СУАРМАЛЫ ЕГІНШІЛІКТЕ ОҢ СЕРПІН БАР

181
0
Бөлісу:

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2018 жылдың қазан айында агроөнеркәсіп кешенінің еңбек өнімділігін және қайта өңделген ауыл шаруашылығы өнімінің экспортын 2,5 есе көбейту туралы тапсырма берді. Осы жаңа міндет еліміздің су шаруашылығының басты стартегиялық мақсаты болып отыр.

Бүгінгі таңда Қазақстанның суармалы жерлерінің алқабы шамамен 1,4 млн гектарды құ­рай­ды (Өзбекстанда 4,2 млн гектар). Бұл Елбасының қойған міндет­теріне сәйкес ауыл шаруашылығын дамыту және республиканың азық-түлік қауіпсіздігін қам­тамасыз ету үшін жеткіліксіз. Осыған орай, Қазақ су шаруа­шы­лығы ҒЗИ жасаған есептеулері мен зерттеулерінің негізінде, Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Су ресурстары жөніндегі комитеті бұрын айналымнан шығып қалған 610 мың гектар суармалы жерді қалпына келтіріп, ауданы 1,5 млн гектар болатын жаңа жерлерді айналымға енгізіп, республикадағы суармалы алқапты 3,5 млн гектарға дейін жеткізуді көздеп отыр. Ал­дын ала жасалған есептеулер бойынша, мұнда өнімнің жалпы түсімі жылына 3,7 трлн теңгеден астам шаманы құрайды. Қойылған міндеттерді шешуде сурамалы егіншіліктің дамуында суды үнем­деу технологияларының пайда­ланылуы ерекше рөлге ие болаты­нын атап өту қажет. Қазіргі уақытта майда дисперсті жаңбырлату, тамшылатып суару және т.б. суару­дың суды үнемдеу технологиялары 180 мың гектар алқапта қолда­нылып жатыр. Біздің ұсыныстарға сәйкес, 2021 жылға қарай мұндай алқаптардың ауданын 250 мың гектарға дейін жеткізу жоспар­лануда. Бұл ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігін екі есеге дейін арттыра отырып, суарма судың қосымша көлемін алуға мүмкіндік береді. Осы мә­селелерді тиімді шешудің ажы­рамас бөлігі – су шаруашылығының ғылыми қатысуы және су шаруа­шылығы саласы үшін біліктілігі жоғары болатын мамандар дайын­дау. Бұл еліміздің агроөнеркәсіптік кешенінің әлеуметтік-экономи­калық тұрақтылығын және дамуын елеулі дәрежеде қамтамасыз етуге мүмкіншілік береді. Аталған мәселелерді суармалы егіншілікті дамытудың ғылыми-техникалық қолдауынсыз шешу мүмкін емес екенін атап өту қажет.
Қазақ су шаруашылығы ғы­лыми-зерттеу институты – Қа­зақстанның су ресурстарын бас­қару, жерлердің мелиорациясы мен суарылуы, ауыл шаруашы­лығын сумен қамтамасыздандыру және жайылымдарды суландыру, су шаруашылығының экономи­касы салаларындағы ғылыми-зерттеу жұмыстарын орындаудың 60 жылдық тәжірибесі бар жетек­ші ғылыми ұйым. Сонымен қатар институт суарудың және мелиора­цияның суды үнемдеу техноло­гияларын, жайылымдарды сулан­дырудың, су ресурстарының бас­қарылуын автоматтандырудың, суды есепке алудың, суды тарату­дың инновациялық техноло­гияларын жасап, ендіруде. Қазақ су шаруашылығы ҒЗИ су шаруа­шылығы саласындағы мемлекеттік бағдарламаларды жасауда бел­сенділік танытып, қатысуда. Атап өтсек, институт қызметкерлері суармалы алқаптарды 1,5 млн гектарға ұлғайтып, жалпы ауданын 3,5 млн гектарға дейін жеткізу бойынша дәйекті есептеулер жүргізді. Осы бағдарлама бойынша қажетті су ресурстары көлемінің қамтамасыз етуге мүмкін болатын және іздестірілетін барлық нұс­қасы зерттелді. Зерттеулердің көрсетуінше, 1 млн гектар алқапта суарудың суды үнемдеу техноло­гияларын ендіру барысында және осыған сәйкес Қазақстанның әртүрлі өңірі бойынша егістер құрылымын өзгерткен кезде, еліміз бойынша орташа өлшемді суармалау нормасы (мөлшері)
8640 м3/га-дан 5050 м3/га дейін тө­мендейді, яғни бұл су ресурс­тарының күтілетін тапшылығын едәуір азайтуға мүмкіндік береді. Бағдарлама бойынша жасалған ұсыныстар 2018 жылы күзде Үкі­метте қарастыруға беріліп, жел­тоқсан айында 2028 жылға дейін суармалы жерлерді дамыту жос­пары бекітілді. Бұл ұсынған көрсеткіштердің дұрысын және өзектігін көрсетеді. ҚазСШҒЗИ суарудың суды үнем­деу тех­нологияларын ендіру­ді (там­шылатып, жаңбырлатып, топырақ астымен суару және т.б.) ин­вестициялық субсидиялау бойынша есептеулер мен ұсы­ныстарды негіздеу шеңберінде үлкен жұмыс атқарды. Бұл 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап ауыл шаруашылығы тауар өн­дірушілеріне аталған техно­ло­гияларды пайдалануға берілетін қаражатты (субсидияны) өткен жылға қарағанда 2 есе артық көлемде алуға мүмкіншілік береді, яғни субсидия көлемі 25%-дан 50%-ға дейін өсті. Бұл суды үнем­деу технологияларын кеңінен ендіруге серпіліс береді және ауыл шаруашылығы өндірісінің рента­бельдігін арттырады. Институт қызметкерлері суды есепке алуды, суды таратуды автоматтандырудың өзекті мәселелерін шешуде. Мысалы, ҚазСШҒЗИ жасалған автоматтық режимде су деңгейін үздіксіз есепке алып, бақылаудың ДУВ 2/0,005-10 құралы 2017-2018 жылдары Түркістан және Жамбыл облыстарының 25 гидропос­ттарында ендірілді. Бұл суды 22-25%-ға дейін үнемдеуге мүмкіндік берді. Қазіргі кезде осы құрал мемлекеттік сынақтардан өт­кізіліп, кейіннен сериялы өндіріс үшін Қазақстанның мемлекеттік өлшеу құралдарының реестріне енгізілді. Біздің ұжым бірегей көпфункционалды жүйек жоталық сеялкасын жетілдіріп жасады. Аталған сеялка Қазақстанның ауыр топырақтарында ауыл шаруашылығы дақылдарын өсірудің жүйек жоталық және жүйек жоталық нөлдік техно­логиясын іске асыруға, тұқым себу мөлшерін 35-45%-ға дейін азайтуға, суарма суын 50%-ға дейін үнемдеуге мүмкіндік бе­реді. Бұл технология Қазақстан­ның оңтүстігінде жалпы ауданы 12 мың гектардан асатын алқапта ен­дірілді. Еліміздің Оңтүстік өңірінің фермерлерінен ҚазСШҒЗИ конс­трукциясының жүйек жоталық сеялкасына тапсырыстар көптеп түсіп жатыр. Дегенмен оның се­рия­лы өндірісі туралы мәселенің шешімі осы күнге дейін табыл­мады. Қа­зақстанның шалғайдағы мал ша­руа­шылығының жайылым­дары минералдығы әртүрлі болатын жерасты суларымен сипатталады. Көптеген жағдайда бұл су ауызсумен қамтама­сыз­дандыруға жарамсыз. Осыған байланысты біз минералданған жерасты суын тұшыландыру­дың технологиясын жасап, кейбір шаруашылықтарға ендірдік. Аталған технология фермерлік шаруашылықтарды ауызсумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Қазіргі кезде минералдан­ған суды тұшы­ландырудың жа­салған қондыр­ғылары Жамбыл облысының отарлық мал шаруа­шылығымен айналысатын шаруа­шы­лықт­а­рында қолданылуда. Біздің есеп­теулердің көрсетуінше, Қа­зақстанның тек қана оңтүстік облыстарында минералданған жерасты суы бар 400 мың гектар (100 құдық) жерде малдың өсірілуі, осы жердің жайылымдар ай­налымына енгізілуі, 20 млрд тең­геден асатын ет өнімін өндіруге мүмкіндік береді.
Адам басына шаққандағы су ресурстарының көлемі бойынша Қазақстан дүниежүзі бойынша ең жоғары орынға (адам басына 5 мың текше метрден астам, са­лыстыру үшін – Өзбекстанда және Түрменстанда шамамен 2 мың текше метрден, Израилде – 0,7 мың текше мерт) ие болғанмен, жер беті суларының тапшылы­ғының өсу қаупі жақын арада күн тәртібінің шиеленіскен күрделі мәселесіне айналуы мүмкін. Соның ішінде, әсіресе, Орталық Қазақстандағы өсіп жатқан су мұқтажын қанағаттандыру үшін бұл, ең алдымен, бассейнаралық су ағынын бұрып жөнелтуді қажет етеді. Осы мәселені шешуде біздің мамандар белсенді түрде атса­лысуға дайын.

Нұрлан БАЛҒАБАЕВ,
Қазақ су шаруашылығы ҒЗИ бас директоры,
Сагит ИБАТУЛЛИН,
Гидротехникалық құрылымдардың қауіпсіздігі
Халықаралық оқу орталығының директоры

Бөлісу: