­шаруашылық саласында, оның ішінде егіншілікте күрделенген жағдай көп. Біріншіден, бұл салаға бет бұратын, қызығатын, жанын салып жұмыс істейтін маман жоқ. Жастар жағы қызықпайды. Сту­денттердің дені өзінің қалаған оқуына түсе алмай қалғаннан кейін барып, амалсыз осы саланы қалағандар. Өзі кішкентайынан қаламаған, санасына сіңіріп өспеген, «түбі осы мамандықты игерем, көркейтем, өркендетем» деген оймен білім алмайтын адамнан не күтеміз? Өсімдіктерді қорғау мамандығы бойынша жыл сайын 90-100 маман түлеп ұшады. Сізге айтайын, соның 70-80 пайы­зы мамандығы бойынша жұмыс істемейді. Көбі осы қалада қалады. Сосын ол ауыл бүгінгі жастарды қызықтырмайды. Қаншама ауыл­дар бар мектебі жоқ, дәрігерлік емханалары да жоқ. Мысалы, Ақмола облысын алсақ, мұнда газ жоқ. Ал ондай жағдайы жоқ жерге олар қалай барады? Ілкіде біз ауылға барып, 3 жыл еңбек етуге міндетті болдық. Ол кезде жалақы­мыз жақсы, үй берді. Қазір жас­тарға ондай жағдай жасалмайды. Сол кездері ауылда қалып кеткен мамандар ғана отыр қазір. Ал бүгінгі жастарды ауылға «ауызбен» ғана апарып-әкеліп жүрміз. Шаруа­шылыққа қажетті заманауи техникалардың құны 35 мың доллардан 350 мың долларға дейін барады. Бағасы қымбат. Оған шаруа қожалықтарының жағдайы келмейді. Өзінің техникасын тү­гендеуге шамасы жетпей отырған қожалық жас мамандарға қалай жағдай жасайды?
– «Дипломмен – ауылға» бағ­дарламасы бар емес пе?
– Сізге бір ғана мысал айтайын. Қарағанды облысының Нұра ауданына қарасты Шахтер деген ауыл бар. Сол шағын ауылдың еңсе тіктеуіне кәсіпкерлердің қолдауы зор болып тұр. Ауылда демалыс орны бар. Жергілікті фермер бассейн, спорт кешенін, әкімшілік ғимаратын салып берген. Бұрын шаруашылық дәнді және майлы дақылдар егумен айналысатын. Соңғы жылдары мұнда картоп өсіру ісі де жақсы дамып келеді. Шаруақожалықтарының жұмысы жолға қойылған. Ол ауылға барған маманға үй де бар, жақсы жалақы да бар. Өкінішке қарай, біздегі барлық ауылдардың жағдайын онымен салыстыра алмаймыз. Ол үшін еңбекқор азаматтар, іскер әкім керек. Ал ондай жағдай жасай алмайтын ауылға жастар бармай­ды. Әлгі бағдарламамен талай жас барды ауылға. Барса да мұғалім, дәрігер болып барды. Бірақ олардың да дені кері қайтып кетті. Біздегі ауылдардың 90 пайызында Шахтердағыдай мүмкіндік жоқ.
Сондықтан бұл салаға мықты бағдарлама керек. Ол жүйелі түрде жүзеге асуы тиіс. Адамзаттың жер­ден көрер игілігі ешқашан тау­сылмайды. Оны игерудің, пайда табудың жолындағы жұмыстан қателік кетпеуі керек.
– Бұл мәселе неге бұлай қор­даланып кетті деп ойлайсыз?
– Қазақстанда өсімдік қорғау жағынан айтайын. Химиялық қосылыстарды, яғни пести­цид­терді біз 100 пайыз Қытайдан алып отырмыз.
Өзімізде мұндай бірде-бір зауыт жоқ. Ал Қытайда 2 500 зауыт бар. Ал ол жақтан келіп жатқан пестицидтердің сапасы төмен, бағасы жоғары.
Біз тек бір ғана «Астана Нанды» ғана айтамыз. Оның өзі осы шетел­ден келген қосылыстарды құйып, қожалықтарға таратады. Оны ресми түрде дилер дейміз. Шетел­ден келіп жатқан пестицидтерді тексеруіміз керек. Құрамында не бар, не жоқ екенін анықтауымыз керек. Бәрін електен өткізуіміз қажет. Сондықтан ақыры зауыт салмайтын болсақ, осы зауытқа қолдау көрсетіп, өсімдіктерімізге қажетті қосылыстарымыздың жайын жөндеп алсақ деймін. Егер осыны қолға алсақ, шаруашылыққа үлкен көмек болар еді. Бұл – бір.
Сосын егінге қажетті құрал-жабдықтың барлығын шетел­ден алып отырмыз. Оны неге өзі­мізден шығармасқа? Ондай да мүм­кіндігіміз жоқ.
Бүгінде көп шаруашылық­тар­дың жағдайы бізге алақандағыдай мәлім. Семинар өткіземіз, ел ара­лап талай жерді көрдік. Ең бірінші мәселе суға кеп тоқтады. Әлгі ай­тып отырған пестицидтерді алды­мен суға ерітеміз. Ал ол судың сапа­сына, құрамына байланысты. Су таза болмаса, ондай сулар пес­тицидтердің биотиімділігін төмен­детеді. Ауылды жерлерде егін бір жерде болса, су көзі басқа жағында болады. Ал кейбір егіндерді тек күн шыққаннан бастап, белгілі бар уақытта ғана үлгеріп қалуға бола­д­ы. Аз ғана уақыт ішінде олар үлгер­мейді. Бұрын біз су қоймасын өзіміз салатын едік. Қазір сол су көздері қайда? Олар жоқ. Оған көп қаражат керек емес. Ауыл, аймақ­тардың басшылары мұні дұрыс ұйымдастырса ғана жеткілікті еді. Су көзі жауын-шашынды өзіне тартады. Ауылға алдымен ауыл басшының жаны ашуы керек. Осындай шаруа қожалықтарында жүйелі жұмыс пен жауапкершілік болғанда ғана бұл мәселелер шешімін табады.
Израилді алайық. Құм, тас жер. Біздегідей қара топырақ жоқ. Суы жоқ шөл даладан жер астынан су шығарып өздеріне жеткізіп, одан бөлек экспортқа шығаратын дең­гейде еңбек етіп отыр. Ас көк, бүл­дірген, таңқурай болсын басқа да жеміс-жидектерден сол елдікін жеп отырмыз. Әр жердің ерекшелі­гіне қарай лайықты өнім болады. Мысалы, Ақтөбе, Қызылорданың Арал, Қазалы аудандарындағы құмның ортасында піскен қауын-қарбыз ерекше дәмді болады. Оңтүстікте алма, өрік жақсы өседі. Ал Ақмолада күздік бидай өсіріл­мейді. Сол сияқты. Ал қазір климат жағайы өзгеріп келеді. Солтүстікте қыс ерте шығады. Соған байла­нысты бидайлар да бізге жақындап келеді. Осылай әр жердің ерек­шелігіне сай өсетін өнімдерді анық­тап, өсіру ғана жетіспей тұр.
Кезінде әрбір колхоз-совхоз­дарда бақ, көкөніс бақшалары болды. Оның бәрі қазір қайда кетті? Алма ағашының бәрін отын қып шауып алдық. Қазір оның бәрін қайтарып алуға да мүмкін­дігіміз бар.
– Отандық өнімдердің бәсекеге қабілеттігін арттыру мақсатында, нарық экономикасы дамыған шет елдердің тәжірибесін қарастырған жөн емес пе?
– Мүмкін. Мысалы, Жапония­ны алайық. Сапаны арттырудың мәнін жақсы түсінген ел. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін өнер­кәсіптері артта қалған, өнімнің сапасы өте төмен болды. Кейін келе ондағы өнеркәсіпшілер өнім сапасы мен өндіріс тиімдігін арттыру жолдарын іздестірумен белсенді айналысты. Жапондық басқарушылар бүкіл әлем бойын­ша тәжірибелерді зерттеген. Бұл жаңа жүйе микродеңгейден басқа өнім өткізу нарығын бақылау, нарықтық коньюктураны талдау, сатудан кейінгі қызмет көрсетуден тұрады. Міне, бізде де дәл осындай терең талдау, үлкен жүйе керек. Жалғыз егін шаруашылығына емес, жалпы өнеркәсіпті, ішкі өнім­ді дамытуда мұндай тәжіри­беге сүйенген жөн. Жүйеден кет­кен қателіктен бірде бар, бірде жоқ күйді кешіп отырмыз.
Шетелдік технологияны енгіз­дік деп жатырмыз. Ол дұрыс та шы­ғар. Тек кейде одан ештеме өндіре алмай жататын кезіміз де бар. Мүмкін ол біздің климат жағ­дайымызға келмейтін шығар. Ол жа­ғын да қарау керек. Сырттан әкеп, уыстап егіп жатқанымызбен, одан жеткілікті дәрежеде өнімді ала алмауымыз да мүмкін. Сон­дық­тан көбіне елімізде өскен, будандастырылған сорттар­ға мән беруіміз керек. Бір сортты жер­сіндіру көп уақытты қажет етеді. Бұрын бұлай дайындауға біздің 7-8 жыл уақытымыз кететін еді. Қазір оны қалай болса, солай егіп отырмыз. Аса мән беріп, будан­дас­тырған сорт көп жыл бойы жақсы өнім беріп келеді.
Сұхбаттасқан
Гүлжан РАХМАН

Бөлісу: